BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Әсет Бейісов: Қазақстан мен Ресей форумы – туризмге тың серпін беретініне сенімдімін

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХV форумы көпшілік назарын өзіне аудартты. Алыс-жақын шетелдердің өкілдері қасиетті Қызылжарға ағылды. Құтты қонақтардың қатарында түрлі салалардың мамандары бар. Ресей Федерациясы федералдық ұлттық-мәдени автономиясы атқару комитетінің мүшесі Әсет Бейісов те тарихи оқиғаны өз көзімен көріп, қатысуды мақсат еткендердің бірі. Ресейден келген қандасымыздың тарихи Отанындағы туризм саласының дамуы жайындағы пікірін білдік.

«Қазақстан мен Ресейді байланыстыратын факторлар өте көп. Тағдыр қос елді жер шарында көрші қылып ораналастырғандықтан, тату тұрмасқа қақымыз жоқ. Ежелден ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ынтымақтастығымыз жаңа деңгейде дами бастады. Орталық Азияның көшбасшысы ретінде Қазақстан қай салада болмасын толағай табыстарға жеткенін көріп отырмыз. Соның ішінде туризм мол пайда әкелетіні анық.

Таза ауасы, тұнық көлдері, саялы ормандары, асқар таулары бар елдің туризмнен табысқа кенелмеуі мүмкін емес. Жыл сайын жазда ресейліктер демалу үшін Қазақстанға қарай ағылатынын көріп жүрміз. Өзім тұрып жатқан Қорған облысының тұрғындары соңғы уақытта Солтүстік Қазақстан облысының жауһары саналатын Имантау-Шалқар демалыс аумағына баруды әдетке айналдырды. Шетелдің мақтаулы курорттарынан көп айырмашылығы жоқ. Ал табиғатының көркемдігі жағынан көбінің алдын орап кетеді. Ал Бурабайды ресейліктерге жарнамалаудың қажеті жоқ. Әлемге аты мәшһүр бұл курорт көрген адамды тамсандырмай қоймайды.

Қазақстанның тарихы өте бай мемлекет. Археологиялық қазбалар нәтижесінде көне қалалар табылғанын білеміз. Бұл тарихи-танымдық туризмді дамытуға жол ашары анық. Жылқы малын алғаш қолға үйреткен аймақ ретінде ғалымдар мойындаған Ботай қонысына бармай кету мүмкін емес. Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы бұл салаға тың серпін береді деп сенемін», – деді Ресей Федерациясы федералдық ұлттық-мәдени автономиясы атқару комитетінің мүшесі Әсет Бейісов

Кеше Петропавлда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтетін екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық форумы басталғанын хабарлағанбыз.

Петропавлда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастықтың ХV форумы аясында туризмнің түрлі салаларын қамтитын 17 меморандумға қол қойылды.

Форум аясында Қазақстан мен Ресей туристік көрмесі өтті.

Бірнеше күн бойы жалғасатын шараға Қазақстанның барлық өңірі мен Ресейдің 10 облысынан 40 экспонент қатысуда. Екі жылда Қазақстанға Ресейден келетін туристер саны екі есе артқаны белгілі болды.

Сонымен қатар, екі елдің өнер ұжымдары қатысқан «Достық көпірі» атты гала-концерт өтті. Солтүстік Қазақстан, Омбы, Қорған, Түмен облыстарының ұжымдары мен жеке орындаушылары халық алдында 3 сағат бойы өнер көрсетті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер