BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 345.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.45 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.48
Астана:

Корейге қарағанда қазақ екенімді ұқтым – Денис Тен Эксклюзив

Фото: liter.kz

2014 жылғы Сочи олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында өз елімізде тәрбиеленген спортшылардың жетістікке жетуі Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін айтты.

«Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау деңгейі туралы айтсақ, жақсы жақтары да, кем тұстары да бар. Осы спортпен шұғылданатын балалардың саны артқаны өте жақсы. Олар еңбекқор, бірнәрсе болсын үйренгісі келеді. Ал кемшін тұстарға келер болсақ, бізде спортшыларды дайындайтын нақты жүйе жоқ, кадрлар жетіспейді, кәсіби әрі амбициясы жоғары мамандар тым аз», - деді ол.

Спортшы бұл мәселені шетелден мамандар шақыру арқылы шешу жеткіліксіз екенін айтты.

«Өзімізден мамандардың шыққаны маңызды. Басқа елден жаттықтырушы әкелудің нәтижесі ұзаққа бармайды. Өз елімізде жаттыққан Дмитрий Баландин Олимпиада ойындарында чемпион атанған кезде қалай мақтандық. Алматылық екенін білемін, ол өмір бойы осы жерде жаттықты. Олимпиада медалін алған нағыз феномен. Өз еліңнен шыққан спортшының Отанын қаншалықты жақсы көретінін түсінесің. Головкин жеңіске жеткендегі мақтаныш сезімін айтып жеткізу қиын. Адамдар оның қазақстандық екенін, менталитеті біздікі екенін біледі. Менің ата-тегім корей болған соң «Корей қазағысың ба, әлде қазақ корейісің бе» деп сұрайды. Өмірлік құндылықтар мен көзқарастарымды салыстыра келе корейге қарағанда қазаққа ұқсас екенімді ұқтым. «Басқа жерге кеткенде Отаның әрдайым сенімен бірге» деген сөз бар. Мен мұны кішігірім нәрселерден-ақ байқаймын. 10 жасымда Мәскеуге, 17 жасымда Америкаға кеттім. Сонда да жан-тәніммен өз елімде қала беретінімді сездім. Жүрегі Қазақстан деп соғатын спортшылар артады деп үміттенемін», - деді спортшы.

Денис Тен шетелден мамандарды ең алдымен қазақстандық жаттықтырушыларды даярлау үшін шақыру керек екенін айтады.

«Менің ойымша, ең алдымен, жаттықтырушыны оқыту керек, содан соң спортшыға үйрету керек. Бес күндік мастер-класта адам физикалық түрде көлемді ақпаратты қабылдай алмайды. Бұл үшін қаншама жылға арналған бағдарлама қажет», - деді Денис Тен.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер