BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Самбошылар әлем чемпионатынан елге оралды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 8-12 қараша күндері Румыния астанасы Бухаресте өткен самбодан ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Бүгін спорт жанкүйерлері мен олардың жақындары халықаралық Назарабаев әуежайынан жеңімпаздарды гүл шоқтарымен күтіп алды.

Бухаресте өткен додада 68 келіде Нұрбол Серіков пен 82 келіде Темірлан Ихсанғалиев чемпион атанса, 68 келіде Нұркелді Қиялбеков «күміске» қол жеткізді. Ал Серікжан Түсіпов (58 кг), Гүлнұр Ерболова (52 кг), Нұркен Домбаев (52 кг) чемпионаттың қола медаліне ие болды. Жауынгерлік самбодан командалық сында Қазақстан құрамасы қола жүлдені иеленді. Бұл сында Ресей 1-орын, Украина 2-орын алды.

«Біріншілік самбо күресіне 80 жылдық мерейтой қарсаңында өтті. Додаға 80-нен астам елдің спортшылары қатысты. Қазақстан жақсы нәтиже көрсетті. Командалық сында 3-орынға ие болдық. Балалар лайықты дәрежеде белдесті. Жылды жоғары көрсеткішпен аяқтадық. Азия ойындарында екі алтын алдық. Сәтті жыл болды. Тапсырмалар орындалды», - деді самбодан Қазақстан құрама командасының басшысы Жандос Кемелбаев.

Ол Қазақстан командасы әлем біріншілігіне жаңартылған құраммен барғанын атап өтті.

«Жасы үлкен самбошылар кетіп, жастар келіп жатыр. Соның дәлелі Нұрбол Серіков әлем чемпионы атанды. Келер жылы Қазақстан чемпионатында мықты балуандарды іріктеп, құраманы жасақтаймыз. Олар әрі қарай Азия мен әлем чемпионатына қатысады», - деді Кемелбаев.

Әлем чемпионы Нұрбол Серіков айтулы доданың оңайға соқпағанын айтты. Ол осыған дейін үш біріншілікте бақ сынаған.

«Ең қиын белдесу финалда әзербайжандық балуанмен өтті. Былтыр Сочиде оны ұтып келе жатып, соңғы сәтте жеңіліс таптым. Биыл есемді қайтардым. Жалпы бес белдесу өткіздім. Әлем біріншілігіне спортқа келгеннен бастап дайындаламыз. Алдымызға мақсат қоямыз. Биік шыңға жету – әр спортшының арманы. Сол арманыма жеттім», - деді самбошы.

Тәжірибелі спортшы Темірлан Ихсанғалиев жауынгерлік самбодан бесінші әлем чемпионатына қатысты. Осыған дейін 3 қола, 1 күміс медаль иеленген ол биыл чемпион атанды.

«Төрт белдесу өткіздім. Белдесу алдында өзімді жақсы дайындадым. Тактикамды жасап, жеңіске жеттім. Биыл чемпион болып отырмын. Енді демалып, денсаулығымды қалпына келтіруім керек», - деп ол чемпионат туралы пікір білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер