USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ақтөбелік әскери қызметкерлер донор болды

Фото: автор

Ақтөбе облыстық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі ведомство қызметкерлері донор болды. Отыздан астам әскери қызметкер кезек-кезегімен облыстық қан орталығына барып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған акцияға үн қосты. «25 игі іс» акциясы кезінде донор болған офицерлер арасынан сирек кездесетін қан тобы анықталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ақтөбе облыстық қан орталығы студенттер, ірі компания жұмысшылары мен білім беру, медицина ұйымдарында түрлі акцияны жиі ұйымдастырады. Тіпті, арнайы шақыртуларға барып, жұмыс орнын тастап кете алмайтын қызметкерлердің қан тобын анықтап, оларға донор болу мүмкіндігін береді әрі қан банкін толтырады.

«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қалалық, облыстық қорғаныс істері департаментінің 30-дан астам қызметкері қан тапсыруға шешім қабылдады. Біздің арамызда 2-3 тұрақты донор бар. Олар жылына бірнеше рет келіп, қан тапсырып отырады. Акция кезінде әскери қызметкерлерге анықтама берілді. Заңға сәйкес олар бір күн демалыс ала алады. Таңдау бар. Олар қан тапсырған күні тыныға алады, кейбірі еңбек демалысына қосып алуға шешім қабылдады»,- дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Әділбек Құлтаев.

Оның айтуынша, қан тапсырып, донор болу игілікті іс және әскери қызметкерлер ел тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында, бейбіт күні көмек беруде бар күш-жігерін салады.

Ақтөбе облыстық қан орталығында қан қоры толық. Дегенмен теріс резусты І, ІІ, ІІІ және ІV қан тобына қажеттілік сезіледі. Себебі, өңірдегі ауруханалардан күніне 50 сұраныс түседі. Көбі жол-көлік оқиғасы мен жоспарлы күрделі операцияларға қан алады.

«Қан жеткілікті. Күн сайын орталыққа туысына қан тапсыратын адамдар келеді. Тұрақты донорларымыз да бар. Қан тапсырған адам 4 айдан кейін келіп, қайта қан тапсыруына болады. Сол уақыт аралығында қан құрамы толық тексеріліп, құюға жарамды, жарамсыздығы нақты анықталады. Бізде қан 3 жыл бойы сақталады»,- дейді облыстық қан орталығы, қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Аида Сабырова.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады