BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

«Цифрлық жаз 2018» бағдарламасы арқылы жас IT мамандары ұлттық компанияларға жұмысқа орналасады

Бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен қоржынды компаниялар басшыларының қатысуымен «Цифрлық жаз – 2018» тағылымдама бағдарламасының салтанатты ашылуы өтті. Бағдарламаға іріктеліп алынған 72 жас маман тағылымдамадан өту арқылы компаниялардың біріне жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

2018 жылдың 6 маусымында жаңа HR-тұжырымдамасына сәйкес «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ мен қоржынды компаниялар бірлесіп, IT саласындағы жас мамандарды болашақта өз мекемелеріне жұмысқа алу мақсатымен «Цифрлық жаз – 2018» тағылымдама бағдарламасын іске қосты.

Бағдарламаға өтінім берген жастардың саны 2100-ге жетіп, олардың 500-і IT білімін тексеру сынағынан өтті. Ал тағылымдамаға 72 жас маман шақырылды.

«Цифрлық жаз – 2018» бағдарламасын бастаудағы мақсатымыз бірінші жас мамандарды табу, оларды жұмысқа алып, әрбір мекемелерде өз салалары бойынша бизнес процесіне үйрету. Цифрландыру бойынша қазір әрбір мекемелерге көп IT мамандар қажет болып отыр. 2000-дай адамды қарап өттік, соның ішінен 70-тен астам жас іріктеу кезеңіне өтті. Әрбірі қоржынды компанияларға тағылымдамадан өтуге шақырылды. Курс нәтижесінен соң компаниялар үздік мамандарды жұмысқа алуы мүмкін», - деді «ҚазМұнайГаз» компаниясы IT департаментінің басшысы Тимур Тұрсынбаев.

Ол қазақстандық компанияларға бизнес архитектор, прожект менеджер, бизнес аналитик секілді IT мамандары жетіспейтінін атап өтті. Қазақстанда осы секілді мамандықтар оқытылмайтын болған соң компаниялар мұндай мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр болып отыр.

«ЖОО-мен бірлесе осы жұмысты жалғастырып, келер 2-3 жылда басқа да жас мамандарды іздеп, оларды цифрландыру бойынша жобаларға дайындап шығаруымыз қажет. Жастардың резюмесін қарап, мотивациялық хаттарын оқып шықтық. Осы 100-дей адамның ішінен дарынды адамдар табылып, әрі қарай ұлттық компанияларда жұмыс істеп кетеді деген ойдамын», - деді ол.

Айта кетсек, бұл бағдарламаны ешкім қаржыландырмайды. «Самұрық-Қазына» қорының ішіндегі әрбір ұлттық компания өздеріне қажетті мамандарды дайындап шығарады. Тұрсынбаевтың айтуынша, алдағы 5-10 жыл ішінде бүкіл Қазақстан компанияларына IT мамандары қажет болады. Өкінішке қарай, осындай бағдарламалардың жоқтығынан жас мамандар шетелге кетіп жатыр. Ал «Цифрлық жаз - 2018» тағылымдамасы жас мамандарымызға ұлттық мекемелерде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Тағылымдама қатысушылары ORACLE, HUAWEI, CISCO, KASPERSKY, MICROSOFT, SAP секілді IT саласындағы жетекші компаниялардың семинарына қатысып, деректер базасы, серверлер конфигурациясы мен деректерді сақтау жүйесі, бағдарлау және коммутация негіздері, ІоТ негіздері, ақпараттық қауіпсіздік әліппесі, киберқауіпсіздік, апликэйшн құрастырудың жалпы қағидалары, құрастырушыларға арналған жасанды интеллект, корпоративті және SAP архитектурасы негіздері, бұлтты есептеу және гибридті инфрақұрылым, бизнес-аналитика секілді курстардан өтеді.

Әр қатысушының жанында бір ментор болады. Менторлар жас мамандарды тағылымдамадан өту кезінде оларға мақсаттарын айқындауға көмектесіп, мотивация және бағыт-бағдар беріп, әрқайсысының бағдарламада көрсеткен нәтижелерін шығаратын болады. Ал Астанаға келе алмайтын өңірлерден қатысушылар семинарларға онлайн қатысып, компаниялардың виртуалды лабораториярына кіре алады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер