BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

"Токиода жеңеміз". Жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары елге оралды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, қазанның 23-ші сағат 02:30-да Астанадағы халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына Аргентинадағы үшінші жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан Қазақстан құрама командасы ұшып келді. Оларды жақындары мен жанкүйерлері гүл шоқтарымен, қошеметпен қарсы алды.

Әуежайға келген адамдар қарасы көп болды. Түнгі сағат 2.00 болса да спортшылардың туыстары мен жақындары, спорт жанашырлары мен жанкүйерлері қолдарына гүл шоқтарын алып, жеңімпаздарды тағатсыздана күтіп тұрды. тіпті, қолдарына спортшылардың фотосы бар плакаттарды ұстап, "Айбек – чемпион!", "Дамир –чемпион!" деп айқайлап жатты.

Рейс ұшып келді. Үлкен жүктерін арқалап "сап-сары балапандар" бірінен соң бірі шыға бастады. Бәрі риза. Жанкүйерлердің қошеметі дәл мұндай болады деп ойламаса керек.

Буэнос-Айресте Қазақстан спортшылары төрт алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Одан бөлек, халықаралық команда сапында жас спортшыларымыз 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Жас спортшылар журналистерге жарыстан алған әсерлерімен бөлісті.

Алтын жүлдегер Диас Бахраддин – Қызылорда облысының тумасы, ескек есумен 4 жылдан бері айналысып келеді.

"Осы төрт жылда ең мықты нәтижемді жасөспірімдер Олимпиадасында көрсеттім. Жарыс өте қиын болды. 1,5 жыл босқа дайындалмағанымызды сол жақта көрсеттік. Оңай жарыс болмайды. Ең бірінші Германияның баласымен жарысып, оны 3 секунд ұттым. Екінші украин спортшысымен жарыста кішкене қобалжып қалдым да, қолым байланып қалды. Мәреден өткеннен кейін құлап, бетімді жырып алдым. Финалда өте мықты өзбектің баласымен жарыстым. Мықты дайындалған, бұрыннан байқап жүрдім. Үштікке кіремін деген ой болды. Алтын алу арманым еді, армандар орындалады",- дейді Диас.

Жас спортшы ескек есуден құрамамен бірге қыста Өзбекстанда, жазда Ыстықкөлде, Алматыда дайындалады. Ендігі мақсаты – ересектер арасындағы жарыстарда жеңіске жетіп, көк туды желбірету.

Бокстан Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетті: 1 алтын, 2 күміс, 1 қола.

Алтынға бір қадам жақын қалған Алматы қаласында "Шаңырақ" спорт мектебінде тәлім алатын Дамир Тойбай әр жекпе-жектің оңайға соқпағанын айтты.

"Олимпиада ойындары жақсы өтті. Осылай қарсы алып жатқан жанкүйерлерге рахмет Екінші орын алдық, Аллаға шүкір. Финалда ресейлік боксшымен шықтым. Жақсы болды. Барлық жекпе-жек оңай болған жоқ. Финалда ұтқан сияқты едім, төрешілердің шешімі осылай болды. Үш раунд бойы қарсыласымды қуалап жүріп ұрдым. Төрешілердің 4:1 шешімімен жеңісті Ресей боксшысына берді. Енді ересектер арасында шығамыз. Токионы бағындырамыз.

Қазақстандық жанкүйрерлерді жасөспірімдер Олимпиадасында велоспорттан ерлер командасы таңқалдырды. Глеб Брусенский мен Евгений Федоров бес кезең бойы жеңісті ешкімге бермей чемпион атанды. Қазақстандықтарды өсіп келе жатқан Александр Винокуровтың ізбасарлары қуантты.

"Бізді дәл мұндай халық күтіп алады деп ойламадық. Өмірімізде бірінші рет. Барлығы гүлдерін ұстап, құшақтап күтіп алып жатыр. Мәз болдық. Алғашында жылайын деп қалдым. (...) Әзірге демалыстамыз. Содан кейін жаттығып, жарыстарға қатыса береміз", - дейді олар.

Бокстан чемпион атанған Айбек Оралбай Олимпиаданың өте сәтті өткеннін, бокстан командалық есепте үшінші орын алғандарын айтты.

"Ең соңғы алтынды қоржынға мен салдым. Өзіміздің еліміз үшін жеңіске жету – айтып жеткізе алмайтын сезім. Әнұранымыз шырқалып, туымыз көкке көтеріліп жатқаны да үлкен қуаныш. Біз оған мықты дайындалып, алтын үшін бардық. Көптеген жаттығулар жасадық. Жанкүйерлеріміз ол жақта да көп болды. Жекпе-жегімізге келіп, көмектесіп, жанкүйерлік еткендеріне, бізді осылай күтіп алғандарыңызға рахмет. Өте қуаныштымыз, ризамыз. 2020 жылы Токио Олимпиадасына бар күшімізді саламыз. Ол жақтан да жеңіспен ораламыз", - деп боксшы нық сеніммен айтты.

Жасөспірімдер олимпиадасында алғашқы алтынды алған Бекарыс Сәдуақас өзінің дайындықпен барғанын, жеңетініме сенімді болғанын айтты.

"Күтіп алған халыққа рахмет. Алда үлкен олимпиаданы ұтқым келеді. Қазір демаламыз. 2019 жылдан бастап жарыстарға қатысамын", - деді дзюдошы.

Ол дзюдодан халықаралық аралас командалық сында қола жүлдегер атанды.

"Біз "Лондон" командасы болдық. Әртүрлі елдің спортшыларымен бір командада күрескен қызық екен. Қалған уақытта құрамадағы спортшылардың жарыстарын көріп, жанкүйер болдық. Ауылдағы, спорт мектебіндегі, құрамадағы бапкеріме алғыс айтамын. Үш бапкердің арқасында осындай нәтижеге жетіп жатырмын. Көптеген оқу-жаттығу жиындарынан өттік. Тунисте олимпиадаға баратын балалармен күрестік. Екі жыл құрамада жүрдім. Құрамаға, олимпиадалық даярлау орталығына алғыс айтамын. Алда тағы да жеңіс тұғырына шығамын деген ойым бар", - деді Бекарыс Сәдуақас.

Дзюдодан кадеттер арасындағы жаттықтырушы Ғайнулла Есенғалиев қос дзюдошының жоспарды 100% орындағанын айтты.

"Дзюдодан 1 алтын, 1 күміс еншіледік. Олимпиадаға бармастан бұрын жоспарымызды 1 алтын, 1 қола деп қойдық. Балалар сенімді ақтады. Осы балалар енді жастарға өтеді. Біз келесі жылы жас балуандарды іздейміз. Екі оқушымыз әлемдік рейтингте көш бастады", - дейді бапкер.

Ол шәкірттерінің жарысқа бір жыл дайындалғанын атап өтті.

"Оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға қатысты. Үмітімізді ақтады. Дзюдодан Олимпиадаға әр мемлекеттен 1 ер бала, 1 қыз бала қатысады. Іріктеу жарыстарынан осы екі оқушымыз сүрінбей өтті. Әлемдік рейтингке бірінші шығып лицензия алды", - деді ол.

Спортшылар жанкүйерлердің қошеметінен соң үйлеріне тарқасты. Екі апта бойы бір қалашықта өмір сүріп, бауыр басып қалған олар бір-бірімен қимай қоштасып, достықтары әрі қарай жалғаса беретінін айтты. Спортшылар кішкене уақыт демалған соң қайтадан жарыстарға қатысып, жеңісті жолдарын жалғастыра береді. Олимпиада қозғалысы балалардан анық сезіледі. Олар алғаш рет бір құрама сапында үлкен жарысқа қатысты. Алда оларды нағыз Олимпиада күтеді.
Төмендегі спортшылардың есімдерін есте сақтаңыздар. Олар – болашақ Олимпиада чемпиондары.

Алтын жүлдегерлер: Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Диас Бахраддин (ескек есу), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт), Айбек Оралбай (бокс).

Күміс жүлдегерлер: Дамир Тойбай (бокс), Талғат Шәйкен (бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо).

Қола жүлдегерлер: Надежда Рябец (бокс), Стелла Суханова (ескек есу), Әбілмансұр Батырғали (карате).

Халықаралық команда сапында Роза Абитова (көркем гимнастика) күміс, Бекарыс Сәдуақас (дзюдо) қола медаль жеңіп алды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер