USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Қазақалтын» бестөбеліктерге тамаша тарту жасады  

Фото: National Business

«Қазақалтын ТМК» акционерлік қоғамы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Бестөбе кентінің тұрғындарына тамаша тарту жасады. Концерн басшылығы осыдан төрт ай бұрын бестөбеліктерге берген уәдесін орындады. Кент амбулаториясына құны 30 миллион теңгені құрайтын электрокардиограмма, дефибриллятор, стационарлық сандық флюорографпен жабдықталған реаномобиль сыйға тартылды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсі.

Қазіргі таңда Бестөбе кентінде 6,5 мың адам тұрады. Олардың көпшілігінің қызметі концернмен, алтын кенін игерумен байланысты. Әрбір адамға, әсіресе дене еңбегімен айналысатын жанға денінің сау болуы аса маңызды. Осы уақытқа дейін ауылдың Степногорск қаласынан алыс орналасуы, науқастарды жеткізуге көліктің болмауы, туберкулез дертімен күресу – жедел шешуді талап ететін проблема болды. Осыған орай өңір басшысы Сергей Кулагин бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аталған мәселені шешу жөнінде тапсырма берген болатын.

«Қазақалтын ТМК» АҚ Бас директоры Евгений Балашовтың айтуынша, қазіргі таңда концернде Бестөбеден 1400 адам еңбек етуде. Кәсіпорын тарапынан жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, кентті көркейтуге бағытталған шаралар жасалуда. Директорлар кеңесінде концернді және кенттерді әлеуметтік дамытуға бекітілген үш жылдық жоспарға сәйкес 500 миллион теңге бөлінеді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бестөбеліктерге реаномобиль мен флюорограф тарту ету жақсы бастама болып отыр.

«Қазіргі кезде Бестөбе-Степногорск жолын жөндеу жобасы әзірленіп жатыр. Келер жылдан бастап кент жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу жоспарлануда. Сонымен қатар концерн медицинаны әрі қарай қолдауды көздеп отыр. Амбулаторияны жабдықтауды жалғастыратын боламыз. Келесі жылы да көмек көрсетеміз деген ойдамыз»,–дейді Евгений Балашов.

Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев игілікті іске қосқан қомақты үлесі, облыс әкімінің тапсырмасын орындауға көмек көрсеткені үшін концерн басшылығына алғыс айтты.

«Елбасының тапсырмасы бойынша тұрғындар флюоробайқаумен 100 пайыз қамтылуы тиіс. Осыдан бір жыл бұрын стационарлық флюорография құрылғысының істен шығуына байланысты бестөбеліктер айтарлықтай қиындыққа тап болды. «Қазақалтын» концерні тұрғындардың мұқтаждығына бей-жай қарамай, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тамаша тарту жасады»,–деп атап өтті әкім.

Амбулаторияның медициналық қызметкерлері, қалалық емхана басшылығы, сондай-ақ кент тұрғындары концерн басшылығына, жергілікті билікке шынайы ризашылықтарын білдірді.

«Толық жабдықталған «Жедел жәрдем» науқастарды қала ауруханасына жедел жеткізіп, қажетті көмек көрсете алады. Жаңа флюорограф аппараты туберкулез ауруын алғашқы сатысында-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Енді зерттеуден өту үшін қала емханасына барып, уақытымыз бен қосымша қаражатымызды шығындамайтын болдық»,– дейді бестөбеліктер.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады