BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Қазақстанның сот жүйесі заманауи технологиялардың көмегімен жаңғыртылуда

Фото: ашық дереккөзден

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов сот жүйесіндегі алғашқы қадамын жұртшылықты ашық диалогқа шақырудан бастады. Бүгінгі күнге дейін осындай үндеу хаттардың төртеуі жарияланды. Жаңа Төраға әріптес­теріне арнаған «Атқарылғаны аз емес, бірге жалғас­тырайық!» атты үндеуінде судьялар мен сот қызметкерлерін сот төрелігінің жүйелі әрі түйткілді мәселелерін шешу бойынша ашық диалог орнатуға шақырды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі zanmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Адвокаттар мен прокурорларға бағытталған екінші үндеуінде сот жү­йесін бірлесіп жақсарту, сот төрелігін неғұрлым түсінікті, қолжетімді әрі әділетті ету идеясы ұсынылды. Жақып Асановтың «Не атқарып жатырмыз, не үшін?» деген үшінші үндеуі де әріптес­теріне арналды. Онда жоғары сот органының басшысы сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша басталған ауқымды жұмыстың ағымдағы жағдайына талдау жасап, қандай міндеттерді бірінші кезекте атқару қажеттігіне тоқталған. Жалпы алғанда, үндеулер бойынша ой қосуға мүдделі әрбір адам өз ұсынысы мен талап-тілектерін Жоғарғы Сот төрағасының жеке поштасына өзіне ыңғайлы түрде жолдай алады.

Коммуникацияның мұндай түрі көп ұзамай өз нәтижесін берді. Судьялардан, адвокаттардан, сот қызметкерлерінен, заңгерлік қауымдастықтан мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Оларды қорыту нәтижесінде сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндет («ірі түйіндер») анықталды. Жақып Қажыманұлы оларды 2018 жылғы 26 қаңтарда сот төрелігінің қорытындылары талқыланған кеңейтілген кеңесте жариялаған болатын.

Бұдан әрі судьялар мен сот қызметкерлерінен құрылған жеті топ құрылды. Жұмысқа адвокаттар белсенді түрде қатыса бастады. Олар сот төрелігінің жүйелі мәселелері бойынша шешімдерді әзірлеуге кірісті. Осы ұсыныстар «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» секілді жеті топқа біріктірілді. Соттардың жаңа коммуникациялық стратегиясын әзірлеу жұмысы жеке бағыт бойынша жүргізілуде. Тұтастай алғанда, аталған жобалар негізгі ортақ міндет – қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға бағдарланған.

Жұмыс жобалық менеджмент бо­йынша жүргізілуде. Қазіргі таңда бас­тама көтеру және жоспарлау кезеңі аяқталды. Осы бағыттағы барлық құжаттар Жоғарғы Соттың сайтына орналастырылған. Бұған жобалардың жарғылары, логикалық шешімдері, иерархиялық құрылымдары, оларды 2018 жылы іске асырудың күнтізбелік кестелері жатады. Кез келген адам осы жобалар бойынша өз ұсыныстарын енгізе алады. Сәуірдің соңында келісу кезеңі аяқталған соң жобаларды іске асыру басталады. Іс-шаралардың жүзеге асырылу барысына Бас судьяның өзі қатысып, жұмыстың аяқ алысын тікелей бақылауына алады. Жеті жоба 2020 жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізін құрамақ.

Жүргізілген жұмыс Жоғарғы Сот төрағасының төртінші үндеуін әзірлеу қажеттігін көрсетті. Бұл жолғы үндеу сот процестерінің барлық қатысушыларына арналған. Ашық хатта қоғамдағы татуластыру рәсімдерінің рөлін бағамдау, дауларды шешу барысында олардың маңыздылығы мен функционалдылығын арттыру қажеттігі айтылған. Шиеленістерді еңсеру дағдылары мен көптеген қоғамдық институттарды нығайту – татуласу мәдениетін қалыптастырудың кепілі.

Дамыған елдерде даулардың 70-90 пайызы сотта татуласумен аяқталады. Қазақтың билер сотының көздегені де тараптарды татуластыру болатын. Міне, осыдан келіп «дау мұраты – біту» деген қанатты сөз қалған. Бізде бітімге келу рәсімі қаншалықты дамыған? Бітімгершілік рәсімдерді енгізудегі негізгі мәселе неде? Бітімгершілік тәсілдерінің рөлі мен қолдану деңгейін арттыру үшін не істеу керек? Төрағаның төртінші үндеуі, міне, дәл осы мәселелерге арналған.

Қызмет санмен емес, сапамен бағаланады

Судьялардың кеңейтілген отырысында Жақып Асанов сот саласында көрсеткіш қуу секілді теріс ағым белең алғанын атап көрсеткен болатын. Қолға алынған жұмыс осы рейтингті жоюға бағытталып отыр. Биылғы жылдың 15 наурызында Жоғарғы Сотта бейнебайланыс арқылы кеңес өтіп, онда сот қызметі рейтингісінің қажеттілігі мәселесі қаралды. Негі­зі­нен жергілікті соттардың жұмыс сапасын бақылауға арналған бұл үрдіс 2011 жылы басталып, оған 2016 жылы өзгеріс енгізілген болатын. Соттар жұмысы барлығы 9 көрсеткіш бо­йын­ша ба­­ға­­ланып келді. Оның ішінде облыстық сот төрағаларының жүктемесі, бітімгершілік рәсімдерді, аудио-бейнетіркеуді қолдану талаптары бар.

Тұтастай алғанда, рейтингті шығару шеңберінде соттардың жұмыс нәтижелері айқындалып, өңірлік соттардың қызметіне баға беріліп келеді. Аталмыш кеңесте осы мәселе жан-жақты талқыланды. Ақылтай Қасымов, Денис Шиип, Роза Жакудина сынды тәжірибелі судьялардан құралған топ сот рейтингісін сақтаудың оң-терістігіне қатысты жасаған зерттеу қорытындыларын ортаға салып, ары қарай одан бас тарту туралы ұсыныс білдірді. Мәселені талқылауға барлық судьялар белсене үлес қосты. Рейтингтік жүйенің олқылығы ретінде көрсеткіштерге қол жеткізу үшін оларды әдейілеп көтермелеу фактілерінің орын алғаны айтылды.

Судьялардың медиация көрсеткіштерін арттыру үшін талап арыздар санын көтергені белгілі болды. Рейтингті сақтаудың қажеттігіне қатыс­ты ешқандай дәлелдер айтылмады. Кеңес барысында рейтинг көптеген көрсеткіштер бойынша бар болғаны статистика деген тұжырым жасалды. Осыған байланысты статистикамен жұмыс істеудің және талдау шараларының сапасын арттырудың қажеттігі айтылып, соттар рейтингісін алып тас­тап, статистиканы жақсарту жөнінде шешім қабылданды. Сонымен қатар, кеңес аясында әр судьяның дербес жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Оның жұмысы әділ сот төрелігін қалай жүзеге асыратыны, қандай қателіктер жіберетініне қарай бағаланып, мансаптық сатыдағы өсу жолы айқындалатын болады. Бүгінгі таңда дербес бағалаудың нақты жүйесі дайындалып жатыр. Онда судьяның сот төрелігін жүзеге асыру сапасы, жүктемесі, нормативтік қаулыларды дайындауға қатысу деңгейі қамтылмақ.

Шешім түсінікті болуы тиіс

Жоғарғы Сот қолға алған тағы бір маңызды қадам – сот шешімдерін түсіндіру. Осы мәселеге қатысты нормативтік қаулыға енгізілген өзгеріс­­тер­ді талқылау алғаш рет тікелей эфирде жүріп, оны ғаламтор арқылы сол сәтте он мыңнан аса адам тамашалады. Осы қадамымен Жоғарғы Сот өз жұмысының барынша ашықтығын, адамдардың сот жүйесінде қандай шаралар қабылданып жатқанын көріп, түсінуі қажеттігін көрсеткенін атап айту орынды.

Жоғарғы Соттың кеңейтілген ке­ңе­сінде Жақып Асанов: «Сот актісі – төреліктің түпкі нәтижесі, орасан күш-жігердің, эмоция мен жұмсалған қаржының өтемі. Сондықтан, сот актісі адамға түсінікті болуы қажет. Солар үшін жасаймыз ғой. Сот актісі – судья біліктілігінің де көрсеткіші және бүкіл сот билігінің бет-бейнесі», – деген болатын. Осы жиында Бас судья сот актісін алғаш оқығанда сотқа қатысушылар ғана емес, судьялардың өздері түсінбейтіндерін сынға алған еді. Осы олқылықты жою үшін «Мінсіз нәтиже» жобасы аясында құрылған команда 300 сот актісін зерделеп, ондағы негізгі мәселелерді айқындады. Атап айт­қанда, шешімдердің көбінің құрылымы дұрыс емес, оларды қабылдаған судьяның нені басшылыққа алғаны да түсініксіз болып шықты. Жиында қабылданған қаулыда екі қағидатты мәселе қамтылды. Біріншіден, сот шешімін жариялағаннан кейін судья қарапайым тілмен тараптарға өз шеші­мін неге сү­йеніп шы­ғар­ғанын, қи­сы­ны қандай еке­нін түсіндіретін болады. Екіншіден, нормативтік қаулы­да сот шешімін қалай дайындау туралы түсінік берілді. Алғаш рет нормативтік қаулыны дайындаған кезде қосымша құжат деген ұғым қолданылды. Бұл қосымша сот актісінің түсінікті болып, сот процесіндегі барлық жағдайды толық қамтып, құрудың ережесі болады. Осыған орай аталмыш құжатта сот актісінің қарпіне қатысты да нақты талаптар енгізілді. Барлық судьялар бұл құжатты бірауыздан қолдады. Өзінің маңыздылығына орай қаулы ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енеді. Таяу уақытта Жоғарғы Соттың жалпы отырысы қылмыстық істер бойынша қабылданатын сот актілеріне қатысты нормативтік қаулыны қарайды.

«Дау мұраты – біту»

Жоғары Сот Азаматтық процестік кодекс қабылданған кезден бастап, бітімгерлік тәсілдерді жетілдірумен айналысып келеді. Тұтастай алғанда, бұл институттың тиісті заңнамалық базасы жасалған. Дей тұрғанмен, бітімгерлік институты әлі күнге дейін толыққанды қалыптасып, сот үрдісінде кеңінен қолданылмай отыр. Мәселен, азаматтық сот істері бойынша тараптардың бітімге келуі барлық істің 3-4 пайызын ғана қамтиды. Тіпті, осы көрсеткіштің өзі күмәнді. Өйткені, олар жоғарыда айтылғандай, рейтингті көтеру мақсатында ұлғайтылып көрсетілген болуы мүмкін.

Бүгінде Жоғарғы Сот әралуан факторларды зерделей келе, медиация мен бітімгерлік шараларын ынталандыруға кірісті. Қазіргі таңда бірқатар істердің санаттарын сотқа жеткізбей шешу мақсатында нақты шаралар қабылданды. Мәселен, Кәсіподақтар федерациясымен меморандумға қол қойылып, бұл құжаттың аясында бітімгерлік тәсілдерді дамытуға аса мән беріліп отыр. Кәсіподақтар қызметі, негізінен, еңбек дауларына байланысты жүзеге асырылатынын ескерсек, мұндағы бірлескен іс-қимыл ауқымының кең болатынын пайымдау қиын емес. Сондықтан, меморандумның бір тармағы кәсіподақтар аясында соттан тыс мәмілелесу орталығын ашуды көздейді. Бұл орталықты ашу – Жоғарғы Соттың бастамасы. Мұндағы негізгі мақсат осы орталыққа психологтар мен нотариустарды, сот орындаушыларын, медиаторларды, барлық әлеуметтік қызметтің өкілдерін жинау. Бір сөзбен айтқанда, татуластыру рәсімдерін барынша дамытуға қолайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда Қызылорда обылысының Шиелі ауданында осындай орталықтар ашылып жатыр. Астана қаласындағы жүктемесі көп Сарыарқа аудандық сотында татуластыру рәсімдері бойынша арнайы жоба жүзеге асырылуда. Онда Сингапур тәжірибесіне сәйкес арнайы судьялар тек қана тараптарды бітімге шақырумен айналысады. Олар басқа істерден босатылып, тек татуластыру рәсімдерін жүргізумен айналысады. Бітімгер судьялардың жұмысы осы көрсеткіш бойынша бағаланады. Сарыарқа аудандық сотында татуластыру рәсімдерін толыққанды жүзеге асыру үшін тиісті жағдай жасалған. Мәселен, онда тараптарды диалогқа шақыратын арнайы бөлме қарастырылған. Жұмыс істей бастағанына бір-ақ ай болса да бүгінде бұл сотта қаралған 211 істің 38-і бойынша бітімгерлік келісім жасалып үлгерді. Осылайша аталмыш жоба бұл институттың әлеуеті зор екендігін көрсетіп отыр.

Жалпы алғанда, сот жүйесінде атқарылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – соттар жұмысын тиімді ұйымдастыру. Қай жерде кезек көп, қай жерде сот процестері уақытында басталмайды, ақпараттар аз, сол жерде жұмысты ширатуға баса назар аударылуда. Сарыарқа аудандық сотында жеті жоба бойынша енгізілетін барлық жаңалықтар сынақтан өткізілмекші. Онда тұрғындарды ақпараттандыру жүйесі құрылған. Қызмет электронды кезек бойынша көрсетіледі.

Жаңа технология – қолжетімділік кепілі

Соңғы бес жыл ішінде Жоғары Сотта электронды сот ісін жүргізу саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Оның мәні тұрғындардың сот төрелігіне қолжетімділігін барынша жеңілдету. Осыған орай бірнеше қыз­мет түрлері іске қосылды. Әкімшілік іс бойынша сот ісін жүргізу толықтай электронды форматқа көшірілді. Бүгінде азаматтық істер бойынша талап арыздардың 92 пайызы «Сот кабинеті» сервисі арқылы түсуде. Сот процесіне қатысушыларға хабарлама SMS және электроннды пошта арқылы беріледі. Сот актілерінің банкінде 6,5 млн сот актісі орналастырылған. Базадан адамның аты-жөні, заңның баптары және басқа да көрсеткіштер бойынша сот актілерін оңай табуға болады. Оның бәрі тұрғындар үшін ашық әрі қолжетімді. Қазіргі таңда дыбыс-бейнетіркеу жү­йесін қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. Қылмыстық іс бойынша да электронды сот ісін жүргізу кеңінен қолданылуда. Тараптардың сотқа келмей-ақ процес­ке қатысу мүмкіндігі артуда. Адамдар үйінде, жұмысында немесе шетелде жүріп-ақ сот процесіне гаджет арқылы қатысуы үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда Қазақстандағы барлық соттар 100 пайыз деңгейде ғаламторға қосылған. Судьялар электронды үлгіде қылмыстық сот төрелігі бойынша да жұмыс істеуге дайын.

Қатысушыларға гаджетті қолдану мүмкіндігі берілді

Электронды сот ісін жүргізу жолға қойылса да, сот отырыстарында адвокаттар мен соттың басқа қатысушыларының заманауи гаджет қолдануына тыйым салынуы үлкен мәселе тудырып келген еді. Бүгінде бұл шектеу алынып тасталды. Енді қатысушылардың барлығы және журналистер сотқа өз гаджеттерімен келе алады. Өйткені, сот залында расымен де гаджетті қолданудың пайдасы айқын көрініп тұр. Мәселен, том-том істерді арқалап келмей-ақ, оларды ноутбукке салып әкелуге болады. Себебі, оның көмегімен барлық құжаттарды, тіпті, қажетті заңнамаларды ғаламтор арқылы тауып алуға болады. Тек процестік заңнамалар бойынша судья гаджеттерді қолдану, дыбыс-бейнетіркеу мүмкіндіктерін нақты келісіп алады. Егер тараптардың бірі бейнетүсірілімге қарсы болса, ол осы ұстаным негізінде шешім қабылдауға міндетті. Бүгінде ережелер жобасы дайындалып, Ішкі істер министрлігімен келісілді. Енді Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін мамыр айынан бастап жаңа ереже күшіне енеді.

Судьяларды іріктеу шаралары өзгермек

Кадр саясаты бойынша да нақты шешімдер қабылданып отыр. Жалпы Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында қабылданған өзгерістер бойынша судьяларды іріктеу жүйесіне Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі жауап береді. Жоғарғы Сот өз тұрғысынан алғашқы таңдауды жүзеге асырып, дайын құжаттарды зерделеп, шешім қабылдау үшін осы Жоғары сот кеңесіне тапсырады.

Қаңтардағы кеңейтілген жиында Жоғарғы Сот төрағасы орын алып отырған кемшіліктерге де назар аударған еді. Ол судьяның бос тұрған орнына дайындықсыз адам келгенше, оған ешкімді қабылдамау керек деген болатын. Осыған орай құзырлы орган Жоғары сот кеңесіне және Президент әкімшілігіне өз ұсыныс­тарын жіберді. Оның ішінде судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа тетіктері бар. Солардың бірі – болашақ судьяларға эссе жаздырту. Бұл шара судья үшін айрықша қажет логикалық ойлау мүмкіндігін, талдау жасау, пайымды ой қорыту қабілетін анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса жергілікті соттар жанындағы Қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейту жоспарланып отыр. Өз кезегінде судьялық тәжірибеден өту жүйесін жетілдіруге баса назар аударылып отыр. Сонымен қатар, Сот төрелігі академиясына да жаңа талаптар қойылып, бұл оқу орны да өз тұжырымдамасына өзгерістер енгізіп жатыр.

Журналистермен байланыс жаңа деңгейге көтерілмек

Жеті жобаның шеңберінде әзірленген Коммуникациялық стратегия сот жүйесінің баспасөз қызметін жандандырып, қоғаммен байланыстың ауқымын кеңейтуді көздейді. Судья мен қоғам арасында ашық диалог болу қажеттігі біздің жұмысымызға да жаңа сипат беруде. Бұрын біз судьяның мүддесін көздеп, оны насихаттауға бейім болсақ, енді қоғам сұранысын зерттейтін боламыз. Нақтырақ айтқанда, қоғаммен барынша тиімді диалог құрып, соттардың түйткілді мәселелерін зерделеп, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, олардың сауалдарына жауап беруге тырысамыз. Коммуникациялық стратегия аясында 13 нақты іс-шара белгіленді. Олардың нәтижесі қалай? Осы мәселелерді зерделеу, Жоғарғы Сот жанында Ғылыми-сараптамалық кеңестің құрылуы, іс-шаралардың онлайн түсірілімін көрсету, осының барлығы сот қызметкерлерімен қатар, сот-құқық саласына қатысты материалдар жазатын журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруды қажет етеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты барынша ширатып, тың шаралар қабылдау қажеттілігі туындап отыр.

P.S. Жалпы ал­ған­да, сот жүйесінде атқарылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – соттар жұмысын тиімді ұйымдастыру. Қай жерде кезек көп, қай жерде сот процестері уақытында басталмайды, ақпараттар аз, сол жерде жұмысты ширатуға баса назар аударылуда.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер