BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Жезқазғандықтар Азия ойындарының чемпионына пәтер сыйлады

Фото: автор

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Индонезиядағы ХVIII жазғы Азия ойындарына қатысушылармен кездесті. Аймақ басшысы Азиада чемпионы Бағлан Ыбраһымға жерлестерінің атынан марапат ретінде Жезқазған қаласында бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады, деп жазады Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Аймақ басшысы спортшылар мен олардың бапкерлеріне халықаралық біріншілікте сәтті өнер көрсеткендері үшін алғыс айтып, медаль иелеріне ақшалай сыйлық табыс етті.

«Сіздер ХVIII Азия ойындарында сәтті өнер көрсеттіңіздер. Біз сіздерге жанкүйер болдық. Сіздердің әрбір ойындарыңызды тамашаладық, медальдарыңыз үшін шын жүректен қуандық. Барлық жанкүйер қарағандылықтардың атынан сіздерге алғысымызды білдіріп, үлкен рахмет айтқымыз келеді. Азиадаға қатысу – ол сіздердің жеке жеңістеріңіз, ал иеленген медальдеріңіз – біздің ортақ жеңісіміз, біздің елдің, біздің облыстың жетістігі. Қазақстанның көк байрағы осы секілді ірі сайыстарда жиірек жоғары көтеріле берсін. Біз сіздерге сенеміз және жаңа жеңістерді күтеміз», - деді Ерлан Қошанов спортшыларға.

автор

«Азиада ойындарына Қарағанды облысының атынан ел құрамасына 10 спорт түрі бойынша 34 спортшы енген болатын. Оның ішінен 11 қарағандылық медаль ұтып алды: 1 – алтын, 3 – күміс, 7 – қола. Облысымыздың 9 спортшысы 4-ші орынды иеленді. Спортшылардың арасынан алған жарақатына қарамастан алтын медальді иеленген Бағлан Ыбраһымды ерекше атап өткіміз келеді», - деді Қарағанды облысы Дене мәдениеті және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Карпов.

Спортшыларға облыс әкімі қаржылай сый сыяпаттар табыс етті. Алтын медалі үшін самбошы Бағлан Ыбраһым 1,5 млн теңге облыс әкімі сыйлығын және Жезқазған қаласында бір бөлмелі пәтер кілтін алды.

«Пәтер – ол меценаттар, жезқазғандықтар мен қарағандылықтар атынан жасалған сыйлық. Бұл – біздің жанашыр жерлестеріміздің алғысы. Мен жай ғана кілтті табыс етіп отырмын», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Күміс жүлдегерлерге сыйлық 1 млн теңгені, ал қола медаль иегерлеріне – 750 мың теңгені құрады.

Азия ойындарының жүлдегер жеңімпаздары сонымен қатар Ұлттық Олимпиада Комитетінен де сыйлық алады: 1-ші орын – 10 000$, 2 - 5 000$, 3 - 3 000$.

Еске салайық, 10 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Джакартада өткен ХVIII Азия ойындарына Азия континентінің 46 елінен келген 12 мың спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 15 алтын, 17 күміс жіне 44 қола медальдарды жеңіп алып, жалпы есептемеде Азия елдері арасында 9-шы орынды иеленді.

автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер