BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қазақстан ауыр атлеттері әлем чемпионатынан алтынсыз оралды. Себеп?

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Өкінішке қарай, бұл Қазақстан үшін сәтсіз өткен чемпионат болды.

Ашхабадқа 20 атлетіміз барған. Оның ішінде 19-ы жарыс жолына шығып, екеуі жүлдегер атанды. Әлем чемпионатына қатысқандардың тізімі мынандай: Арли Чонтей (55 келі), Фархад Харки (67 келі), Ниджат Рахимов (73 келі), Айдар Қазов (81 келі), Денис Уланов (89 келі), Рүстем Сыбай (96 келі), Александр Зайчиков (102 келі), Ибрагим Берсанов (109 келі), Елдос Сайлау (109 келден жоғары), Зульфия Чиншанло (55 келі), Сәуле Сәдуақасова (59 келі), Әсем Садықова (64 келі), Карина Горичева (64 келі), Надежда Лихачёва,Екатерина Столяренко (екеуі де – 71келі), Екатерина Быкова (76 келі), Раушан Мешітханова (87 келі), Мүптілда, Александра Аборнева (екеуі де – 87 келіден жоғары).

«Таңқалдырған жоқ»

Осы әлем чемпионатының алдында ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельников ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сұхбат берген еді. Ол өз сұхбатында: «Әлемдік сында біз бәрін таңқалдырамыз», – дегені бар. Чемпионаттан алтынсыз қайтқаны болмаса, Мельников те, құрама да жақсы жағынан бізді таңқалдыра алған жоқ.

«Әлем чемпионатына қатысатын спортшылар толық анықталды. Енді біріншіліктің қалай өтетіні туралы толық ақпарат бар. Бір нәрсе ғана анық. Ештеңе оңай болмайды. А және В тобындағы қарсыластардың барлығы да тәжірибелі. Біз команданың алдында бір ғана міндет қойып отырмыз.Мақсатымыз – үлкен спорттан алыстап қалған бір жыл ішінде көп нәрсе тындырғанымызды дәлелдеу. Жарысқа тыңғылықты дайындалдық, жақсы нәтиже көрсетеміз деген үміттемін. Медаль саны туралы әзірге болжам жасағым келмейді. Барлық зілтеміршілердің жігері мұқалған жоқ. Осы әлемдік сында біз бәрін таңқалдырамыз»,– деген болатын бас бапкер Юрий Мельников.

Сондай-ақ Қазақстан ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұрәлинов те Ашхабадтағы әлем чемпионаты алдында мәлімдеме жасап, бәрі керемет дегендей қылған.

«Бір жылдан бері біздің команда халықаралық турнирлерге қатысқан жоқ. Дегенмен, бұл біздің көрсеткішімізге еш кесірін тигізбеді. Спортшыларымыз бір жыл бойы алаңсыз дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сондай-ақ, елішілік жарыстар мен Қазақстан біріншілігінде бақ сынады. Ішкі біріншіліктен соң біз Ашхабадқа баратын құрамды анықтадық. Біз жүлде алып, өз әлеуетемізді көрсетуге дайынбыз», – деген болатын атқарушы директор ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Екі жүлде де легионерлерге тиесілі

Әлем чемпионатының алғашқы күнінде 55 келіде сынға түскен Арли Чонтей күміс жүлдеге ие болды. Ол жұлқа көтеруде Солтүстік Корея спортшысы Ом Юн Чхольмен бірдей 120 килоны бағындырған. Алайда, қарсыласының салмағы жеңіл болғандықтан екінші орынға сырғып, «кіші күміс» медальға ие болды. Бұл кезеңде үшінші орынға Испаниядан келген Хосе Брачи Гарсия жайғасты.

Жерлесімізге екінші жаттығу жұлқа көтеруге қарағанда қиынырақ екен. Бірақ соған қарамастан 138 келіні еңсеріп, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Чонтейдің медальі Ашхабадтағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына түскен алғашқы жүлде болды. Бірінші орынды 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, Солтүстік Корея атлеті Ом Юн Чxоль иеленді. Үштікті Мирко Скарантино (Италия) қорытындылады.

Осы чемпионаттағы екінші медальді әйелдер арасында 71 келіде сынға түскен Надежда Лихачева жеңіп алды. Лихачева жұлқа көтеруде үш мүмкіндігін де тиімді пайдаланып, 112 келіні еңсерді. Ал серпе көтеруде Надежда 130 келіні бағындырды. Сөйтіп, жалпы есепте үшінші орынға тұрақтады.

Осы чемпионатта қытайлық Ван Ли Чжан әлем рекордын жаңартты. Ол қоссайыста 267 (115-152) келіні көтеріп, жеңіске жетті. Екінші орынға Мысырдан келген Сара Ахмед 252 (111+141) келімен тұрақтады. Лихачева бақ сынаған 71 келі салмақ Олимпиада бағдарламасына енбеген. Сондықтан ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельников бұл спортшыны Токио олимпиадасына 64 келі салмақта дайындайтынын айтып қалды.

Бізге осы чемпионатта жүлде әперген екі спортшы да сырттан келген легионерлер. Арли Чонтей 2008 жылы Қытайдан Қырғызстанға қоныс аударған. Ал 2012 жылы Лондон Олимпиадасының алдында Қазақстан азаматтығын алды. Осы 6 жылдың ішінде екі рет ғана бізді жүлдесімен қуантты. Былтыр Тайбэйдегі Универсиада ойындарында қола медальға ие болған.

Екіншісі – Надежда Лихачева Ресейде дүниеге келген. Бір кездері өзінің елінің атынан Еуропа чемпионатына қатысқаны да бар. Бірақ кейіннен жоғары бәсекелестікке төтеп бере алмай, құрамаға іліге алмай қалды. Сосын Қазақстан азаматтығын алған.

Олимпиада жүлдегерлері құралақан қайтты

Ашхабадтағы әлем чемпионатына бұған дейін Олимпиада ойындарында жүлде алған бес спортшымыз барған еді. Бірақ бесеуі де Түркіменстан астанасынан құралақан қайтты. Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рагимов сегізінші орынды қанағат тұтты. Осыдан 2 жыл бұрын Рио төрінде 77 келіде қарсылас шақ келтірмеген Ниджат Ашхабадта жаңа салмақта яғни 73 келіде өнер көрсетті.

Әлем чемпионатында спортшы алғашқы сайысты жолы болған жоқ. Жұлқа көтеруде 147 келімен шектелді. Мысалы, ол Олимпиада ойындарында бұл сайыста 165 келіні көтерген болатын. Сөйтіп, алғашқы сайысты 13-орынмен аяқтады. Серпе көтеруде 190 келімен шектелді. Бірақ осы нәтижесі үшін екінші сайыстың кіші қоласына ие болды. Жалпы есепте сегізінші орынды місе тұтты.

Бұл салмақта бірінші орынды 69 келіде Рио Олимпиадасының чемпионы атанған қытайлық Ши Чжиюн жеңіп алды. Ол жаңа салмақта үш бірдей әлем рекордын орнатты. Екінші орынға кореялық Вон (348 келі) тұрақтаса, үздік үштікті беллорусиялық Вадим Лихарад (343 келі) қорытындылады.

Рио Олимпиадасында 62 келіде қола медаль алған Қытайдан келген тағы бір легионер Фархад Харки Ашхабадтағы әлем чемпионатында тіпті, В тобында өнер көрсетті. Ол жаңа салмақ 67 келіде қатысты. Зілтемірші қоссайыстың қорытындысы бойынша 308 келі салмақты игерді. Сөйтіп, жалпы есепте 9-орынға тұрақтады.

Денис Уланов (89 келі) пен Александр Зайчиков (102 келі) сенімді ақтай алған жоқ. Алғашқысы, 14-орынға қалып қойса, қызылордалық Зайчиков тоғызыншы орынмен жарысты аяқтады. Қыздардан Карина Горичева 64 келіде бақ сынап, 8-орынға ие болды. Бұл үш спортшы да Рио Олимпиадасының қола жүлдегерлері.

«Допингсіз Чиншанло»

Допингпен ұсталып, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының алтынына айырылып қалған Зульфия Чиншанло үшін әлем чемпионаты да сәтті бола қойған жоқ. Ол 55 келіде қатысып, бесінші орынмен шектелді. Бұл салмақта А тобында 10 спортшы болған еді. Олардың арасында Олимпиада, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

Чиншанло жұлқа көтеруде 93 келіні бағындырып, соңғы орында қалып қойды. Ал серпе көтеруде 120 келіні көтерді. Соның арқасында қоссайыстың қорытындысы бойынша Зульфия 213 келімен бесінші орынға көтерілді. Олимпиада чемпионы Таиланд спортшысы Сукания Срисурат 232 келімен чемпион атанса, 225 келіні бағындырған қытайлық Ли Яцзюнь күміс медаль иеленді. Тағы бір қытайлық Ванкионг Чжан үшінші орынға қол жеткізді.

Зульфия Чиншанло соңғы 4 жыл көлемінде халықаралық аренада жарыстарға қатысқан жоқ. Биыл 10 маусымда екі жылға созылған дискваликация мерзімі аяқталып, спортқа қайта оралған болатын.

Илья масқара болудан қашты ма?

Илья Ильин допингпен ұсталып, екі бірдей Олимпиада ойындарының алтынынан айырылса да, әлі күнге көпшіліктің махаббатына ие еліміздегі спортшылардың бірі. Қызылорда облысының тумасын мұндай жаманшылыққа қимайтындар өте көп. Оның жаза мерзімі аяқталып, спортқа оралғанына қуанған жанкүйерлердің үміті әлем чемпионатының басталуына екі күн қалғанда су сепкендей басылды. 30 жастағы жерлесіміз «Жарақатыма байланысты әлем чемпионатына қатыспаймын» деп мәлімдеді.

«Әлем чемпионатына қатыспайтынымды Қазақстан халқына қалай айтуды ұзақ ойландым, Ақыры осы жерде айтуды ұйғардым. Әлем чемпионатына омыртқамда жарақат табылғандықтан қатыспаймын. Айтарлықтай ауыр жарақат. Спорттағы карьерам белгісіз. Бірақ ұнжырғам түспейді, бәрі дұрыс. Ашхабадқа бапкер ретінде барамын. Нижат Рахимовпен бір жыл бірге жұмыс істедік. Бапкерлерге, өзімнің командаларыма көмектесем. Бір сөзбен айтқанда, әлем чемпионатына ойындағы бапкер ретінде барамын», – деді Ильин SportX.kz сайтына берген сұхбатында.

Федерация тарапы да үнсіз қалмады. Олар да түсіндіргендей болды. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұрәлинов ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында айтып өтті.

«Ильяның жарақаты сыр беріп жүргенінен хабардармыз. Ал соңғы кездері сырқатының жиілеп кеткені оны әлемдік сыннан бас тартуға мәжбүрледі. Сондықтан, оның мәлімдемесі бізге жаңалық емес. Десе де, Ашхабадқа келген соң тағы да жарақатын емдеп жатыр. МРТ сараптамасына қарап, оның алдағы бірнеше күнде жарысқа қатыса алмайтынын түсіндік», - дейді федерация өкілі.

Ильяның әлем чемпионатына қатыспайтыны қоғамда біраз талқыға түсті. Әлеуметтік желіде пікір білдіргендер көп болды. Оның Талдықорғандағы Қазақстан чемпионатында көрсеткен нәтижесінің төмен болғандығын айтып жатқандар бар. Мұндай көрсеткішпен әлем чемпионатында жүлде тұрмақ, алғашқы бестікке кірмейтін болғандықтан отандасымыз жарақатын сылтауратып, қатысудан бас тартты деген пікірлер де өріп жүр.

Жалпы есептегі жағдай

Қазақстан 1 күміс, 1 қола медальмен жалпы командалық есепте 13-орынға тұрақтады. Бізбен бірге допинг дауына тап болып, бір жылға дискваликация алған Қытай, Ресей, Солтүстік Корея құрамаларының нәтижесі тәп-тәуір. Олардың барлығында алтын жүлде бар.

Қытай 7 алтын еншілеп, жалпы командалық есепте топ жарды. Үш алтыны бар Таиланд екінші орында. Үздік үштікті 2 алтынмен Иран қорытындылады. Қазақстан ауыр атлеттерінің 2018 жылғы әлем чемпионатындағы көрсеткіштері:

Ерлер

55 келі:Арли Чонтей – 2-орын;

67 келі:Фархад Харки –9-орын;

73 келі: Ниджат Рахимов – 8-орын;

81 келі: Айдар Қазов – 19-орын;

89 келі: Денис Уланов – 14-орын;

96 келі: Рүстем Сыбай – 11-орын;

102 келі: Александр Зайчиков – 9-орын

109 келі: Ибрагим Берсанов – 14-орын;

109 келден жоғары: Елдос Сайлау – 15-орын.

Әйелдер

55 келі: Зульфия Чиншанло – 5 орын;

59 келі:Сәуле Сәдуақасова –11-орын;

64 келі:Әсем Садықова – 7-орын;

64 келі: Карина Горичева – 8-орын;

71келі: Надежда Лихачёва – 3 орын;

71келі: Екатерина Столяренко – 10-орын;

76 келі: Екатерина Быкова – 12-орын;

87 келі: Раушан Мешітханова – 9-орын;

87 келіден жоғары: Айзада Мүптілда –19-орын;

87 келіден жоғары: Александра Аборнева – 17-орын.

Қазақстан ауыр атлеттерінің тәуелсіздік жылдарындағы әлем чемпионатындағы нәтижесі:

  • 1995 жылы: 2 қола.
  • 1996 жылы: қатысқан жоқ.
  • 1997 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 1998 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 1999 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 2001 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 2002 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 2003 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 2005 жылы: 1 алтын.
  • 2006 жылы: 1 алтын.
  • 2007 жылы: бірде-бір жүлде бұйырмады.
  • 2009 жылы: 4 алтын, 1 қола.
  • 2010 жылы: 2 алтын.
  • 2011 жылы: 2 алтын, 2 күміс.
  • 2013 жылы: 1 күміс, 1 қола.
  • 2014 жылы: 3 алтын, 2 күміс, 1 қола.
  • 2015 жылы: 2 алтын, 1 күміс, 1 қола.
  • 2017 жылы: дисквалификация ға байланысты қатыса алмады.

Қарап отырсақ, соңғы рет алтын 2013 жылы Польшадағы чемпионатта бұйырмаған екен. Ол кезде Лондон Олимпиадасынан кейін көптеген құрама лидерлер қатыспаған еді. Сондықтан бұл жолғы сәтсіздікті ешқандай фактпен ақтауға келмес.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер