BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Ниязымбетов: Ел чемпионатына 10-ақ күн дайындалдым

Әуесқой бокстан 81 келіге дейін салмақта Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы Әділбек Ниязымбетов соңғы турнир басталардан бірнеше күн бұрын спортпен қоштасу туралы ойланғанын айтты. Ол Қазақстан чемпионатына қатысуды турнир басталуға санаулы күн қалғанда шешкен. Бұл жөнінде әйгілі боксшы sports.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

Әділбек Ниязымбетов ел біріншілігі жоғары деңгейде өтті деп есептейді. Әйтсе де өз салмағындағы боксшыларды жеңу оған аса қиынға түспеген.

«Шынын айтқанда Қазақстан чемпионатына он күннен сәл ғана көп дайындалдым. Карьераны аяқтау туралы ойлар болды, осылай етуге шақ қалдым. Өйткені, арқамның жарақаты маза бермеді. Екі апта бұрын Кореяға бардым. Ондағы дәрігерлер операция жасау қажет емес екенін айтты» дейді 81 келіге дейін салмақта еліміздің үздік боксшысы.

Ол бапкері Марат Жақиев екеуі кореялық дәрігерлердің кеңесімен турник, бассейн сияқты қарапайым жаттығулар арқылы жарақатты емдеуді шешкен. Сөйтіп Қазақстан чемпионатына дайындалуға кіріскен. Соған қарамастан Әділбекке ел чемпионатын жеңіп алуға қиынға соқпаған.

«Бокста ұзақ үзілістің жағымсыз жағы көп. Тұрақты практика болмағандықтан формадан айырыласың. Бірақ жылдар бойы жаттығулар кезінде қаланған фундамент пен тәжірибе бәрібір қалады. Меніңше көмектескен осы нәрсе болды».

Ниязымбетов боксты тастауды Рио Олимпиадасынан кейін ойлаған. Ал қайта оралуына өз салмағында аса мықты боксшылардың шықпауы себеп болған. Әйтсе де ол осы чемпионатта көптеген жас боксшылардың көрінгенін айтты. Олардың қатарында Ниязымбетов өз салмағындағы Бекзад Нұрдәулетовті, Әлімханұлын жеңген 19 жасар Михаил Коханчикті атады.

«Бізді осындай жастар өкшелеп келе жатқаны қуантады. Бірақ өз пікірім, олар әлі жүз пайыз дайын емес. Мен Олимпиадада, әлем чемпионатында бокстастым, онда бәсеке деңгейі айтарлықтай жоғары» деді ол.

Ниязымбетов жақын уақыттағы мақсаты Азия ойындарында жеңіске жету екенін айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер