BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Құсбегілік бүркітшілердің ұрпағына ғана керек спорт па? Эксклюзив

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Астанада өткен Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі мен Астана қаласының ашық біріншілігінде 30-ға жуық құсбегі бас қосты. Олармен әңгімелескенде бұл спортпен құсбегілердің ұрпағы ғана айналысып жүргенін білдік. Бүгінде Қазақстанда кәсіби 60-тай бүркітші бар. Олар ата-бабамыз «хобби» деп таныған құсбегілікті ұлттық спорт ретінде жандандыруға күш салып жүр.

Құсбегілік – атадан балаға берілетін кәсіп

Бүгінде құсбегілікпен көбінесе құсбегілердің ұрпақтары айналысады. Олар ата дәстүрін жалғауды борыш санайды. Солардың бірі Алматы облысының тумасы – Алмас Сейітжан. Жасы – 23-те. Бұл іспен 6 жасынан бастап шұғылданады.

«Бала кезден әкемізден, атамыздан қолымызға құсты қондырып үйрендік. Содан бері құсты баптап өсіріп келе жатырмыз. Құсбегілік – атадан балаға беріліп келе жатқан кәсіп. Бүркітім «Хан Тәңірі» – 2 жасар. Хан Тәңірінің етегінен алғанмын. Бүркітіммен екі рет жастар арасындағы Қазақстан чемпионатын ұттым. Былтыр осы турнирде екінші орын иеленді», - дейді бүркітші.

Жиырма бес жастағы Өмірхан Байетбай 5-6 жылдан бері бүркітшілікпен айналысады. Осыған дейін ителгі, қаршыға, қырғи сынды кіші құстарды баптаған.

«Әкем тазы ұстаған. Атам да ит жүгірткен. Тазы ұлттық спорт жағынан қанымызда бар болғаннан кейін осы бүркітке жақын болып өстім. Әкеміздің, ағаларымыздың құс ұшырғанын көріп бүркітпен айналысып кеттім. Бүркітіме биыл екі жасқа келді. Жарысқа көп дайындықтар керек. Жәйдан-жай әкеле салмаймыз. Спорт болған соң нәтиже бірде болса, бірде болмайды. Еңбектенеміз. Қаршығамен, ителгімен жүлделі орындарда көрініп жүрмін. 2013 жылы құсбегілер жарысында бүркітпен бірінші орын, былтыр үшінші орын алдым. Бүркітпен көп жетістікке жете қойған жоқпын», - дейді ол.

Бүркіт те спортшылар сияқты бапты қажет етеді

Өмірханның айтуынша, бүркітті екі жолмен ұстап, қолға үйретуге болады.

«Ұядан алатын бүркіт «қол бала» деп аталады. Екіншісін «түз бүркіт» дейді. Табиғатқа әбден сіңіп кеткен, әке-шешесі ұшырып шыққан бүркітті тормен ұстап, солай үйретеді. Менікі «қол балаға» жатады, өзім ұядан барып алғанмын. Жарыстан басқа уақытта күнделікті жаттығу жасап, одан бөлек уақытта шынайы аңшылыққа шығып бабын тексеріп тұрамыз», - дейді құсбегі.

Жарысқа қатысатын бүркітке спортшы секілді бап қажет.

«Әр бүркіттің баптауы әртүрлі: біреуін семіз салады, біреуін арық салады, біреуін күйін көтеріп салады. Неғұрлым жақсы ұшып, нәтиже көрсететуі үшін әр бүркіттің шамасына қарай саласың. Мысалы, етін төмен қылсаң ұша алмай қалады, жоғары қылсаң мүлдем қаңғып кетіп қалады. Өз бабымен, нормасымен ет жейді. Кәдімгі спортшылар сияқты. Бұның бабы өте қиын», - дейді құсбегі.

Ол бүркітті жарысқа іріктеп, дайындау арқылы қатыстыратынын айтады.

«Олардың арасынан да іріктеп аласың. Бұлар кәдімгі спортшылар сияқты. Құраманың бүркіттері бар. Жасы маңызды. Балапан құстар ақкөңіл келеді, тез ұша береді. Бес жасқа дейін жақсы ұшады. Керемет өнер көрсетеді», - деді ол.

«Бүркіт ұстаған соң тек сонымен айналысуың керек»

Өмірхан өзінің ұлттық спорт – құсбегілікке ден қойғанын, түбегейлі тек осы іспен айналысатынын айтты.
Алмас Сейтіжан да өзінің тек бүрітшілікпен айналысатынын жеткізді.

«Басқа не істейсің? Мысалы, бүркітті тастап жұмыс істей алмайсың. Бүркітті тастасаң, күніне ет беріп ұшырмасаң өледі де қалады. Ол бүркітке көмек те бөлінбейді. Мемлекеттен ақша бөліп, спортшыларға беретін айлық деген берілмейді. Сол сияқты көтермейді. Ұлттық спортымызды атадан балаға келе жатқан рухани жаңғыру деп көтеруге болады ғой», - деп назын айтты ол.

Бүркітшіден ашылған Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мұны ескере ме деп сұрадық.

«Ашылды, бірақ әрбір бүркітшіге айлық беру керек, дұрыс па? Қазір әркім өзі үшін ұстап отыр. Жарыстар енді енді көтеріліп келе жатыр. Жүлде – 250-300 мың. Алғашқы кезде 100 мың болған. Облысына, демеушісіне байланысты әр жерде әртүрлі береді», - дейді бүркітші.

Одан бүркітті баптау шығыны қанша екенін сұрадық.

«Бір бүркіттің күтіміне айына бір қойдың ақшасы кетеді, қазір 30 мың теңге болар. Менде 4 бүркіт, 1 қаршыға бар. Өзіңіз есептей беріңіз. Жазда тамақ тауып беру қиын. Қыста аңшылығымыз бар. Жазда күннің ыстығында етті сақтай да алмайсың. Тез бұзылады. Ет жағынан қиын. Тамақ беруден кейін, мысалы бүркіт ауырып қалса дәріханаға барып дәрісін аламыз. Емдемесек өліп қалады ғой. Бәріне ақша керек. Аурудың алдын алу керек», - дейді ол.

Қазіргі заманда құсбегілік не береді?

«Бүркіт ұстасаң шабытың оянады, рухың да биіктейді. Өзіңе серпіліс береді. Бүркітсіз өмір сүре алмаймыз. Құсымызды бір күн көрмесек сағынып тұрамыз. Сипалап етін беріп тұрамыз. Әркімнің жақсы көретін жан дүниесі бар ғой. Біреу атты, біреу итті, біреу машинаны жақсы көреді», - дейді Алмас.

Ал Өмірхан бұрынғы батырлардың соғыстан бос уақытта рухани күш-қуат жинау үшін бүркітті серік еткенін айтады.

«Жазбалардан оқысаңыз, не үлкендердің айтуы бойынша қазақ халқы жауынгер, көшпенді халық болған. Адамға соғыстан бөлек уақытта құсбегілік рухани күш-қуат беретін болған. Бұл іспен шұғылдану арқылы өзіне жігер жиған. Таңнан кеш батқанша найза, қалқан ұстап жүреді. Содан басқа уақытта бүркіт ұстап, оның аңға түскенін көріп, өзіне рухани күш-қуат алады. Таза ауада, аттың үстінде жүресің. Бір шеті ұлттық спорт, бір шеті дене шынықтыру. Құс темекі шеккен, ішімдік ішкен адамның иісін жақтырмайды. (...) Бүркіт – көк байрағымыздағы құс. Басқа халықты білмеймін, қазақ үшін орны ерекше құс. Сол үшін біз тек қана биікке қоямыз, бағасы биік», - дейді ол.

Құсбегілердің 80 пайызы – жастар

«Атақты құсбегі қария Күнтуған Тоқтарбай атамызды еске алу турнирі жылда дәстүрге айналып өткізіліп келеді. Бүгінде құсбегілік жарыстарынан дені жастарды көресің. Бұрынғыдай үлкен кісілер жоқ қазір. Жастардың қызығушылығын байқауға болады. Жарыстарға 70-80 пайыз жастар қатысады», - дейді Өмірхан.

Оның айтуынша, спорт мектептерінде құсбегілікке үйрететін арнайы сыныптардың ашылуы оны насихаттауға зор мүмкіндік бермек.

«Спорт мектептерінен арнайы сыныптар бөлуде. Балаларды кішкентай кезден, мектепке баратын жастан дайындап жатыр. Ол жерде жоғары білімі бар, осы саланың майын ішкен азаматтар жаттықтырушы болып жүр. Бір жаттықтырушы 25-30 шақты шәкірт тәрбиелеп жатыр. Болашақта жастар өсіп шықса елімізде құсбегілік одан да жоғары дамиды», - дейді ол.

Бүркітшілер спорттық дәреже алатын болады – қауымдастық

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайдан бүркітшілерді қолдау мақсатында қандай шаралар өтетінін сұрадық.

«Біріншіден, біз ережелерді талқылау бойынша семинарлар ұйымдастырамыз. Екіншіден, спортты дамыту дирекциясымен бірге біліктілік арттыру, оқыту семинарларын өткіземіз. Үшіншіден, жылда өтетін спорттық шаралардың ретін жасаймыз және халықаралық жарыс болса соның алдындағы оқу-жаттығу жиындарын мемлекет тарапынан қаржыландырамыз. Жылда өтетін 4-5 жарыстың жүлде қоры қауымдастық тарапынан ұсынылады», - деді ол.

Рахат Жақсыбай кейбір облыста спорт мектептерінде құсбегілік клубы барын, сол жерде бүркітшілер спорт инструкторы ретінде тіркелгенін атап өтті. Олар сол жерден кішгірім жалақы алуы мүмкін.

«Бұл – дәстүр. Бірақ Қазақстан құсбегілік дәстүрін сақтап қалу үшін спорт ретінде таныған. Әлемде бұған спорт деп қарайтын ел кем де кем. Басқа елдерде әуесқойлық, жеке өзінің хоббиі ретінде қарайды. Еуропада көптеген адам құс ұстайды. Оның бәрі жеке адамдардың құстары. Біздегі ерекшелік ол – басқа спорт түрлері секілді төрешісі, күнтізбесі бар», - дейді ол.

Сондай-ақ қауымдастықтың атқарушы директоры бүркітшілерге спорттық дәреже беру шаралары жоспарда барын атап өтті.

«1-2 желтоқсанда Азия чемпионатын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат – дәстүрді жалғастырушы кісілердің спорттық дәреже алуы. Азия чемпионатына кемінде 8 ел қатысса оларға халықаралық спорт шебері деген атақ беріледі. Чемпионатқа дәстүрлі түрде келетін Монғолия, Қытай, Қырғызстаннан ғана емес, араб елдерінің құсбегілерін күтіп отырмыз. Сайыс екі форматта өтеді: біріншісі – үлкен құстар, бүркіт біздің ареалда дамыған, екіншісі – кіші құстар, сұңқар, қаршыға әлемнің көптеген елдерінде бар. Оларды да тарту үшін осындай екі санатта ұйымдастырып отырмыз», - деді ол.

Фотолар: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер