BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

БҰҰ-да симпозиум өтті

Астана. 31 наурыз. Baq.kz - Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Нью-Йорк қаласында, Біріккен Ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде «2030 Жоспары үшін Жібек Жолы бойындағы синергия» атты халықаралық симпозиум болып өтті. 

Алқалы жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының жауапты тұлғалары, сонымен қатар халықаралық ұйым басшылары, Түркі мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдіктердің мүшелері, дипломаттар мен әйгілі ғалымдар қатысты. Ашылу салтанатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың симпозиум қатысушыларына жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, Түркия Республикасы Премьер-министрі Ахмет Дауытоғлының, БҰҰ жанындағы Өркениеттер альянсының басшысы Абдулазиз Әл-Насердің және БҰҰ-дағы ЮНЕСКО арнайы өкілдерінің құттықтау хаттары оқылды. Салтанатты жиынды ашқан БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік одағының (ECOSOC) президенті О Джун симпозиум жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөзінде Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасына тоқталған О Джун мырза тұрақты даму үшін экономикалық және мәдени салаларда қатар ынтымақтасу қажеттігін айтып өтті.

Бұдан кейін симпозиум жұмысы 2 панельді отырыстарға жалғасты. Каспий стратегиялық институтының басқарма төрағасы Халил Акынджының модераторлығымен өткен «Жібек жолында және одан тысқары аймақтарда әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту; трансұлттық қауіп-қатер мен экстремизмге қарсы әрекет ету» атты алғашқы панельді отырыста Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов, Каспий стратегиялық институтының басқарма мүшесі, адмирал Метин Атач, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиева, Шет елдегі түріктер және туыс халықтар жөніндегі Басқарма басшысының орынбасары Сердар Гүндоған, Винсконсин университетінің профессоры, түркітанушы Юлай Шамильоғлұ мен Мичиган университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм баяндамалар жасады. Норман Грэм өз сөзінде: «Энергия шикізаттары бағасының төмендегеніне қарамастан Қазақстанда білім реформалары мен модернизациясына шынайы және тұрақты түрде назар аударылатыны байқалады. Алдын-ала зерттеулерімізге сәйкес, инвестициялар инфрақұрылымды, жоғары білім институттарын және энергетика саласындағы бизнесті дамытуға бөлінген» деп атап өтті.

Ал, «Жібек жолын қайта жаңғырта отырып, мәдениеттерді жақындастыру арқылы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» атты екінші панельді отырысқа модератор болған Нью-Йорктегі Халықаралық дамушы экономикалар академиясының президенті Владимир Квинт Жібек жолын жаңғыртудың Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталды. “Жаңа Жібек жолы орналасқан үш жол торабы да Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан, Қазақстанның Жаңа Жібек жолы жобасының дамуына қолдау көрсетіп отырғаны таңқаларлық жайт емес.

Бұл жолдардың басым бөлігі қазақ жерін кесіп өтетіндіктен Қазақстан өзінің теңіз порттарының, теміржолдарының және көлік жолдарының әлеуетін арттыруы қажет. Мысалы, Каспий теңізіндегі Ақтау порты жылына шамамен 13 млн тонна тауар өткізеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін 25 млн тоннаға жеткізілуі керек”- деді ол өз баяндамасында. Бұл бөлімде ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесінің бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Османакын Ибрагимов, Мичиган университетінің профессоры Тимур Кожаоглу, Каспий стратегиялық институтының бас хатшысы Халдун Яваш пен Дамушы мемлекеттерге арналған зерттеу-ақпараттық жүйесінің сарапшысы, профессор Рам Упендра Дас баяндама жасады.

Сондай-ақ, симпозиум аясында Түркі академиясы 2015 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Азиз Санжарды және көрнекті ғалымдар Кемал Карпат пен Эдвард Олуортты арнайы алтын медальдармен марапаттады. Жібек жолы, оның бойында орналасқан мемлекеттер мен Орта Азия елдері тақырыптарын зерттеудегі ерен еңбектері арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени байланысты тереңдеткені үшін тағайындалған марапат иелері Түркі академиясына шынайы алғыстарын білдірді. Халықаралық жиын нәтижесінде көтерілген мәселелер бойынша қорытынды хаттама қабылданды. Жиын соңы ТҮРКСОЙ ұйымы өнерпаздарының Наурызға арналған мерекелік концертімен қорытындыланды. 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер