BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Жамбы мергендері әлем чемпионы атанды

Бүгін Оңтүстік Корея Республикасынан қуанышты хабар жетті. Елдос пен Абзал ат үстінен садақ атудан Әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазіргі кезде Оңтүстік Корей Республикасының Каңвондо провинциясындағы Сокхчо қаласында ат үстінен садақ атудан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. 23 мемлекеттің алпыстан астам мергендері бақ сынайтын осы Әлем чемпионатына Жамбы атудың қос сұрмергені Елдос Бадашев пен Абзал Тулыбеков жуырда аттанған болатын.

Біз алған хабарға сүйенсек, ат үстінен садақ атудың Әлем чемпионаты әлденеше стиль бойынша өткізіледі. Елдос пен Абзал мерген осындай ерекше стильде өткен командалық жарыста бас жүлдені иеленген. Бәсеке басталмастан бірер күн бұрын өткен семинарда біздің мергендер Әлем чемпионатына жиналған спортшылар мен көрермендерге «Қазақ стилі» бойынша жамбы атудың әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, арнайы алаңда ат үстінен атып та көрсеткен. Жамбы атудың бәсекесіне қатты қызыққан Оңтүстік Корея Республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп мырза семинар соңында «Қазақ стилін» келесі жылғы Әлем чемпионатына қосуға уәде беріп, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығына арнайы сертификат жолдапты. Бұл сертификат қазіргі кезде қос мергеніміздің қоржынында екен. Сондай-ақ, «Қазақ стилі» Оңтүстік Африка мен Моңғолия республикасының ат үстінен садақ ату жарысын ұйымдастырушыларын қатты қызықтырған. Алдағы уақытта осы мемлекеттерде «Қазақ стилі» бойынша бәсеке өткізу қолға алынбақ.

Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп мырзаның қолынан ҚР Ұлттық спорт қауымдастығына жолдаған сертификатты алу салтанатында.

Ал, Әлем чемпионатындағы жарысқа келсек, біздің мергендер жартылай финалда моңғолиялықтардан, ақтық бәсекеде оңтүстік кореялықтардан басым түсіп, Әлем чемпионатының алтын медалін олжалапты. Осы жарыс үстінде Абзал Тулыбеков ең кішкентай нысана атудан (15х15 см) рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Бұған дейін мұндай нысанаға Абзал сияқты төрт жебесін қатарынан қадаған мерген болмапты.

Ат үстінен садақ атудан Әлем чемпионаты ертең аяқталады. Чемпиондарымыз қазанның 9 жұлдызында, сағат 21.55-те Алматыға ұшып келеді. Әлем чемпиондарын салтанатты қарсы алу рәсімі Алматы әуежайында өткізілмек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер