BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

«Цифрлық Қазақстан» – жемқорлықтың алдын алудың бір тетігі

«Түйенің үлкені көпірде таяқ жейді» деген сөз бар қазақта. Сол секілді қазақ даласының ұлан-ғайыр кеңдігі де технологияны меңгеруде өз кедергісін келтіріп отыр. Әрине, бұл Алтайдан Атырауға дейін созылған кең-байтақ даламызға деген ренішіміз емес екені анық. Алайда, Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған цифрландыру бағдарламасы аясында бұның да өз шешімін таптық. Бүгін сондай сәттің куәсі болып қайттық, деп жазады Baq.kz тілшісі.

Астанадан тура 80 шақырым жерде қазіргі қоғамда ауыл адамына керектінің барлығы бар, барлығы қамтылған шағын ғана ауыл бар. Ол ауылдың аты - Родина. Еліміздегі ең алдынғы қатарда дамыған бұл елді мекенде 1700-ден астам халық өмір сүріп жатыр. Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты болғандықтан аудан орталығы Ақмол кентінен 100 шақырымға таяу алыста орналасқан. Ал қазіргі таңда әрбір қимылыңыз үшін, тіпті әр басқан қадамыңыз үшін анықтама алу керек. Ол үшін әр бір адам аудан орталығына баруға мәжбүр. Бұл мәжбүрлік еліміздегі көптеген ауылда бар десек артық айтқанымыз емес.

Халықты осы мәжбүрліктен құтқарудың бір ғана жолы – жаппай цифрландыруға көшіру. Ол үшін әр ауылда интернет қолжетімді болуы керек. Бұл тұрғыда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің есеп беру кездесуінде:

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мәтініне оны жүзеге асыру бөлігі бойынша бірқатар толықтыру енгізілді. Осылайша, бағдарлама 2018 жылдан 2022 жылдарға дейінгі кезеңді қамти отырып, ел экономикасының технологиялық жаңғыруына серпін бермек», - деген болатын.

Және осы мақсатқа 169 млрд теңге қарастырылатынын да айтқан еді.

Ал бүгін Родина ауылында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен арнайы семинар-тренинг өтті. Онда мамандар ауыл тұрғындарына электронды үкімет порталын қалай пайдалану керектігін, қарапайым ғана ұялы телефон арқылы мекен-жай анықтамасы, «форма-2» анықтамасы қатарлы 30-ға жуық түрлі анықтаманы қалай алуға болатынын түсіндіріп, бұған дейін тапсырыс берген ауыл тұрғындарына электрондық қолтаңбаларын табыс етті.

«Мен бүгін өзіме электрондық қолтаңба алдым. Бұл мен үшін өте ыңғайлы болды. Біріншіден, менің түсінгенім бойынша, барлығымыз да тіркелуіміз керек. Бұл сандалып ЦОН-ға (ХҚКО) барып, одан қалса бір жапырақ қағаз үшін аудан орталығына ат сабылтып жүргеннен жеңіл. Екіншіден уақыт пен ақшаңды үнемдеуге мол мүмкіндік береді. Родинадағы қариялардың арасында бірінші болып мен электрондық қолтаңбаға ие болып отырмын. Бұл арқылы мен қалада оқып жатқан немеремнің қайда тіркеліп, қай банкке қанша қаржы салғанын да біле алады екенмін», - дейді Любовь Владимировна есімді зейнеткер.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев осы қызметке келгеннен кейін барлық мемлекеттік қызметкерге үндеу жариялап, жемқорлықпен күресуді әркім өзінен бастауды тапсырған. Бүгінгі шараның бір қыры осы мәселеге де келіп тіреледі.

«Елбасы өз Жолдауында халқымыздың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыты бойынша тапсырма берді. Соның негізінде агенттік тиісті шараларды жүргізіп жатыр. Агенттік төрағасы Алик Жатқамбайұлының ұсынысымен барлық мемлекеттік қызметші электрондық цифрлық қолтаңбаны алды. Бүгінгі таңда біз құқық қорғау органдарының, әскери сала мамандары, т.б. бюджеттік сала қызметкерлеріне қатысты осы жұмысты жүргізіп жатырмыз. Соған орай ірі қалаларда, облыс орталықтарында цифрландыру процесі жүріп жатыр.

Ендігі біздің міндетіміз - ауылдық жерлердегі тұрғындарды да қамтуды қолға алу. Ауыл тұрғындарын цифрландыруда бірқатар қиындық бар. Мысалы, қазір біз келіп тұрған Родина ауылында ХҚКО жоқ. Сондықтан да біз бүгін халыққа цифрлық қолтаңбамен, электрондық порталмен қалай жұмыс істеуге болатынын, сонымен қатар, электрондық цифрлық қолтаңбаны берудің нәтижесінде олардың кез келген мемлекеттік қызметке жүгіну барысында қандай мүмкіндіктерге қол жеткізуіне болатынын түсіндірдік. Ал біздің негізгі көздеген мақсатымыздың бірі жемқорлықты азайту. Мысалы, ХҚКО-ға барып немесе басқа жерде мемлекеттік қызмет алушы мен мемлекеттік қызметті ұсынушы байланысқа түседі. Мұндайда жемқорлыққа жол беру көп кездеседі. Ал цифрлық қолтаңба арқылы мемлекеттік қызметті тұтыну барысында мұндай әрекеттерге жол берілмейді», - дейді Мемлекеттік қызмет департаменті директорының орынбасары Расул Медетов.

Родина ауылдық окургінің әкімі Белла Газдиеваның айтуына қарағанда ауылда жұмыссыз адам жоқ. Барлығы да өздеріне тиесілі қызметпен айналысады. Мектеп, аурухана, балабақша, мәдениет үй барлығы да жұмыс істеп тұр.

«Халықтың көбі «Родина» ЖШС-де қызмет атқарады. Бізге барлық жағдайды жасап беріп отырған осы мекеме деуімізге болады. Елімізге танымал «Родина» маркасымен сүт өнімдерін шығаратын бұл серіктестікте ауыл тұрғындарының 70 пайызы жұмыс істейді. Бұл жерде бір нанның бағасы 40 теңге. Ауылда тек іскер азаматтар тұрады десем болады», - дейді Қазақстанның 100 жаңа есімінің қатарына кірген жас әкім.

Ауылдың ішкі инфрақұрлымы түгелдей орталықтандырылған, аурухана ауыл тұрғындары үшін тегін, 500 балаға арналған мектепте үш ауылдың баласын қосқанда 300-ге жуық бала оқиды екен. Іштей «Қазақстанның әр ауылын дәл осы Родинадай болса ғой» деп армандап қойдық.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер