BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 9 спорт түрінен қатысады – МСМ

Оңтүстік Корея Республикасының Пхенчхан қаласында өтетін 23 қысқы олимпиада ойындарының ашылуына 86 күн қалды. Қазақстанның спорттық делегациясы аталған олимпиадада 9 спорт түрінен бақ сынайтын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«2018 жылғы 9 ақпанда Корея Республикасының Пхенчхан қаласында басталатын 23 қысқы олимпиада ойындарының ашылуына 86 күн қалды. Өздеріңізге белгілі 4 жылда бір рет өтетін Олимпиада ойындары әлемдік спорттың ең биік шыңы. 2017 жылғы Алматы қаласында өткен дүниежүзілік қысқы универсиаданы жоғары деңгейде өткізуден және онда сапалы өнер көрсетуден кейінгі министрліктің маңызды мәселесі Пхенчхан қаласында 2018 жылы өтетін Олимпиада ойындарына спортшылардың лицензиялық жарыстарда сапалы өнер көрсетуін және жақсы функционалдық жай-күйінің болуын қамтамасыз ету болып саналады», - деді министр.

Осы орайда ол қысқы Олимпиада ойындарына қанша мемлекет қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар 9 спорт түрінен бақ сынайды.

«Осы Олимпиада ойындарына 80-нен астам әлем елінен 5 мыңнан астам спортшының және ресми тұлғалардың қатысуы жоспарланған. Олимпиада ойындарының 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның спорттық делегациясы 9 спорт түрінен: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жүгіру, шаңғы, шана спорты, шаңғымен трамплиннен секіру, фристаил, акробатика могул бойынша қатысуды жоспарлап отыр. Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарында жеке команда ретінде тұңғыш рет 1994 жылы Лиллехаммер қаласында өнер көрсеткені баршамызға мәлім», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, Қазақстанның ұлттық құрамасы Тәуелсіздік жылдарында қысқы Олимпиада ойындарында 7 медаль жеңіп алған. Ол – 1 алтын, 3 күміс және 4 қола.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер