USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

Павлодарлық ұстаздар Қазақ хандығы тұсында соғылған тиындарын көрсетті

Фото: автор

Павлодарда «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн аясында «Теңгенің шығу тарихы» атты көрме өтті. Шарада өңірдің ұстаздары жеке коллекцияларындағы валюталардың үлгілерін паш етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрмеге келушілер назарына Қазақ хандығы тұсында соғылған тиындардан бастап, Тәуелсіздік жылдары экономикалық айналымда болған төл теңгенің үлгілері ұсынылды. Ақша құралдарын ортаға салған мұғалімдердің қатарында Качир және Павлодар аудандары, Павлодар қаласы, Мичурин балалар үйінің тарихшылары болды.

Павлодардағы №5 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Виктор Столяров көрмеге жеке коллекциясындағы нумизматикалық жәдігерлердің бір бөлігін ұсынды. Қазіргі таңда ұстаздың үйінде купюралардың 800 үлгісі мен тиындардың 2000 үлгісі сақталған.

«Біздің мектепте нумизматика үйірмесі жұмыс істейді. Теңгенің тарихына үңіліп, қызығушылық танытқан оқушылар баршылық. Бүгінгі көрмеге шәкірттерім де белсене қатысты. Бұл тиындарды ұлттық валютамыз – теңгенің алғашқы үлгілері деп білеміз. Бұл – тұнып тұрған тарих», - дейді Виктор Столяров.

Айта кетейік, бүгін Ертіс өңірінің барлық мектептерінің 1-7 сынып оқушыларына арналған «Теңге – Қазақстан Республикасының мемлекеттік символы» сынып сағаттары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары үшін «Теңгенің шығу тарихы» интерактивті дәрістер өтті.

Ермек ЕЛЕМЕСОВ

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады