BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

UFC-дегі тұңғыш қазақ Дамир Исмағұлов туралы не білеміз? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жақында этникалық қазақ Дамир Исмағұлов Абсолютті жекпе-жек чемпионатындағы (UFC) тұңғыш жеңісіне қол жеткізді. Бұл жаңалыққа Дамирдің Қазақстандағы жанкүйерлері де ерекше қуанғаны рас.

Ultimate Fighting Championship (Абсолютті жекпе-жек чемпионат немесе Абсолютті ержүректер клубы) – бүгінгі таңда әлемнің таңдаулы ержүрек спортшыларының басын қосып отырған беделді ұйым. Конор Макгрегор, Хабиб Нурмагомедов, Дэниел Кормье, Макс Холлоуэй, Генри Сехудо секілді мықтылардың бақтары осы UFC-де жанды.

Елімізде де жауынгерлік өнерді серік еткен спортшылар көп. Қазақ жігіттері де беделі мен танымалдылығы артып келе жатқан аталған ұйымға кіруге талпынып жүргенін көріп жүрміз. Өкінішке қарай, әзірге отандастарымыздың арасында UFC-мен келісімшарт жасасқан ешкім жоқ. Есесіне, жақында Ресейде туған этникалық қазақ Дамир Исмағұлов осы ұйымның мүшесі атанып, алғашқы жеңісіне де қол жеткізіп үлгерді.

Дамир туралы не білеміз?

Дамир – 1991 жылы Ресейдің Орынбор қаласынан 230 шақырым қашықтықта орналасқан Ударное селосында дүниеге келген. Бұл ауыл Ресейдегі артта қалған ауылдардың бірі. Асфальт, интернет, тіпті, дүкен де болмаған. Есесіне, осындай ауылдан Дамир секілді чемпион жарқ етіп шықты.

Отбасының тұңғышы болған соң, ата-әжесінің баласы болып өседі. Болашақ чемпионды атасы Амангелді мен әжесі Кәусардың тәрбиелеген. Алғашқы ірі гонорарын алған кезде атасына автомобиль сатып әперіпті. Өзі туған ауылын ерекше жақсы көреді. Орынбор – қазақтың тұңғыш астанасы болған қала. Сондықтан бұл өңірде этникалық қазақтар көптеп тұрады. Тіпті, Дамирдің мектептегі сынып жетекшісі болған – Әсия Нұғыманова да қазақ.

Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен. Сондықтан бір кездері шаруа қожалығы да болғысы келіпті. Оқуға түсетін кезде ауыл шаруашылығы немесе денешынықтыру екеуінің біреуін таңдауға тура келеді. Сөйтіп, спортқа басымдық береді. Оның аралас жекпе-жекпен айналысқанына 7 жыл. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері. 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекке ден қойып, біраз жетістікке қол жеткізіп үлгерді.

Исмағұловтың өзгелерден ерекшелігі соққысы өте жойқын. Сондықтан көрермендер оның жекпе-жегінен ерекше ләззат алады. Өзінің айтуынша, бала күнінде аралас жекпе-жек туралы білмеген екен.

«11 сыныпқа дейін бокс, күрес, жекпе-жек дегендердің не екенін білмей өстім. Менің ауылымда бәрі тек футбол ойнайтын. Басқа спортқа ешқайсысы қызықпайтын. Сондықтан футбол ойнадым, жеңіл атлетикамен айналыстым», ­– дейді спортшы «Путь бойца» атты деректі фильмдегі сұхбатында.

Футболмен достығы 19 жасқа дейін жалғасады. Кейін жарақат алып, футболдан уақытша қол үзе тура келеді. Сол кезде достары жекпе-жек залына шақырған. Осы күннен бастап, оның өмірі күрт өзгереді. Аралас жекпе-жектегі алғашқы жеңісі де көп күттірген жоқ. Жаттығуды бастағаннан кейін екі аптаның ішінде бірінші турнирін ұтады. Бір айдан кейін Ресей чемпионы атанады сосын Еуропаны бағындырып, спорт шебері атағына ие болады.

Исмағұлов 2014 жылы ММА бойынша Ресей Суперкубогына қатысып, Ресей кубогының иесі чемпион Рамазан Сулебановпен кездесуде жарақат алып, жарысты әріқарай жалғастыра алмайды. Сонымен қатар Дамир Aktau Open Fest-2016 турнирінде панкриатоннан NFC тұжырымы бойынша Азия чемпионы атанады. Кейіннен Алматыдағы гран-приде барлық қарсыластарын жеңеді.

Алғашқы чемпиондық белбеу

Ресейді М-1 Global атты аралас жекпе-жектен жарыс өтетін халықаралық ұйым бар. Штаб-пәтері Санкт-Петербург қаласында орналасқан. М-1 брендінің қалыптасқанына 20 жылдан асты. 1997 жылдан бастау алған. Мұнда Федор Емельяненко, Джеф Монсон, Педро Хизо, Андрей Орловский, Хабиб Нурмагомедов секілді талай жұлдыздар өнер көрсеткен. Дамир бұл жоба аясындағы алғашқы кездесуін 2014 жылы өткізді. Бірақ бірнеше жыл бойы чемпиондыққа таласа алмай жүрді. Тек соның сәті былтыр түсті. Чемпиондық белбеуге таласатын жекпе-жегінің алдында айтқаны:

«Мен екі рет титулдық жекпе-жек ұйымдастыруды сұрадым. Маған уәде еткендерімен, үнемі бірнәрсеге тап болып жүрдім. Біресе, чемпион басқа қарсыласпен шығатын болды дейді, енді бірде басқа да себептер табады. Әйтеуір әртүрлі сылтаулар бітпей қойды. Сондықтан мен бұл ұйымға өз шартымды қойдым: бұдан кейін чемпиондық титул болмаса, жәй рейтинг үшін кездесуге шықпайтынымды айттым. Оларда осыдан кейін басқа таңдау болмады», – дейді Д. Исмағұлов «Спорт Экспресске» берген сұхбатында.

Өзінің титулдық жекпе-жегін туған жері Орынборда сарапқа салды. М-1 Challenge 78 аясында отандасы Максим Дивничпен кездесті. Жекпе-жек 5 минуттан 5 раундқа созылады деп жоспарланған еді. Алғашқы минуттан тізгінді өз қолына Исмағұлов бесінші раундтың соңғы жағында қарсыласын сұлатып түсірді. Рефери техникалық нокаут деп тіркеді. Кездесу ресми түрде 5 раундтың 4 минут 45 секундында тоқтатылды.

Жекпе-жектен кейін октагонда тұрып, қазақстандық жанкүйерлерге де алғыс айтуына ұмытпаған болатын. Одан соң өз атағын 4 рет қорғады. Былтыр бразилиялық Рожерио Матиас да Консейсаумен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Соңғысын осы жылдың 15 маусым айында өткізді. Ол Артем Дамковскийді бірінші раундта-ақ техникалық нокаутпен ұтты.

Артеммен жолығар алдында спортшы Таиландта дайындалды. «Тайгер Муайт-Тай» атты танымал лагерде онымен бірге дәл осы кезде қазақстандық Қуат Хамитов та жаттығады. Кейіннен Дамир Исмағұлов бір сұхбатында Таиландта жүргенде «Найман» мұндай тәуекелге барудың не қажеті бар деп ұсыныс айтыпты: «Саған Дамковскиймен жекпе-жек не үшін керек? Осындай мықты қарсыласпен кездесіп, тәуекелге барудың не қажеті бар? Сенің онсыз да рейтингің өте жақсы, беделді ұйымдардан ұсыныстар да жеткілікті. Мұндай тәуекел өзің ақтамайды», – депті Хамитов.

Сол кезде Дамирдің жауабы былай болған: «Бәлкім, Қуат, сенікі дұрыс шығар. Спорттық карьераңда стратегиялық дамуды қалай таңдауға болатынан тәжірибең бар. Бірақ мен басқаша ойлаймын. Егер мен Дамковскийге қарсы шықпасам, онда топ-лигалар жайлы ойлаудың не қажеті бар? Артемді жеңе алмасам, басқа ұйымдардан маған еш қайран жоқ. Мен тек үздіктермен шыққым келеді», – деп жауап беріпті.

Жалпы, Исмағұлов, М-1 аясында 18 жекпе-жектің 16-сында жеңіске жеткен. Оның тоғызын нокаутпен ұтқан.

UFC-дегі тұңғыш қазақ

Қараша айында Дамир Абсолютті жекпе-жек чемпионатымен (UFC) келісімшартқа отырды. Сөйтіп, осы ұйымның мүшесі болған тұңғыш қазақ атанды.

«Құрметті достар, бауырларым, әлемдегі ең беделді UFC ұйымымен келісімшартқа отырғаным жайлы қуанышты жаңалықты хабарлағым келеді. Алғашқы кездесуім жақын арада өтеді. Қарсыласым – өте мықты спортшы, ММА тарихындағы үздіктердің көбісін жеңген. Бұл жоғарғы лигаға өту үшін жақсы мүмкіндік әрі қазақтардың кім екенін көрсету қажет! Менеджерлерімен атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіргім келеді», – деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.

Исмағұлов алғашқы кездесуін 2 желтоқсан күні ирландиялық Джозеф Даффимен өткізу керек болған. Бірақ қарсыласы жарақат алып, ұйымдастырушыларға басқасын іздеуге тура келді. Дафф кезінде Конор Макгрегорды жеңген спортшы. Сосын ешқашан жеңіліп көрмеген аустралиялық Алекс Джорджеспен (7-0) сынға түсті. «Хитман» атымен танымал Алекс Джорджес 23 жаста екен. Ол – Australia Top Team мүшесі, UFN промоушенінің чемпионы. Аустралиялық файтер де UFC-дегі дебютін өткізді.

Жекпе-жек 3 раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен Дамир жеңіске жетті. Алғашқы минуттан соңына дейін сауатты қимылдаған Дамир күмәнсіз түрде қарсыласынан басым түсті. Қандасымыз тік тұрып айқасқанда да, күресте де қарсыласына қарағанда әлдеқайда алымды көрінді. Қорытынды есеп – 30-25, 30-26 және 30-26.

Сөйтіп, Исмағұлов аралас жекпе-жектен әлемдегі ең үздік лигада жеңіске жеткен тұңғыш қазақ ретінде тарихқа өз есімін алтын әріптермен жазып қалдырды.

«Бәрі де жақсы. Көптен күткен кездесуімді өткізіп, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бұл кездесуге ұзақ дайындалдым. Мен кез келген қарсыласпен жолығуға келісімімді бердім. Осындай мүмкіндік сыйлаған UFC-ге рахмет. Менің негізгі салмағым – жеңіл емес, жартылай жеңіл салмақ. Барлық мықтылармен жекпе-жек өткізуге дайынмын. Бір апта бойы қобалжып жүрдім, ұйықтамадым. Біріншіден, Аустралияға бейімделу қиынға соқты. Екіншіден, қысым күшті болды. Өйткені, тек Қазақстан мен Ресей ғана емес, әлем бойынша қолдау көрсететіндер көп. Жер шарының әрбір түкпірінде тұратын қазақтардың барлығы әлеуметтік желіде маған жазып тұрады. Дегенмен, команда мүшелерінің арқасында жеңіске жеттім», – дейді Дамир Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Қазақстан жайлы

Дамир әрбір сұхбатында Қазақстан жайлы үнемі жылы пікірін білдіреді. Тіпті, Аустралияның Аделайда қаласында өткен UFC-дегі алғашқы жекпе-жегінде де қазақтың әнімен шықты. Сондай-ақ екі елдің (Қазақстан мен Ресейдің) туын көтеріп ұстады. Тіпті, Аустралияға қазы алып барғанын да айта кетсек, артық болмас.

«Қазақстан – менің екінші яғни тарихи отаным. Қазақстанға барғанда мені жылы қарсы алады. Ол жерде бәрі бауырлары келгендей күтеді, өзімді ешқашан бөтен сезінген емеспін. Үнемі маған қолдау көрсетеді, әрбір жекпе-жегімнің алдында алаңдап отырады. Мен Қазақстанға жаттығуға көп барамын. Алматыда да бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол кезде Астана, Оралдан спортшылар келіп бірнеше дайындалып, қолдау көрсеткен болатын. Қазақ – ең қонақжай халық. Ең қиыны диета ұстау қиын. Өйткені, бәрі қонаққа шақырады. Бірақ барлығына барып үлгеру мүмкін емес», – дейді М-1 ресми сайтына берген сұхбатында.

Дамир Исмағұловтың өткізген жекпе-жектері нәтижелері:

1. Давид Баскай – жеңді (SCP – Scythian Gold Promotion,18.10.2014);

2.Эльдар Магомедов – жеңді (Kazakhstan MMA Federatoin Battle of Nomads 2,

30.11.2014);

3.Рамазан Сулебанов – жеңілді (FEFOMP-Russiaꞌs MMA Supercup, 20.12.2014);

4. Фуад Алиев – жеңді (Kazakhstan MMA Federatoin Battle of Nomads 3,

11.04.2015);

5.Сергей Андреев – жеңді (M-1 Challenge 57 – Battle in the Heart of the Continent, 02.05.2015);

6. Педро Еуженио Гранхо – жеңді (M-1 Challenge 59 – Battle of Nomads 5, 03.07.2015);
7. Рамазан Эсенбаев – жеңілді (M-1 Challenge 61 Battle of Narts, 20.09.2015);

8. Хавьер Фуентес – жеңді (OMMAF–Scythian Gold 2015, 21.11.2015);

9. Геннадий Сысоев – жеңді (Scythian Gold MMA Fight Night, 04.03.2016);

10. Вячеслав Тен – жеңді (M-1 Challenge 65, 08.04. 2016);

11.Раул Тутараули – жеңді (M-1 Challenge 66, 27.05. 2016);
12. Ілияс Шыңғысбек – жеңді (NFC 6 Nazia Fighter Championship 6, 16.09. 2016);

13. Рубенилтон Перейра – жеңді (M-1 Challenge 72, 18.11.2016);

14. Морган Эру – жеңді (M-1 Challenge 74, 18.02. 2017);

15. Максим Дивнич – жеңді (M-1 Challenge 78, 26.05.2017);

16. Рожерио Матиас да Консейсау – жеңді (M-1 Challenge 85, 10.11. 2017);
17. Рауль Тутараули – жеңді (M-1 Challenge 88, 22.02. 2018);

18. Артем Дамковский – жеңді (M-1 Challenge 94, 15.06.2018);

19. Алекс Горгис – жеңді (UFC Fight Night 142, 01.12.2018).


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер