Қазақстан жастары республикалық Zeren білім лагерінде бас қосты - Цифрлық Қазақстан|12 Тамыз 2018, 18:25
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Қазақстан жастары республикалық Zeren білім лагерінде бас қосты

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін 12 тамыз күні Ақмола облысында 300-ден астам жастың басын қосатын Zeren атты республикалық білім лагері жұмысын бастады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қатысушылар арасында жастар ұйымдарының көшбасшылары, жас кәсіпкерлер және "100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздары бар.

Іс-шара Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың алғысөзімен басталды.

"Zeren лагеріне ең белсенді жастарды шақырып, кездесу өткізуді жөн көрдік. Барлық облыстан жас мамандар, студенттер келіп қатысып жатыр. Бүгін біз үш ауысымда өтетін шараның ең біріншісі Digital-ұрпаққа қатысып отырмыз. Екінші ауысым "Рухани жаңғыруға", ал үшіншісі кәсіпкерлікке байланысты болады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдерін спикер ретінде шақырып отырмыз. Бүкіләлемдік жастар күнімен құттықтай отырып, осындай атаулы күнде лагерь өз жұмысын бастағанына қуаныштымыз. Бір біріңізбен сөйлесіп, пікір алмасып, жобаларыңызбен бөлісіңіздер. Халықаралық тәжірибеде мұндай лагерьлер көп жерде өткізіледі. Бүгін біз республика деңгейінде алғаш рет ұйымдастырып отырған соң бастамасы деп біліңіздер",- деді министр.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин лагерь өткізетін орын ретінде Зеренді демалыс аймағы таңдалып алынғаны үшін алғысын айтты.

"Ең дарынды, білімді жастар Көкшетау жеріне келді деп санаймын. Осы шара туралы ақылдасқанда Ақмола облысындағы Зерендіде өткіземіз деп шештік. Елбасы да жастарға көңіл бөлу керек деп жиі айтады. Бәсекеге қабілетті болу үшін әлемде болып жатқан өзгерістерге дайын болуымыз керек. Осында жиналған балалар осының бәрі сіздерге де байланысты. Сіздер басқа буын - Digital-ұрпақсыздар. Себебі сіздер диджитализацияның негізгі жеткізушісіздер", - деді ол.

Облыс әкімі жастар лагерін жыл сайын Зеренді аймағында өткізуді ұсынды.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-минстрі Нұргүл Мауберлинова жастарды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

"Бірінші ауысымда цифрландыру туралы айтамыз. Сол себепті Қоғамдық даму министрлігімен бірге "Зерде" холдингінің өкілдерін шақырдық. "Рухани жаңғыру" аясында "100 жаңа есім" жобасын ұйымдастырып жатырмыз. Сол себепті Мәулен Бектұрғанов, Диас Тастанбеков секілді былтырғы жеңімпаздарды осы лагерьге шақырдық. IT мамандармен сөйлесіп, жобаларыңызды таныстыра аласыздар", - деді вице-министр.

Ал, Qazcontent АҚ басшысы Евгений Кочетов болса жастарға Apple компаниясын негізге ала отырып IT саласы неліктен алдыңғы қатарға шығып отырғанын түсіндірді.

"Бүгінгі таңда IT компаниялар әлемдік экономикада абсолютті триггер болып отыр. Егер де инновация болса ең бірінші ол IT компанияда өтеді. Бірінші ауысымда ментерлік туралы айтатын боламыз. Astana Hub балаларымен пікір алмассаңыздар болады", - деді ол.

Айта кетсек, республикалық лагерь 12-16 тамызда Digital-ұрпақ, 17-21 тамызда "Жаңғыру трендтері", ал 22-26 тамызда "Бизнес сиқыры" атты үш ауысымда өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер