BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 372.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Мүгедектікті белгілеу рәсімдері жеңілдетіледі

Фото: neinvalid.ru

Еліміздегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында алдағы уақытта мүгедектікті белгілеу шаралары да жеңілдетіледі. Бұл жөнінде бүгін өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат тілшісі.

«Өткен жылы біз мүгедектік бойынша композиттік қызметті сәтті енгізген болатынбыз. Бұған дейін бұл рәсім былайша өтетін: азамат немесе азаматша медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге келеді, оған мүгедектік белгілейді, ол осы анықтаманы және қосымша құжаттарды мемлекеттік корпорацияға барып өткізеді, содан кейін оған 8 жұмыс күні ішінде мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындайды. Яғни, ол адамның біршама әуреленіп, біраз жерге баруы қажет болатын. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, біз мүгедектігі немесе еңбек қабілеттілігін жоғалтуын белгілеуге байланысты тиісті шараларды жеңілдетуді қолға алдық. Яғни, адамның медициналық-әлеуметтік сараптамаға келуін талап етпейтін боламыз. Біз мұндай жүріс-тұрысты жоққа шығарамыз. Егер ол емханада толық тексеруден өтсе және емхана оның мүмкіндігін жоғалтқаны және денсаулығы алдағы уақытта түзелмейтіні туралы шешім шығарып, 88 үлгіні толтырып, оны бізге жолдайды. Ал емделушінің келу қажеттілігі болмайды. Біз осы процесті Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін іске асыруымыз қажет», - деп бөлісті вице-министр.

С.Жақыпова осы мақсатта алдағы аптада Қарағанды облысына жол жүретінін айтты, себебі қазіргі таңда пилоттық жоба тек көмір кентінде ғана жүзеге асырылады.

«Пилоттық жоба, анығырақ айтсақ, пилоттық аймақ ретінде Қарағанды облысы белгіленді. Ақпараттық жүйелердің Денсаулық сақтау министрлігіне барлық мәліметтерді цифрланған түрде жолдау мүмкіндігі тек Қарағандыда бар. Қазір барлық нормативтік-техникалық құжаттамалар дайын. Осы режимде мамыр айынан бастап Қарағандыда жұмыс жасайтын боламыз. Пилоттық режим бір ай жүретін болады. Маусым, шілде айларынан бастап емделушінің келуін талап етпейтін тәртіпте жұмыс жасалады», - деді ол.

Вице-министр сөз соңында Қарағандыдағы №3 емханада медициналық тексеру мен зерттеулер жүргізетін барлық жабдық ақпараттық жүйелерге қосылғанын айтып, мұндай дайындық еліміздегі барлық емханаларда болуы тиіс екенін атап өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер