BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

«Көзбен болжау», «есте сақтау», «интуицияға сену» әдістерінен арылатын кез жетті  – агроном

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы «Атамекен-Агро» акционерлік қоғамы әлемге танымал «ақылды» технологияларды ауыл шаруашылығында пайдалана отырып, егістік алқабындағы жұмысты жеңілдетуге тырысуда.

Өз жұмысын 2004 жылы бастаған «Атамекен-Агро» акционерлік қоғамы еліміздегі 15 ірі озық кәсіпорындардың қатарында. Компания құрамына өсімдік, мал шаруашылықтары және оны өңдеумен айналысатын 15 кәсіпорын кіреді. Жер қоры 431075 га. Оның 327 620 гектары егістік жерлер.

Компанияда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларға айрықша басымдық берілген. «Ақылды технологиялардың» ауыл шаруашылығына берер пайдасы мол екенін айтады компания мамандары. Соңғы төрт жылда компанияда еңбек өнімділігі 2 есеге артқан.

«Бұрын барлық жұмыс қолмен атқарылатын. Қазір бәрі түгел автоматтандырылған. «Agroplan» бағдарламасы бойынша тек мәліметтерді енгіземіз, ал бұл экономистердің жұмысын жеңілдетті. «Geoss» жүйесі арқылы кеңседен шықпай-ақ спутниктік сараптама ала аламыз. Бағдарлама мониторингті өзі жүргізеді. Біздің агрономдар спутниктік түсірілімдер мен метеорологиялық мәліметтер негізінде интерактивті карта, кесте көмегімен қашықтан бақылай алады. Алынған ақпараттар егістік алқаптарындағы проблемалық учаскелерді шұғыл анықтауға көмектеседі. Өйткені агроном мен бригадир бір күннің ішінде барлық алқапты түгел аралап шыға алмайды. Суретте қауіпті аумақтар қызық түспен белгіленіп тұрады», – дейді «Атамекен-Агро» компаниясының бас агрономы міндетін атқарушы Константин Губанов.

Цифрландыру технологияларын қолдану ауа райының болжамын біліп отыруға, спутниктік мәліметтердің талдауын, егін шығымдылығының тарихын біліп отыруға мүмкіндік беретінін айтады маман.

«Осы орайда басқару жүйесін толық автоматтандыру қажеттігін түсіндік. 2014 жылдан бастап компания ауыл шаруашылығы өндірісін басқаруды автоматтандыру бойынша техникалық мүмкіндіктерді зерттеуге кірісті. 2015 жылы жерді қашықтықтан бақылау және спутниктік мониторинг жүйесі енгізілді. Пилоттық жобалар қолға алынып, ресейлік, шетелдік компаниялардың бағдарламалары енгізілді. Бұл жобалар шетелдік бағдарламалардың біздің еңбек жағдайына сәйкес еместігін байқатты. Оқыту жүйесі күрделі жағдайда өтті, әрі қымбатқа түсті. Осыған орай 2016 жылы қазақстандық «Agrostream» компаниясымен бірлесіп «Агроофис» деп аталатын ауыл шаруашылығы өндірісін басқарудың бірыңғай жүйесін жасадық. 2017 жылы ауыл шурашылығы техникаларына мониторинг жүргізу және агротехникалық үдерістерді бақылау үшін «Agrofact», астықтың сақталуы мен өңделуін бақылау үшін «Астық балансы» модульдері енгізілді», – дейді Константин Губанов.

Уақыт көшінен қалмауды мақсат еткен компанияда техника күші жеткілікті. Қазіргі уақытта 1100 бірліктен аса ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Сыйымдылығы 552 мың тонналық астық сақтауға арналған инфрақұрылыммен жарақталған. Шаруашылықтағы көлік құралдарына да есептеу құралдары орнатылған.

«Былтыр астық тасымалдаудың карточкалық жүйесі енгізілді. Компанияға тиесілі барлық шаруашылықтар арнайы датчиктермен жабдықталды. Жұмыс процесі спутниктік жүйе арқылы бақыланады. Түсіргіш иірмек, дестелегіш, қосымша тетіктердің қосылуы, жанар-жағармайды бақылауға мүмкіндік береді. Көлік жүргізушісі де арнайы картаны қолданады. Астық тасымалдауда комбайндарға да осындай қондырғы орнатылған. Осы жүйе арқылы атқарылған жұмыс барысы бақыланып отырады», – дейді К.Губанов.

Бүгінде барлық шаруа қожалықтары АҚШ, Канададан, Еуропадан алынған жаңа ауыл шаруашылық техникаларымен жабдықталған, астық қабылдау пункттері сатып алынған, жаңа мехтоқтар салынуда. Олардың өнімдері елімізбен қатар, шет мемлекеттерге сатылуда. Шаруашылықтарда бидай, сұлы, зығыр, бұршақ, жүгері сияқты дәнді дақылдар егіледі.

Бейнекамералар, датчиктер, метеостанциялар, жаңа техникалар көмегімен еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік мол.

«Бүгінде «көзбен болжау», «есте сақтау», «интуицияға сену» әдістерінен арылатын кез жетті. Қазір есепші баяғыдай ауызша есептеп отырмайды. Шаруашылықтарда электронды карта арқылы онлайн-мониторинг жүргізіліп, себу, орақ науқанына бақылау жасалады. Бір сөзбен электронды картаны агрономның қойын дәптері деуге де болады. Бұл жұмысты барынша жеңілдетеді. Жаңа жүйе арқылы егістік алқаптарын, барлық қағаз құжаттарды цифрландыруға, тіпті ескі құжаттарды да қалпына келтіруге болады Бұған дейін диқандардың топырақ құнарлылығын анықтайтын мүмкіндігі болмаса, енді цифрлы технологияның арқасында егіс жүйесіндегі жұмыстарды алдын ала біліп отырады», – дейді агроном Константин Губанов.

Бірыңғай басқау жүйесі 4 модульден тұрады. «Agroplan» – технологиялық карта, мәліметтер, бюджетке есеп жүргізуді автоматтандыру үшін жасалған. Бұл компанияға жұмыс жоспарын тиімді, дұрыс жоспарлауға көмектеседі. «Agrofact» модулі спутниктік мониторинг арқылы техниканы бақылауға, тұқым мен химиялық тыңайтқышқа есеп жүргізуге мүмкіндік береді. «Астық балансы» модулі егістік алқабынан элеваторға дейінгі жұмыстар, астық сапасы мен сақталуына бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. «Agromar» мобильді қосымшасы агрономға егістік тарихы, химкарта, метеокарта туралы есеп жүргізуге көмекші құрал.

«Механизаторлар компьютермен басқарылатын техникаларды жедел меңгеруде. астықтың мөлшері мен сапасы электронды түрде бақыланады. Құжаттар электронды түрде толтырылып, ауыл шаруашылығы техникаларының есебі де осы жүйемен жүргізіледі. «GPS» құрылғылары бар комбайндарда бидайдың салмағы мен сапасы монитор арқылы көрсетіледі. Жанар-жағармай шығыны да нақты есептеледі. Бұрын гербицид алқаптарға тұтас шашылатын. Енді техникаға навигациялық қондырғылар орнатылғалы шығын көлемі 20-25 % дейін азайтылды. Комбайндар мен тракторларға арнайы бағдарламалары бар планшеттер қойылған», – дейді агроном.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер