BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Ақмолада экскурсоводтардың жұмысы қатаң қадағаланады

Фото: интернеттен

Ақмола өңіріндегі экскурсоводтардың жұмыс сапасы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бұл туралы Бурабайда жергілікті зиялы қауым өкілдерінің бастамасымен туризм саласындағы экскурсиялық жұмыстарды ұйымдастыру мәселесіне арналған семинар барысында мәлім болды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Шараның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезектің биылғы жылдың 29 тамызында Бурабайда өткен "Ақ ордалы Астана" xалықаралық поэзия фестивалі жөніндегі фейсбуктегі жазбасы түрткі болды.

«...Біз тоқтаған қонақ үйдің әкімшілігі фестивальге қатысушыларды автобусқа мінгізіп Бурабайды аралатты. Экскурсия мәтінінің ұзын-ырғасы былай. Аңыз айтып отыр баяғы: Злой и жестокий правитель Қасым xан бүйткен-сөйткен деген әңгімені оңды-солды боратсын. Сосын бұл жерде үш жүздің басын қосып, қазақ xалқын Ресейге қосып аман алып қалған Абылай xан деген кісі өмір сүрген деп төбемізден жай түсірді. "Боровое" деген сөз орыстың "Бор" деген сөзінен туындапты-мыс. Ал, осы Көкшетау, Ақмола дегендеріңіз Ресейдің оңтүстік бекеттері екен», – деп жазды ақын Ақберен Елгезек өзінің парақшасында.

Осы орайда ақын Ақберен Елгезек облыс басшылығынан Бурабайда жұмыс істеп жатқан қонақ үй, демалыс үйлері, санаторийлердің экскурсиялық бағдарламаларын тексеруді және оларға ұлттық мүддеге негізделген, ғылыми сараптамадан өткен, ортақ экскурсия мәтіндерімен қамтамасыз етуді талап еткен болатын.

Семинарға қатысушылар өңірдегі экскурсоводтар мен гидтердің жұмысын қатаң сынға алды. Зиялы қауым өкілдері ел-жер тарихына қатысты шындыққа жанаспайтын жалған мәліметтер беріліп жүргенін айтты.

«Бурабайға жыл сайын миллиондаған турист келеді. Курортты аймақта көптеген саяси, мәдени, ғылыми шаралар өтеді. Шетелдіктерді айтпағанда, осындай сорақы дүниелерді естіген жастарда тарихымыз жайлы жалған, теріс пікір қалыптаспасына кім кепіл», - дейді Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат.

Ақын Мерген Тоқсанбай кеңестік дәуірде шовинистік бағытта жазылған экскурсиялық мәтіндер әлі өзгермегенін ашына баяндады.

«Жасырары жоқ, Қасым ханды жауыз деп, тау-тастың аттарын пьяный ежик, слоник деп айтып жүрген экскурсоводтар әлі де бары ашындырады. Көкшетаудың қалам ұстап жүрген жастары экскурсоводтар оқитын мәтінді дұрыстап жазып береміз. Бурабайда 80 демалыс орны бар. Аңызға айналған жерлер жайлы әдемі клип түсіруге де болады», - дейді Мерген Тоқсанбай.

Шара барысында экскурсиялардың міндетті түрде үш тілде ұйымдастырылуын, ол үшін университет қабырғасында экскурсия жетекшілері мен гидтерді арнайы бағдарлама арқылы толық дайындайтын орталық ашу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова алдағы уақытта туризм саласындағы ұйымдастыру жұмысын жетілдіру мақсатында кешенді әрі жоспарлы іс-шаралар қолға алынатынын жеткізді.

«Бұдан былай ғалымдар мен тарихшылар, тілшілер қауымы өңірлік гидтер пайдаланатын мәтіндердің мазмұнын қадағалайтын болады. Турфирмалар ұлттық мүддеге негізделген, ғылыми сараптамадан өткен экскурсия мәтіндерімен қамтамасыз етіледі. Осы мәселелердің жүйелі түрде жүзеге асуы тікелей бақылауға алынады», - деді Айна Мысырәлімова.

Бурабайға қатысты аңыз-әңгімелерді бұрмалап айтқан экскурсоводтың ұятты жағдайы енді қайталанбас үшін облыстық туризм басқармасы мен туристік қызмет көрсететін фирма өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер