Алматы облысы мен Татарстан цифрландыру бойынша тәжірибе алмасады - Цифрлық Қазақстан|10 Тамыз 2018, 12:37
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.66 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Алматы облысы мен Татарстан цифрландыру бойынша тәжірибе алмасады

Алматы облысы мен Татарстан Республикасының арасындағы ынтымақтастық байланыстар Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың шақыртуымен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған жетісулық делегацияның Қазан қаласына жасаған сапары барысында бекемдене түсіп, нақты жоспарлар айқындалды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрамында өңірдің бизнес-қауымдастығының, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жобалық басқарудың, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар ресми делегацияны Қазанда Татарстан Президенті Рустам Минниханов, Татарстанның вице-премьері Василь Шайхразиев, ТР Премьер-министрінің орынбасары – Өнеркәсіп және сауда министрі Альберт Каримов қарсы алды.

Атап өтсек, бұған дейін өткен жылдың тамыз айында Р. Минниханов бастаған Татарстан делегациясы екі жақты мәдени байланыс орнату, бизес саласында тәжірибе алмасып, әріптестікті нығайту мақсатында Алматы облысында болған еді. Соның нәтижесінде Алматы облысының Панфилов ауданы мен Татарстанның Менделеев ауданының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Сол сапар барысында Менделеев ауданынан келген өкілдер кәсіпкерлік белсенділікке ерекше екпін беріп отырған «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысқан. Ал осы жолы біздің делегацияның құрамындағы Алматы облысын цифрландыру бойынша жобалық кеңсенің мүшелері Қазандағы ІТ-парк пен Иннополистегі smart city қалашығына атбасын тіреді. Бұл жоғары технологиялар мен цифрландыру бағытындағы ынтымақтастықтың алғашқы қадамы болды.

ІТ-парктегі жоғары технологиямен танысқан жетісулықтар одан әрі «Эйдос-робототехника» мен «Эйдос-Медицина» орталығының қызметіне куә болды. Орталық мамандары роботтандырылған өндірістің артықшылықтары, жұмысқа арналған робот-монипуляторларды дайындау әдістері туралы баяндап, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында мамандарды тәжірибемен ұштастыра отырып оқыту үшін робот-пациенттерді қалай жасайтынын көрсетті. Сондай-ақ қонақтардың назарына студенттерге де, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлерге де қолайлы теңдессіз медициналық симуляторлар ұсынылды. Мамандардың айтуынша, симуляторлар үшін арнайы бағдарламалық жасақтама әзірленген. Оның құрамына түрлі жаттығулар кешені, автоматты түрде бақылау мен оқыту процесін бағалау енгізілген. Бұл өз кезегінде үйренген машықтарды орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Түстен кейін облыс әкімі Амандық Баталов Қазан Кремлінің Губернаторлық сарайында Татарстан Президенті Рустам Миннихановтың қабылдауында болды.

ТР Президенті Татарстанның Ресейдің бір аймағы ретінде Қазақстан Республикасымен байланысын тұрақты нығайтып келе жатқанын атап өтті. Осы жылдың маусым айында Татарстанға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ресми сапармен барып қайтқан болатын. Сондай-ақ өткен жылдың тамызында Жетісу өңіріне татарстандық делегацияның барғанын еске түсірді.

Р. Минниханов Қазақстан аумағында бінеше ірі жобалар жүзеге асып жатқанын, соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның маңызы ерекше екеніне тоқталды:

- «Қорғас» жобасы үлкен қызығушылық туғызатын және зор әлеуеті бар жоба. Оны әлемдік деңгейдегі ірі көлік-логитикалық хаб ретінде көрдік. Біз өз тарапымыздан осы бағытта әріптестік байланыс орнатсақ, бизнес-байланыстарымыздың ауқымын кеңейтсек деген ұсынысымыз бар, - деді ол.

Сол сияқты Татарстан Президенті жоғары мектеп, зерттеу орталықтары, студенттер алмасу түрінде білім мен ғылым салаларындағы байланыстарды бекемдеу мүмкіндіктері туралы да айтты.

Алматы облысы туралы айта келе Р. Минниханов өңірдің барлық бағыттағы даму мүмкіндіктері зор екеніне тоқталып, әсересе табиғатының көркемдігіне ерекше екпін түсірді. Сөзінің соңында бұл сапар жетісулықтар үшін де ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан пайдалы болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде облыс әкімі Амандық Баталов шақыртуы үшін ризашылығын білдіріп, сапардың алғашқы күндерінен-ақ делегация өкілдері өз салалары бойынша түрлі пайдалы да маңызды дүниелерді көріп, көңілдеріне түйіп жатқанын айтты.

- Ең алдымен ІТ-технология саласына, цифрландыруға байланысты пайдалы жобаларды көрдік. Бұл сапарымыздың нәтижелі болатынына сенімдіміз, - деді А. Баталов.

Кездесу соңында Амандық Баталов пен Рустам Минниханов журналистер сұрақтарына жауап берді.

Алматы облысы Татарстанның даму тәжірибесіндегі ІТ-технология саласындағы, стартаптар мен бизнес-инкубаторларды дамытудағы, сол сияқты инвесторлар тартудағы озық үлгілерге ден қоймақ.

- Біз, Алматы облысы Қазақстандағы ең ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушінің бірі ретінде мұндағы ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отырмыз. «Қазан» агропаркінің жобасы өте ұнады. Онда үстеме бағасыз өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізу мүмкіндіктері қолайлы қарастырылған екен. Сол сияқты өндірістік алаңдарды дамытудағы тәжірибелеріңіз де біз үшін маңызды, - деді А. Баталов.

Татарстан Президенті Татарстан мен Алматы облысының арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін тағы бір мәрте еске салып, оған қажетті барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты.

Ресми сапар барысында облыс делегациясы Қазан қаласының көрнекті орындарын аралап, Қазан Кремлінде, Құл-Шәріп мешітінде болды.

Осы күні «Жоғары технологиялар саласындағы «ИТ-парк» технопаркі» МАМ мен Алматы облысы әкімдігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ғылым-білім саласында әріптестік байланыс орнату жайы келісілді. Меморандумның аясында ғылым мен білімді, технологиялық ынтымақтастықты дамыту, екі жақты сауда және инвестициялық байланыстарды дамытуды ынталандыру қолға алынбақ. Қос тарап бірлесіп аталған салалар бойынша түрлі іс-шаралар өткізетін болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер