BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 339.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.64 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.3
Астана:

Алдағы 10 жылда барлық мамандықтың 65%-ы жоғалады - Дагар Давлетов

Фото: Автор

Астанада КАЗГЮУ университетінде Қазақстан Президентінің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Менің болашағым цифрлық Қазақстанда» панельді сессиясы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шараға цифрландыру саласының сарапшылары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері және Астана жоғарғы оқу орындары мен мектеп оқушылары қатысты. Сессия барысында цифрландыру саласының қоғамдағы рөлі мен жастардың Республика дамуына аталмыш сала арқылы қосатын үлесі туралы талқыланды.

«Бүгін Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында тікелей «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан 567 студент бар екенін айтты. Өкінішке қарай, бұл – өте аз», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен.

Ал «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі төрағасының орынбасары Жанат Жахметова цифрлау ұғымына кеңірек тоқталып кетті.

«Цифрлық Қазақстан ол – қажеттілік, цифрлауды күнделікті өмірде қолдануымыз керек. Ол өмір сапасын арттырып, уақытымызды үнемдеуге көмектеседі. Мәліметтерді онлайн түрде таба аласыздар, әрқайсыларыңызда дәрісті жазып алып, қайта тыңдауға, белгілі бір ескертпелерді жазып қоюға, достарыңызбен араласуға, әлеуметтік желіде отыруға, соңғы жаңалықтарды көруге мүмкіндік жасайтын смартфон бар. Бұның барлығы күнделікті өмірімізде тұтынатын цифрлау элементтері. Егер цифрлауды тек тұрмыста емес, барлық салада қолдансақ, осындай қолайлылықты ел экономикасында да сезіне аламыз», - деді ол.

Сессияда «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының саяси жұмыс департаментінің директоры Данат Жумин «Болашақ» бағдарламасының түлегі ретінде өз тәжірибесімен бөліссе, «Method Coding School» бағдарламалау мектебінің негізін салушы Дагар Давлетов IT білімінің маңызын атап өтті.

«Дүниежүзілік экономикалық форум ұйымының соңғы зерттеуі бойынша, алдағы 10 жылда барлық мамандықтың 65%-ы жоғалады. Сондықтан, сіздер өздеріңізге «Болашақта кім болам?» деген сұрақ қоюларыңыз керек. Біз барлықтарыңызды программист болуға шақырмаймыз, себебі программалау –тек құрал ғана. Қызығушылығыңыз қандай екені маңызды емес, бірақ бүгінгі таңда барлық салада IT білімі маңызды», - деді Дагар Давлетов.

Жансая ҚАМБАР

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер