BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Велоспорттан Қазақстан командасы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды

Фото: Сали Сабиров

Астана, BAQ.KZ. Велоспорттан Қазақстан ерлер командасы Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды.

Olympic.kz сайтының мәліметіне қарағанда, Глеб Брусенский мен Евгений Федоров бес кезеңге созылған кешенді жарыста көш тізгінін ешкімге берген жоқ.

Бүгін маунтинбайктен өткен критериум жарысында Глеб Брусенский екінші орын иеленіп, команда қоржынына 80 ұпай салды.

«Біз әрі кетсе үздік үштікке енеміз деген мақсат қойған едік. Алайда, әлеуетеміз одан да жақсы екеніне көз жеткіздік. Алтын медаль алуға мүмкіндік барын сезген соң, өзімізді қамшылаумен болдық. Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шыны керек, маунтинбайк бізге қиын соқты. Оның үстіне, бүгін жарыс кезінде велосипедімнің отырғышы сынып кетті. Қуанышқа қарай, бәрі жақсы аяқталды», - дейді Брусенский.

Евгений Федоров та ұпайсыз қалған жоқ. Ол алтыншы орыннан көрініп, 30 ұпайға қол жеткізді.

«Қарсыластарымызды алға жібермеуге тырыстық. Бізді өкшелеп келе жатқан Люксембург спортшыларына ерекше бақылауда ұстадық. Үздік үштікке енеміз деп келген едік, алтынмен оралғалы тұрмыз. Біздің жеңісімізге септігін тигізген жандарға алғысым зор. Бапкерімізге барша ақыл-кеңесі үшін бас иеміз», - деді Федоров.

Осылайша, Қазақстан командасы жалпы есепте 418 ұпай жинап, алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлдегер атанған Люксембург құрамасында 276, қола жүлде иеленген Ұлыбританияда 253 ұпай бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер