USD 334.48 EUR 355.62 RUB 5.25
Астана:

Министр: Футболшыларымыз ағылшындар секілді ойнаса, «Қазспортқа» 32 камера әперуге дайынмын

Фото: tengrinews.kz

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен «Қазспорт» телеарнасы үшін футбол ойындарын көрсетуге арналған жылжымалы-телевизиялық станса жетіспейтіндігін айтып, көмек сұрады.

«Еліміздегі жалғыз спорт арнасы үшін өңірлерде өтетін футбол ойындарын көрсету проблема болып отыр. Ел біріншіліктерін көрсету үшін жылжымалы-телевизиялық станса жетіспейді. Мысалы, сенбі-жексенбі күндері әр облыста футбол ойындары өтеді. Алматы мен Астананы 16 камералық ЖТС-тың көмегімен сапалы көрсете аламыз. Ал жергілікті жерлерде өтіп жатқан матчтарды көрсету қиын. Бар-жоғы 4 камера ғана қоямыз. Ал, футбол көрсету талаптарына сәйкес кемінде 12 немесе 16 камера қолданылуы керек. Мәселен, ағылшын премьер-лигасының ойындарында 32 камера пайдаланылады. Сондай-ақ, қараша айында Қызылордада гандболдан өтетін Азия чемпионатын «Қазспорт» телеарнасы көрсете алмайды. Себебі дәл сол уақытта Алматы мен Астанада шаралар бар. Сондықтан ЖТС жібере алмайтын болғандықтан, біз оны көрсетпейміз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, гандболды 4 камерамен көрсетсек, сапасы нашар болады. «Қазспорттың» көрсетілімін дамыту үшін бізге ЖТС мәселесін шешіп берсеңіз, үлкен қолдау болар еді», - дейді К.Ойшыбаев.

Министр отандық футболшылар ағылшын премьер-лигасындағыдай қызықты ойын көрсетсе, 32 камера алып беруге дайын екенін айтып әзілдеді.

«Қазспортқа» футбол ойындарын көрсету үшін 16 камера жетпейді. 32 камера қажет десеңіз, біз оны қолдауға дайынбыз. Бірақ, футболшыларымыз Ағылшын премьер-лигасы сияқты ойнаса ғана», -деп әзілдеді Д.Абаев.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады