BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы жаңа қызметті іске қоспақ

Фото: Нұржас Жақсыбай

Биыл күзде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы пилоттық жобасы аясында жаңа қызметті іске қосады. Жоба аясында азаматтар мүгедектікті растайтын құжатты Халыққа қызмет көрсету орталығынан және eGov порталынан электронды түрде ала алады. Бұл туралы аталған корпорацияның төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Алдағы уақытта бірқатар жаңа проактивті қызметтерді іске қосамыз. Осы жылдың күзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп, мүгедектікті анықтау қызметін іске қосамыз. Қазіргі таңда мүгедектік статусын алу үшін арнайы комиссияның көмегіне жүгіну керек. Осыдан кейін азамат Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Онда мүгедектік пен оған берілетін жәрдемақының мөлшері анықталады», - деді төраға «Қазақстанда «электрондық үкімет» пен мемлекеттік қызметтердің дамуы» атты дөңгелек үстел кулуарында.

Оның айтуынша, алдағы уақытта азаматтарға мүгедектікті растайтын құжатты электронды форматта алуға мүмкіндік беріледі.

«Пилоттық жоба аясында Денсаулық сақтау басқармасы бөлімдерінің көмегімен яғни ауруханалардан мүгедектікті анықтау бойынша тиісті анықтамалар алынады. Бұл жұмыс «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында жүргізіледі. Тиісті құжаттар жиналған соң комиссия азаматтың қатысуынсыз оған мүгедек статусын береді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жанға жәрдемақы, тиісті құрал-жабдықты қамтамасыз ету қызметі автоматты түрде көрсетіледі», - деді Абылайхан Оспанов.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда аталған қызметті іске қосу үшін денсаулық мекемелерінде тиісті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

«Біз осы қызметті жүзеге асыру үшін техникалық жұмыстарды жүргізудеміз. Сіздер келген өзгерісті іске асыру үшін заңға, нормативтік актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттігін білесіздер. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, ауруханалар мен емханалар жоғарыда аталған мәліметтерді электронды форматта жіберуге дайын болуы қажет», - деп түйіндеді сөзін төраға.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер