USD 335.61 EUR 361.32 RUB 5.26
Астана:

Жаңақорғанда қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир өтті

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қоғам қайраткері және еңбек ардагері Мәшбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир қорытындыланды.

14 қазанда басталған күрес сайысына Қазақстан, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстаннан барлығы 28 балуан қатысты.

Сайыс қорытындысының ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен өңіраралық әріптестік аясында делегацияны бастап келген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Олар спортшыларды дәстүрлі додамен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

«Қазақ күресінен республикалық чемпионат он бірінші рет және түйе палуандар арасында халықаралық турнир екінші мәрте өтіп жатыр. «Қазақстан барысының» алғашқы жеңімпазы шыққан аймақ үшін осы бәсеке болашақта да биік мақсатты бағындыру баспалдағы болмақ. Бүгінде Елбасының ерекше қолдауы арқасында елімізде спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып, дене шынықтырумен шұғылданушылар қатары өсті. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында турнир өткіземіз. Тәуелсіз мемлекетімізге бейбітшілік, қазақстандық спортшыларға жеңіс тілеймін!» – деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев спортшылар мен жанкүйерлерге белсенділігі үшін алғыс айтты.

Турнирдің қорытындысында жеңімпаздар диплом және алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Түйе балуандар арасындағы тартысты күресте бас жүлде «Лада Гранта» автокөлігіне Грузиядан келген Левани Матиашвили ие болды.

Екінші орынды және 500 мың теңге ақшалай сыйлықты қазақстандық Айбек Нұғымаров жеңіп алды. Ал үшінші орынды және 300 мың теңге ақшалай сыйлықты грузин Гурами Тушивили алды.

Бұдан бөлек, «Жан Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашев өз атынан Тушивилиге 1000 АҚШ долларын табыстады.

khabar.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады