BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 365.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.6
Астана:

Қазақстан құрамасына легионерлер қажет пе?

Жақында ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стойлов Ұлттар лигасының қазан айындағы екі кездесуіне қатысатын құрама ойыншыларының тізімін жариялады. Арасында Қазақстанның төлқұжатын алып, құрамада ойнап жүрген 5 легионер-футболшы бар, деп хабарлайды Baq.kz тілші.

Үш қақпашының екеуі легионер

Осы уақытқа дейін 37 футболшы-легионер біздің құраманы таңдады. Соңғысы, украиналық қақпашы – Дмитро Непогодов. Ұлттар лигасы басталғалы құрамаға шақырылған үш қақпашының екеуі өзге елде дүниеге келген «келімсектер». Неліктен олай екенін көпшілік түсінбей әлек. Олардың арасында журналистер де бар.

Станимир Стойлов бас бапкер болғалы құраманың қақпасын Ненад Эрич қорғап жүр. Әзірге бұл үрдіс өзгере қоймас. Сербияда дүниеге келген Ненад соңғы 7 жылын Қазақстанда өткізгені жасырын емес. Ал енді қосалқы құрамның қақпашысы ретінде елімізге келгеніне толық 2 жыл болмаған Непогодовқа таңдау не себепті түскені Стойловтың өзіне ғана аян.

Болгариялық бапкердің бұл сауалға жауабы да дайын. 6 қыркүйектегі Ұлттар лигасының алғашқы туры аясында Қазақстан мен Грузия құрамасы кездесуінің алдында берген жауабы мынандай болған:

– Мен ешкімге Қазақстанның көк төлқұжатын таратып берген жоқпын. Ол – Қазақстан азаматы. Маған футболшының ұлты кім, қайда туғаны маңызды емес. Егер футболшыда Қазақстанның құжаты болса, құрамада ойнауға себеп бар деген сөз. Дәл солай Эричке де азаматтықты мен берген жоқпын. Сондықтан бұл туралы менен сұрамаңыздар, – дейді ол.

Грузия мен Андорраға қарсы кездесулерде Непогодов алаңға шыққан жоқ. Енді алдағы екі ойынға тағы шақырылып отыр. Әдетте бас бапкер үшінші қақпашыны жастардан таңдайтын еді. Себебі, тәжірибе жинап, болашақты сол негізгі қақпашының орнын басады ғой деген ниетпен. Ал Стойлов болса, легионерге үміт артыпты.

Соған қарағанда Құралбек Ордабаевтың ізбасарлары елімізде жоқтың қасы болғаны ғой.

Жалпы, премьер-лига клубтарында негізінен қақпаны өзіміздің азаматтар күзетеді. «Қайратта» Стас Покатилов, «Ақтөбеде» Рамиль Нурмухамедов пен Игорь Трофимец, «Шахтерде» Игорь Щацкий, «Қайсарда» Александр Григоренко, «Атырауда» Владимир Логиновский мен Андрей Пасеченко, «Жетісуда» Алмат Бекбаев, «Ертісте» Никита Калмыков, «Қызыл-Жарда» Антон Цирин бар.

Шабуыл шебіндегі әлсіздік

Ұлттық құрамадағы өзекті мәселе шабуылшының жоқтығы. Құраманың голдарын негізінен қорғаушылар соғып жүргені де жасырын емес. Оны соңғы Андоррамен ойында да байқадық. Бас бапкер Станимир Стойлов та Андоррамен кездесуден кейін осыны айтты.

«Өкінішке қарай, бүгін біз күткен нәтиже болмады. Тоқсан минут бойы гол соғу үшін ойнадық. Шабуыл шебінде мәселе көп. Екі ойында бір гол соқтық. Ойын соңында қателік жіберіп, қақпаға гол өткізіп алдық. Ең негізгі мәселе - шабуылды түйіндей алмау», - дейді Стойлов kazfootball.kz сайтын берген сұхбатында.

Енді қазір мамандардың пікірі екіге жарылып жүр. Бірі кезінде «Қайрат» сапында доп тепкен бомбардир Жерар Гоуға азаматтық беру қажеттігін айтса, енді бірі Еркебұлан Сейдахмет секілді жастардың ойнай бергені дұрыс деп санайды.

Жерар Гоу «Қайрат» сапында 2014 жылдың маусым айынан 2017 жылдың қарашасына дейін өнер көрсетті. Қазақстан премьер-лигасында 102 ойын өткізіп, 80 гол соққан. Одан бөлек, Еуропа лигасындағы 11 добы тағы бар. Жалпы, Қазақстанда жүріп, 99 доптың авторы атанған. Шабуылшы Қазақстан премьер-лигасының үш рет үздік сұрмергені болды. Қазір ол Қытайдың бірінші лигасындағы «Beijing BG» командасында ойнайды.

Бірақ Гоу туралы Стойловтың пікірі басқаша. Vesti.kz сайтына берген сұхбатында ол былай айтқан:

«Маған құрамаға ойнайтын кандидаттардың тізімін ұсынудың қажеті жоқ. Мен Қазақстанда ешкімге төлқұжат таратумен айналыспаймын. Гоу секілділер өз елдерінде ойнай берсін. Қазір өзім шақырып жүрген ойыншылармен соңына дейін күресуге дайынмын», - дейді ол.

Қазақстандық футбол маманы Андрей Ферепонтов ивуарлық шабуылшы әрі кетсе, бір іріктеу цикліне көмектеседі, одан әріге шамасы жоқ деп отыр. Сондықтан болашағымызды ойлауымыз керек деп санайды. Бұл туралы ол Sports.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

«Құраманың шабуыл шебінде проблеманың бар екені түсінікті. Ол туралы Стойловтың өзі де бірнеше рет пікір білдірді. Біз жанкүйер әрі маман ретінде шабуылшылардың гол соғу көрсеткіші төмен екенін байқап жүрміз. Жалпы, шабуылшы деген – санаулы тауар секілді, гол соғатын мерген ойыншыны табу оңай емес. Қазір Қазақстанда бұл шетпе анық көшбасшы жоқ. Жастардан Еркебұлан Сейдахметке үміт артамыз. Оның қалай қалыптасып, өсетінін уақыт көрсетер. Ал Жерар Гоуға келсек, шынымды айтсам қолдамаймын. Себебі, жасы да келіп қалды. Жерар бізге бір іріктеу циклінде көмектесер. Одан кейін не болады? Соны ойлауымыз қажет. Меніңше, қазақстандық ойыншыларға сенім артуымыз керек. Уақытша жасанды нәтиже алысқа апармайды», - дейді Ферепонтов.

Астана қалалық футбол федерациясының «Sportffa» сайтына берген сұхбатында ардагер футболшы Юсип Щадиев Гоудың көмегіне жүгігеніміз дұрыс деген пікір білдіріпті.

«Елімізде Нөсербаевтан басқа ешкімді айта алмаймын. Ол нағыз көшбасшы ойыншы. Қазіргі кездегі шабуылшыларды бұрынғылармен салыстырып жатады. Стукашов, Пехлеванидилер командаға келгенде 20-21 жаста болатын. Соған қарамастан олар футболдың қыр-сырын меңгеріп, шеберліктері шыңдалып дайын келетін. Кейіннен Мирошниченко, Тілешев, Литвиненко шықты. Мұрат Тілешев супержұлдыз болады деп ойладым. Бірақ ол жігіт етті жақсы көрді (артық салмағына қатысты айтқаны). Дегенмен, жылына кемі 15-17 гол соғып жүруші еді. Ал қазір ондай шабуылшылар жоқ. Сол себепті, Гоуды натурализация жасаған дұрыс-ау. Ол біздің құрамаға көмектесе алады», - дейді Щадиев.

Жерар Гоудың агенті ресейлік Сергей Новиковтің отандық ақпарат құралдарына берген сұхбатынан аңғарғанымыз футболшының өзі Қазақстан құрамасында ойнауға қарсы емес. Гоу – Қазақстанды екінші отаны санайды деген пікір айтылуда. Өзі де бір сұхбатында: «Федерация ұсыныс жасаса дайынмын» деген.

Осыдан 10-15 шақты жыл бұрын ел чемпионатының мергендер көшінде Нұрбол Жұмасқалиев, Мұрат Тілешев, Нүркен Мәзбаев, Әлібек Бөлешев, Андрей Мирошниченко, Олег Литвиненко, Виктор Зубарев секілді отандық футболшылар жүретін. Ал қазір жағдай – мүлдем басқаша. 2009 жылғы Мұрат Тілешевтен кейін соңғы 9 жылда премьер-лигада ешкім сұрмерген атанып көрмеді. Барлығы – сырттан келген ойыншылар. Қазіргі кезде бір маусымда 15-20 гол соғатын қазақстандық футболшы жоқтың-қасы.

Исаэль – «Қазақстандық Иньеста» бола ала ма?

Жерар Гоудан бөлек, бразилиялық футболшы Исаэль бар. Оның негізі міндеті – шабуылды үйлестіру, реті келсе өзі де гол соғады. Дриблинг жасаудан премьер-лигадағы үздіктердің бірі. Бірнеше жылдан бері «Қайрат» сапында жүр.

Исаэльдің Қазақстан азаматтығын алуы жиі айтылуда. Футболшының өзі бірнеше рет сұхбатында Қазақстанға ойнауға дайын екенін айтыпты. Жерар Гоу мен Исаэль Қазақстанға Ресейдің «Краснодар» командасынан келген. Екеуінің де агенті – Сергей Новиков. Ресейлік менеджер Исаэль Қазақстан азаматтығын алса «Қайрат» сапында келесі маусымда қалатынын болмаса Қытай чемпионатына ауысатын жеткізді. Өйткені, Жерар Гоу өнер көрсетіп жүрген команда Исаэльді өздеріне шақыруға әзір екен.

Андрей Ферепонтов Sports.kz сайтына берген сұхбатында Жерар Гоудың құрамада ойнағанына қарсы болғанымен, Исаэльдің керек екенін айтқан.

«Исаэль, әрине, – жоғары деңгейлі легионер. Орталық алаңда ондай ойыншылар бізде өте аз. Сондықтан Исаэль Қазақстан құрамасына көмегі тиеді деп ойлаймын», – дейді қазақстандық маман.

Жерар Гоу секілді Исаэльде 30 жастан асып барады. Оның үстіне бразилиялық футболшының ойын стилі көп энергияны қажет етеді. 60-70 минуттарда шаршайтынын байқап жүрміз. Егер матчты толық өткізсе, кездесу соңына қарай қорғанысқа қайта қоймайды. Оның барлығы жасының біразға келіп қалғанына да байланысты болу керек.

Дегенмен, Ферепонтов секілді «Екібастұз» клубының бас бапкері Асқар Қожабергенов те Исаэльге сенеді.

«Александр Симчевич, Рохер Каньяс, Исаэльге Қазақстан азаматтығын беріп, құрамаға шақыру керек деп жиі айтылып жүр. Осылардың арасынан құрамаға пайдасы тиеді деп Исаэльді ғана айтар ем. Меніңше, бұл футболшы әлі де ұлттық біріншілігімізде жоғары деңгейде ойнай алады. Өзге легионерлерден қажет деп ешкімді айта алмас едім. Біреуді натурализация жасайтын болсақ, жасына мән беруіміз керек. Болашақты ойламай болмайды.Қазақстан құрамасының ойынын күшейту үшін Германиядан іздеуіміз керек. Ол жаққа кезінде Қазақстаннан көшкендер көп. Солардың арасынан таланттарды шақыруымызға болады», – дейді Асқар Қожабергенов.

Қазақстаннан кеткен немістерді шақыру дұрыс па?

Кезінде Қазақстанда туып, ата-аналарымен бірге Германияға көшіп кеткен неміс футболшылары жетерлік. Олардың алды Қазақстан құрамасында ойнап та үлгерді. Мысалы, ұлттық құраманы Бернд Шторк жаттықтырған тұста құрама жейдесін Сергей Каримов пен Генрих Шмидтгаль киді. Одан кейін Мирослав Беранек Константин Энгельге, Юрий Красножан Александр Меркельге мүмкіндік берді. Осылардың арасынан Шмидтгальдың пайдасы көбірек тиді. Тіпті, Германия құрамасына гол да соқты.

Ал енді танымалдық тұрғысынан алғанда Меркельдің жөні бөлек. Еуропаның беделді клубтарында ойнаған. Италияның «Миланында» Рональдинью, Златан Ибрагимовичтермен бірге доп тепті. Бірақ Меркель Қазақстан құрамасы сапында тек Исландияға қарсы бір тайм өткізумен шектелді. Одан кейін шақырылған жоқ.

26 жастағы жартылай қорғаушы биылғы маусымда Голландияның «Хераклес» клубында өнер көрсетіп жүр.

Ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стойловтың айтуынша, Меркельде екі елдің төлқұжаты бар көрінеді. Голландия чемпиотында ол германиялық футболшы ретінде тіркелген, сондықтан Қазақстан құрамасына шақыра алмаймыз деп отыр деген болатын.

Былтыр бұл жайлы сол кездегі бас бапкер Александр Бородюк те айтқан. Бірақ Меркельдің өзі оны жоққа шығарды.

«Бородюктің неге олай айтқанын түсінбедім. Бұл шыныққа жанаспайды. Менде Қазақстанның төлқұжаты бар. Егер болмаса, онда мен қалай Исландиямен ойында алаңға шықтым. Бұл ресми ойын, ол жерде барлығын қатаң тексереді», – дейді Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

P.S. Натуралицазия жасау – әлемдік футболда бар үрдіс. Испания құрамасында Диего Коста, Португалиядағы Пепе, Италиядағы Жоржиньоның осының мысалы ретінде айтуға болады. Бірақ құрамаға шақырылатын легионер футболшы сол елдің ойыншыларынан деңгейі жоғары болу керек. Мұны Стойлов жақсы түсінеді деп сенеміз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер