USD 334.89 EUR 361.61 RUB 5.28
Астана:

1991 жылы «Тәуелсіздік туралы» заң қалай талқыланды?

Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Ал, қатерлі өткел кезеңінде азаттықтың бастауы «Тәуелсіздік туралы» заңның талқылауынан басталған. Бірақ, Советтер одағы тарқап кеткен соң да, еліміздің тәуелсіздігінің жариялануы кешеуілдеп қалғаны баршаға аян. Сол кездегі жағдай қандай еді, заң қалай талқыланды деген сауалдарға Болат Мүрсәлім жауап іздеп көрген еді.

БОЛАТ МҮРСӘЛІМ, Тілші:

- Алматы тәуелсіздіктің алтын бесігі деп пафоспен айтсақ, сол кезде Жоғарғы кеңестің сессиясы өткен бұл ғимарат тәуелсіздіктің кіндігін кескен жер. 91 жыл, 16 желтоқсан, таңертең ерте депутаттар заңды талқылауға асығып келе жатты.

Асығатыны – 8 желтоқсанда КСРО тараған, Одақта Қазақстан жападан жалғыз қалған. Көзіқарақты ел, әсіресе жастар бұған намыстанып шулап жатты.

ДОС КӨШІМ, Саясаткер:

- Студенттер әлі есімде. Алаңға шығып, тізіліп тұрды. Мынау баяғы Петербургтегі декабристердің шыққаны сияқты. Күнде шығып айқайлап тұрады: "суверинитет, суверинитет" деп.

Кешігудің себебі – Одақ сақтала ма деген үміт, Парламент сессиясының кеш басталуы әрі сайлаудың өтуі.

СЕРІКБОЛСЫН ӘБДІЛДИН, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1990-94 ж.ж. төрағасы:

- 1 желтоқсанға Президенттің сайлауын қойдық. Енді президенттің сайлауы жүріп жатқанда тағы да әлгі егемендік қабылдау үшін Жоғарғы кеңесті шақырып, сессия өткізудің өзі қолайсыз болды.

«Тәуелсіздік туралы» заң жобасы 14 желтоқсанда бір пысықталып, 360 депутаттың пікірталасы екі күннен соң қайта өрбіді.

БОЛАТ МҮРСӘЛІМ, Тілші:

- Заңның талқылауы тура осы залда өтті. Мынау тұстан академик Жабайхан Әбділдин заңға мықты құқықтық мәртебе беру керек деді. Депутат Жаворонкова мемлекеттік тіл қазақ, орыс, ағылшын тілі болсын деді. Ал, депутат Қалпенов заңдағы "қазақ ұлты" деген сөзге соқтыққан әріптестеріне қатты ренішін білдірсе, кейбір депутаттар "қазір Жириновский заманы" деп, ұлт араздық туып, қазақ ұлты өзге этностардың құқығын таптап кетпей ме деген қобалжуларын анық білдірді.

СЕРІКБОЛСЫН ӘБДІЛДИН, ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1990-94 ж.ж. төрағасы:

- Ондай қобалжу болды. Басқа ұлттарды қойып, қазақтардың өзі де енді қалай біз өрбиміз, өсеміз деген пиғылдарды айтып жүрді.

Дегенмен, «Қазақ ұлтының өзін-өзі билеу құқын растай отырып», Жоғарғы кеңес басым дауыспен Қазақстанның тәуелсіздігін жариялады. Бірақ, ол кез қазіргідей ақпараттың заманы емес. Көп елге қуанышты жаңалық, Мағауин жазғандай, «егін орағы аяқталды» дегендей реңкпен ғана жетті.

ДОС КӨШІМ, Саясаткер:

- Ондай бір бөрікті аспанға атып, той жасайтындай жағдай болған жоқ.

38 минуттан соң Қазақстан тәуелсіздігін Түркия таныды. Ал, бүгінде тәуелсіздікті баянды ету – әр азаматтың қасиетті борышы болып отыр.

Болат Мүрсәлім, Думан Сүлейменов, 31-арна

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады