BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздарына $10 000 сыйақы берілді

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасының чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанаты өтті. Жиынға ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, мәжілісмен Серік Сәпиев қатысты.

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев жарыста сәтті өнер көрсеткен спортшыларды құттықтады.

«ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасында алғаш рет команда болып қатысып, әртүрлі спорт түрінен медальдар жеңіп алдыңыздар. Олимпиадаға қатысу арқылы үлкен тәжірибе жинадыңыздар. Спортшыларымыз елімізде спортты дамытуда үлгі болып отыр. Елбасы соңғы Жолдауында бұл саланы дамытуға ерекше назар аударды. Мәдениет және спорт министрлігімен бірге спорттық құрылымдарды дамытуға жұмыс істейтін боламыз. Бәріңізді құттықтаймын!» - деді Құлыбаев марапаттау рәсімінде.

Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Арыстанбек Мұхамедиұлы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

«Сіздердің жетістіктеріңіз – Қазақстанның келешегі. Әр кезде Елбасы бұқаралық, ұлттық, олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына ерекше көңіл аударады. Жасөспірімдерді биік сатыларға шығарып жүрген жаттықтырушыларыға, Ұлттық олимпиада комитетіне алғысымды білдіремін. Жеңістер көп болсын! Алға, Қазақстан!» - деп лебізін білдірді министр.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткені үшін алтын медаль иегеріне – 10 мың АҚШ доллары, «күміске» – 5 мың АҚШ доллары, «қолаға» –3 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді.

Чемпион атанған Бекарыс Сәдуақас спортшылардың атынан сөз сөйледі.

«Олимпиадада әлемнің ең мықты спортшыларымен күш сынасып, намысты қолдан бермей жеңіске бар күшімізді салдық. Бізге артылған зор сенімді ақтап шыққанымызға қуаныштымын. Болашақта Қазақстанның көк туын биікке көтеруге уәде беремін!» - деді атлет.

Дзюдошы жекелей сында чемпион атанғаны үшін 10 мың АҚШ долларына және халықаралық команда сапында қола жүлдегер атанғаны үшін 3 мың АҚШ долларына ие болды.

«Маған екі сыйақы берді. Бұл ақшаның бәрін отбасыма беремін, өйткен солардың арқасында деп білемін. Мені өсірді, жеткізді. Спортшыларға сыйақы беру олардың еңбегіне деген құрмет. Олар қаншама тер төгеді, еңбектенеді, жарыстарда ел сенімін ақтап, көк туымызды көтерген соң марапаттап отыр. Алдағы таңда жастар арасында әлем чемпионаты мен ересектер арасында Олимпиаданы жеңгім келеді», - деді Бекарыс Сәдуақас.

Велоспорттан Евгений Федоровпен бірге жеңіс тұғырына көтерілген Глеб Брусенский Олимпиада қатысушыларының атына қолдаған барша азаматтарға алғыс айтты.

«Бұл өмірімдегі ең ұмытылмас сәт болды. Олимпиада ойындарына қатысу әр спортшының биік арманы, ал медаль жеңіп алу – үлкен бақыт, табыс. Алдымызда тұрған спорттық шыңдарды бағындыруымыз керек. Жеңіске жету үшін барлық күшімізді саламыз», - деді ол.

Бокстан чемпион атанған Айбек Оралбай өзіне берілген сыйақыны қалай жұмсайтынын айтты.

«Олимпиададан аман-есен жеңіспен келдік. Бұл сыйақы – жаттықтырушыларым мен ата-анамның арқасы. Оларға да өзімнің сыйлығым бар. Ағайымның да біз үшін еңбегі зор. Бүгін ең үлкен сыйақымды алып отырмын, бұл тек бастамасы деп білемін. Ересектер арасында әлем чемпионатына, Токио мен Париж олимпиадасына қатысу үшін дайындалатын боламыз», - деді боксшы.

Айта кетсек, Буэнос-Айресте Қазақстан құрамасы төрт алтын, үш күміс, үш қола медаль жеңіп алды. Халықаралық командалар сапында күміс және қола медальға ие болды.

Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Диас Бахраддин (ескек есу), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт), Айбек Оралбай (бокс) жасөспірімдер Олимпиадасының чемпиондары атанса, Дамир Тойбай (бокс), Талғат Шайкен (бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо) күміс медальға ие болды. Ал Надежда Рябец (бокс), Стелла Суханова (ескек есу), Әбілмансұр Батырғали (карате) «қола» жүлдегерлер атанды. Халықаралық команда сапынла Роза Әбитов (көркем гимнастика) күміс медаль, ал Бекарыс Сәдуақас (дзюдо) қола медаль жеңіп алды.

Аргентинадағы жарысқа спорттың 23 түрінен 58 қазақстандық спортшы қатысқан болатын. Келесі жасөспірімдер Олимпиадасы 2022 жылы Сенегалда өтеді.

Фото/видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер