BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Лука Модрич «Алтын допқа» шынымен лайық па? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Жылдың үздік футболшысына табысталатын «Алтын доп» сыйлығын 2018 жылы хорватиялық Лука Модрич жеңіп алды. Ол 10 жылға созылған Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің гегомониясын бұзған алғашқы футболшы атанды.

«Алтын доп» қазіргі кезде әлемдегі үздік ойыншыға берілетін жүлденің ең қадірлісі болып тұр. France Football журналының бұл сыйлығын алуға футболшылардың барлығы талпынады. Тізімде жалпы саны 30 үміткер болды. Олардың арасында әрине, Роналду мен Месси де бар. Алайда, соңғы 10 жылда ешкімге дес бермеген қос мықтының екеуіне де бұл сыйлық осы жолы бұйырған жоқ.

«Алтын доптың» иегерін анықтауға әлемнің 180 елінің журналисі қатысты. Олар France Football журналының ережесі бойынша 2018 жылдың үздік бес футболшысына дауыс берді. Бірінші орынға – 6 ұпай, екіншіге – 4, үшіншіге – 3 ұпай үлестіріледі. Қазақстаннан дауыс беруге Гений Төлегенов қатысты. Отандасымыз бірінші орынға Криштиану Роналдуды қойған.

Дауыс берудің қорытындысы бойынша Лука Модрич 753 ұпай жинап, барлығынан қара үзіп кеткен. Екінші орындағы Криштиану Роналду 476 ұпайға ие болған. Үштікте Антуан Гризманн бар. Модрич «Алтын доптың» иегері атанған алғашқы хорват футболшысы. Тіпті, бұрын-соңды Югославия аймағында туған футболшылардың бірде-бірі қол жеткізбеген. Айтпақшы, керемет статуэтканың бағасы – 13 мың еуро тұрады.

Осылайша, үшінші жыл қатарынан «Алтын доп» сыйлығы «Реал» (Мадрид) командасының ойыншысына бұйырды. Бұған дейін екі рет 2016 және 2017 жылдары Криштиану Роналду қол жеткізген. Модрич Испанияның атақты спорттық басылымы Marca-ға берген сұхбатында түптің түбінде «Алтын допқа» ие болатына «Реалды» жаттықтырған Зинеддин Зиданның сенгенін айтты.

«Өзімнің «Алтын допқа» үміткерлердің қатарында бар екенімді білгенде жеңетініме сене бастадым. Алайда, ешқашан ұмытпайтын бір сәтті айта кетейін. Зидан 2016 жылы қаңтарда «Реалға» бас бапкер болып тағайындалғанда, мені команданың маңызды ойыншысы ретінде көретінін және алдағы уақытта «Алтын допты» жеңіп алуым мүмкін екенін айтқан», – дейді Модрич.

Хорватиялық футболшы «Реал» сапында 2012 жылдан бері 276 матчқа қатысқан (13 гол, 42 нәтижелі пас). Айтпақшы, Модрич «Алтын допқа» қол жеткізген «Реалдың» жетінші ойыншысы. Бұған дейін Мадрид клубында жүріп, Альфредо ди Стефано (1957, 1959), Раймон Копа (1958), Луиш Фигу (2000), Роналдо (2002), Фабио Каннаваро (2006) және Криштиану Роналду (2013, 2014, 2016, 2017) осы сыйлықты жеңіп алған.

Сөйтіп, «Реал» «Алтын допты» жеңіп алған ойыншыларының саны жөнінен «Барселона», «Ювентус» және «Миланды» басып озды. Аталған клубтардың әрқайсысының 6 ойыншысы әр жылдары осынау мәртебелі сыйлыққа ие болған.

Жаңадан тағы екі сыйлық табысталды

France Football биылғы жылы жаңадан жекелеген ойыншыларға берілетін тағы екі жүлдені қосыпты. Оның біреуі былтырғы жылы дүниеден өткен Францияның атақты футболшысы Раймон Копа атындағы жүлде. Аталған сыйлық 21 жасқа дейін үздік футболшыға табысталатын болады. Алғашқысы Франция құрамасы мен ПСЖ клубының 20 жастағы шабуылшысы Килиан Мбаппе жеңіп алды. Үміткерлер арасында Патрик Кутроне («Милан»), Трент Александер-Арнольд («Ливерпуль»), Джанлуиджи Доннарумма(«Милан») болды.

Екінші жүлде әйелдер арасындағы «Алтын доп» сыйлығы. Оған 23 жастағы «Лион» клубының норвегиялық шабуылшысы Ада Хегерберг қол жеткізді.

Роналду мен Мессиді жеңілісті көтере алмай ма?

Биылғы жылы жекелеген сыйлықтардың барлығын Модрич жеңіп алды. Ол бұған дейін ФИФА-ның және УЕФА-ның таңдауы бойынша үздік ойыншы атанған. Енді, міне, «Алтын допты» да алып, 2018 жылдың теңдессіз футболшысы екенін дәлелдеді. Бір қызығы, жылдың үздіктерін анықтаған салтанатты марапаттау рәсімдердің бірде-біреуіне Криштиану Роналду мен Лионель Месси келген емес. Екеуі де алдын-ала кімнің жеңетінін естіп алып, қалыс қалғандай. Салтанатты марапаттауға қатысып, бұл жолы жеңілгенді мойындай білгендерінде одан екеуінің беделі түсіп қалмас еді. Бәлкім, біз білмейтін басқа себептері болған шығар.

Қазан айында Криштиану France Football журналына берген сұхбатында: «Іштей өзімнің тарихтағы үздік ойыншылардың бірі екенімді сеземін. Бұған дейін «Алтын допты» алтыншы рет ұтып тоқтап қалмайтынымды айтқанмын. Әрине, жеңгім келеді. Сол үшін жұмыс істеп жүрмін. Әрбір ойында гол соғып, матчты ұту үшін аянып қалған кезім жоқ. Осы жылы алтыншы «Алтын допты» алуға еңбегім сіңді деп санаймын».

Лионель Месси соңғы 11 жылда алғаш рет үздік үштіктің қатарына кіре алмады. Ол дауыс берудің қорытындысы бойынша бесінші орынды қанағат тұтты. 2006 жылдан бері «Барселона» командасының міндетті түрді бір футболшысы алғашқы үштікте болатын. Сол серия осы жолы үзілді.

«Барселона» командасының бас бапкері Эрнесто Вальверде Мессидің бесінші орында қалып қоюуымен келіспейтін тәрізді. Ол салтанатты іс-шарадан кейін тілшілерге берген сұхбатында осыны айтты.

«Мен бұл марапаттауды бағаламаймын және қарсы ештеңе де айтпаймын. Ұйымдастырушылар өздері түсіндіруі тиіс. Әлбетте, Модричті жеңісімен құттықтаймыз, бірақ бұл біз үшін абсурд», – дейді Вальверде.

Гризманн тағы да үшінші

«Алтын допты» иегері болуды қатты армандайтын ойыншылардың бірі – Франция құрамасының шабуылшысы Антуан Гризманн. Ол «Алтын допқа» қол жеткізу үшін аянбай тер төгіп жүргенін сұхбаттарында жиі айтып қалады. Гризманның бұл сыйлықты жеңіп алуға биыл да мүмкіндігі болған. 27 жастағы шабуылшы 2016 жылы алғаш рет «Алтын доптың» үштігіне кірген. Биыл тағы сол жетістігін қайталады. Бірақ жеңіске жетпегеніне, дауыс берудің қорытындысына көңілі толмайтынын француз өз сұхбатында тағы да айтып өтіпті.

«Бұл сыйлықты алмағаныма қапаланып отырған жоқпын. Бірінші кезекте, осы жылы әлем чемпионы атанғаныма қуаныштымын. Келесі жылы Модричтің орнына менің ұлттық құрамадағы немесе клубтағы әріптестерімнің біреуі тұрады деп үміттенемін. 2018 жылы әлем чемпионаты мен Еуропа лигасында жеңіске жеттім. «Алтын допқа» қол жеткізу үшін тағы не істеу керектігін түсінбеймін», – дейді Гризманн тілшілерге берген сұхбатында.

Соғыс алаңынан «Алтын доптың» иегеріне дейінгі кезең

2018 жылдың футбол әлеміндегі қаһарманы Лука Модрич көпшілік білгісі келетін болар. Сондықтан оның өмірбаянына көз жүгіртуге тура келді. «Алтын допты» жеңіп алып, Хорватия халқын бақытқа кенеп жатқан Лука Модричтің балалық шағы оңай болмаған. КСРО мен қатар 1990 жылдардың басында Югославияда құлдырады.

Модрич шынымен де, Хорватия спорты тарихының жаңа парағын ашқан, «соғыс көрген балалардың» бірі. Хорватия құрамасында өнер көрсетіп жүрген футболшылардың көбісінің отбасы сол кезде соғысқа байланысты туған жерлерін тастап қашуға мәжбүр болған. Иван Ракитич Швейцарияда өскен, Марио Манджукич пен Деян Ловреннің отбасы Германияны паналады.

Лука 1985 жылы Хорватияның Задар қаласында дүниеге келген. Балқан түбегіндегі соғыс кезінде атасы қайтыс болған. Серб әскерлері соғыс басталғанда ауылдағы қарт кісілердің бәрін көше ортасында дарға асып сосын ауылдың өзін өртеп жібереді. Амал жоқтан, болашақ «Алтын доптың» иегерінің ата-анасы туған жерден қашып, Затон деген қалаға көшіп келеді. Бірақ мұнда да соғыс болып жатқан. Осында Модричтің отбасы бес жыл тұрды.

Осыншалықты қиын жағдайға қарамастан, Лука футболдағы талабын осында ұштаған. Әкесі де, баласының қабілетін байқап, жейде мен аяғына киетін бутсы сатып әпереді. Спорттағы карьерасы жергілікті «Задар» клубында басталған. Луканы команданың бас бапкері Томислав Башич өз қанатының астына алады. Алғашқы жаттықтырушысының айтуынша, аяққа тағатын қорғаныш құралын ағаштан жасап берген.

18 жасында Босния және Герцеговина чемпионатының үздік ойыншысы атанады. Себебі, ол Загребтің «Динамосымен» келісімшарт жасасқаннан кейін «Зриньски» клубына жалға берілген. Жартылай қорғаушы 2003/04 жылғы маусымда жарқырап көрінеді. Өзі де, егер Босния лигасында көріне алсам, басқа чемпионатта да еркін ойнайтын боламын деген. «Зриньскиден» кейін бір маусым Хорватияның «Интер» командасында ойнады. Одан кейін өз елінің басты клубы «Динамоның» көшбасшысына айналып, әріқарай Еуропаның үздік клубтарындағы карьерасы басталды.

Аласа бойлы Модричті 2008 жылы Англияның «Тоттенхэм» клубы сатып алды. Сол кезде трансфер құны 21 миллион еуроға бағаланған. Кейіннен осы трансфер үшін жанжал болды. Өйткені, «Динамо» клубының есепшотына көрсетілген ресми соманың жартысы ғана түскен. Осындай алаяқтыққа сол кездегі «Динамоның» президенті Здравко Мамичтің тікелей қатысы болған. Модрич 2015 жылы берген сұхбатында трансферден түскен ақшаның жартысы футболшының жеке есепшотына аударылып, клуб президенті Мамичтің туыстарына таратып беруге мәжбүр болғанын айтты. Бірақ кейіннен ол бұл сөзінен айнып қалды. Дегенмен, дау әлі де жалғасып келеді.

Англиядағы 4 жылдан кейін Луканы жаңа мүмкіндіктер күтіп тұрды. Жозе Моуриньюдің шақыруымен «Реал» сапына ауысты. Бірақ португалиялық бапкердің қарамағында оның бағы бірден жанбады. Модрич, клуб бапкері Моуринью мен Мадридтің басты плеймекері Месут Озил кеткен соң, негізгі құрамның ойыншысына айналды. Карло Анчелоттидың тұсында өзін жаңа қырынан байқатты. Ал Зинеддин Зидан жаттықтырған жылдары хорватиялық жартылай қорғаушы команданың көшбасшыларының біріне айналды.

«Алтын допқа» қол жеткізуіне биылғы жылы Хорватия құрамасының алғаш рет әлем чемпионының финалына шығуы өз септігін тигізгені анық. Салтанатты марапаттаудан кейін тілшілер: Егер «Алтын доп» пен әлем чемпионатының кубогының біреуін таңдау керек болса не істер едіңіз? деп сұрапты.

«Әлем чемпионатын таңдар едім. 100 пайыз солай нақты айта аламын. Өйткені, мен үшін жекелеген жетістіктен гөрі командалық трофей маңызды. Мен әрқашан командаға ойнайтын футболшымын. Өзімнің жеке шеберлігімді көрсетуге тырысқан емеспін. Хорватия үшін әлем чемпионаты маңызды болды. Өкінішке қарай, финалда жеңіске жете алмадық. Әрине, «Алтын допты» алғаным да ұнайды. Бұл да жақсы сыйлық. Бірақ сіз айтқандай таңдау болса, әлем кубогына басымдық берер едім», – дейді Модрич.

Роналду мен Месси 10 жыл бойы «Алтын допты» бес-бестен бөліп алуы көпшілікті жалықтырғандай болған. Арасында әділетсіздіктің орын алғаны да жасырын емес. Әсіресе, 2010 жылы Лионель Мессиге қарағанда Уэсли Снейдер мен Андрес Иньестаның бұл сыйлықты алуға еңбегі көбірек сіңгендей көрінген.

«Бұған дейін «Алтын допты» алуға лайықты болса да, қол жеткізе алмаған футболшылар көп. Мысалы, Хави, Иньеста, Снейдерді айтсақ та жеткілікті шығар. Енді, міне, дауыс беруге қатысушылар басқаларға да назар аудара бастады. Бұл награда – осыған дейін «Алтын допты» алуға еңбегі сіңген, бірақ бұйырмағандардың» құрметіне берілгендей. Шынымен де, биыл мен үшін ерекше жыл болды. Жеңіске жеткеніме қарағанда, 2018 жылы жасыл алаңда ерекше өнер көрсеткен секілдімін», – дейді Модрич BBC сайтына білдірген пікірінде.

Лука Модричтің жеке статистикасы:

Ұлттық құрамада: 119 матч, 14 гол

УЕФА-ның клубтың турнирінде: 103 матч, 10 гол

Ішкі чемпионаттарда: 498 матч, 64 гол.

«Алтын доп» - Модрич үшін биылғы маусымдағы төртінші жекелей жүлде. Хорват осыған дейін әлем чемпионатының үздік ойыншысы (оның да аты «Алтын доп» деп аталады), сондай-ақ УЕФА-ның нұсқасы бойынша маусымның үздігі (клуб және құрамадағы ойындары үшін) және ФИФА (The Best) нұсқасы да бойынша да үздік футболшы атанған. Одан бөлек IFFHS (Халықаралық футбол тарихы мен статистика федерациясы) Модричті үздік плеймекер деп таныған болатын.

«Алтын доп-2018» сыйлығының рейтингі:

1. Лука Модрич («Реал», Хорватия)

2. Криштиану Роналду («Ювентус», Португалия)

3. Антуан Гризманн («Атлетико», Франция)

4. Килиан Мбаппе («ПСЖ», Франция)

5. Лионель Месси («Барселона», Аргентина)

6. Мохамед Салах («Ливерпуль», Египет)

7. Рафаэль Варан («Реал», Франция)

8. Эден Азар («Челси», Бельгия)

9. Кевин де Брюйне («Манчестер Сити», Бельгия)

10. Харри Кейн («Тоттенхэм», Англия)


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер