BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Архивті цифрландыру көп мәселені шешеді – Жангелді Махашов

Астана BAQ.KZ. Астанадағы ҚР Ұлттық архивінде «Ұлттық архив қоры және архив туралы» ҚР Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына арналған «Архивті цифрландыру: Дамудың жаңа траекториясы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, архив қызметкерлерін айтулы мерекелерімен құттықтады.

«Біріншіден, сіздерді осындай айтулы күндеріңізбен құттықтаймын. Екіншіден, сіздерге шексіз алғысымды білдіргім келеді. Себебі, өткен қиын жағдайда сіздер архивті сақтап қалдыңыздар. Алғаш 1998 жылы қабылданған Заң, бүгінгі таңда уақыт талабы бойынша біршама түзетулер енгізіліп, жетілдіріліп келеді. Архив – еліміздің бүгінін ертеңге бұрмалаусыз жеткізетін тарихи құжаттар. Осы архивтің арқасында мәдениет, өнер соның ішінде кино саласы бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ал, қолда бар құнды дүниелерімізден айырылып қалмай, оларды цифрландыру өте маңызды. Қазір Елбасының тапсырмасы бойынша, Қазақстанда цифрландыру жүйесі қарқынды қолға алынып жатыр. Бұл дегеніңіз дамыған елдердің көшінен қалмай, қатарына ілесу», - деді Мәдениет және спорт министрі.

Сондай-ақ конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен республиканың түкпір-түкпірінен келген жетекші сарапшылар және ғылыми қызметкерлер қатысты. Конференция барысында мамандар 20 жылда жеткен жетістіктер мен атқарылған жүмыстар туралы баяндамалар жасады.

«Архивтегі құжаттарды цифрлық жүйеде сақтау көп мәселелерді шешеді. Соның бірі ұзақ сақтау мәселесі. Және ғалымдар мен зерттеушілер үшін жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Яғни, қолжетімділігі жоғары болады», - деді ҚР Ұлттық архивінің директоры Жангелді Махашов.

Сонымен қатар, атқарылуы тиіс, кезек күттірмес түйіткілді мәселелер төңірегінде де ұсыныстар айтылды. Әрбір қызметкердің баяндамасын мұқият тыңдаған министр аталған мәселелер төңірегінде жұмыстар жасалып жатқанын және оның оң шешімін табуға күш салатынын айтты.

«Сіздер айтып отырған ақылы қызмет саласын қарастыруымыз керек. Ол өте қажет. Себебі, осыдан үш жыл бұрын көне қыпшақ жазуларын Венесуэла мұрағаттарынан таптық. Сол жазбаның электронды нұсқасын алу үшін 9 мың евро төледік. Әлемде өз қаржысын өзі тауып отырған архивтер бер. Біздің елде де Архив саласының мамандары өз жұмысы мен табысына риза болу керек. Сонда жұмыс жемісті болады», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы

Екі күнге жалғасатын конференция аясында архивтер қызметін цифрландыру, Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңға енгізілген толықтырулар мен өзгертулер, архив құжаттарын сақтаудың және есепке алудың концептуальды негіздері, жеке тектік құжаттарды қалыптастыру, сонымен қатар электронды құжаттарды сақтауда туындайтын мәселелер мен оларды шешудің жолдары төңірегінде сұрақтар талқылануда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер