BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

«Қайратты» қандай өзгерістер күтіп тұр? Боранбаев не дейді?

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматының «Қайрат» футбол клубының ел біріншілігінде неліктен чемпиондық атаққа қол жеткізе алмай жүргенін саралап көрген болатынбыз. Кеше яғни, 15 қазан күні клубтың қадағалау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев журналистермен баспасөз мәжілісін өткізді. Тілшілермен кездесу барысында клуб қожайыны Алматы қаласының намысын қорғап жүрген футбол ұжымындағы өзгерістермен құлағдар етті. Бізде осы баспасөз мәжілісінде айтылған маңызды ойларды назарларыңызға ұсынбақпыз.

Бес жылда 4 бапкер қызметінен кетті

«Қайрат» басты қарсыласы «Астанамен» салыстырғанда бас бапкерін жиі ауыстырады. Әсіресе, соңғы жылдары тіпті жиілеп кетті. Қайрат Боранбаев келіп, клубқа инвестиция салған уақыттан бері 4 бапкер қызметінен кетіп үлгерді. Тек словакиялық маман Владимир Вайсс ғана өзінің келісімшартын толығымен өтеп шықты. Ол Алматыда 3 жыл жұмыс істеді. Одан кейін Александр Бородюк пен Кахабер Цхададзе де ұзақ тұрақтаған жоқ. Енді, міне, испаниялық Карлос Алос Феррер де кетті.

Бұл бапкер «Қайраттың» тізгінін былтыр ұстаған. Феррер бір жылдың ішінде Қазақстан кубогы мен премьер-лиганың күміс жүлдесін жеңіп алған. Биыл тағы Қазақстан кубогында финалға шығып отыр. Чемпионатта екінші орында келе жатыр.

«Карлос деңгейі жоғары маман, Испания футбол мектебінен шыққан. Ол «Қайратта» жұмыс істеген үздік мамандардың бірі. Бір жарым жыл бекер жұмыс істеген жоқ. Бәлкім, тіл білмеуі де өз кедергісін келтірген шығар. Дегенмен, өте мықты маман екенін айта аламын. Біз негізгі Карлостың жұмысына көңіліміз толады. Бірақ келісімшартты үзуге тура келді. Өйткені, клубтың осы маусымға қойған мақсаттарын жүзеге асыра алмады. Сөйтіп, Феррермен жолымыз екіге айырылды. «Қайрат» клубы биыл Қазақстан чемпионатын ұтып, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуды көздеген. Екі жоспар да орындалмады. Кім кінәлі екенін дөп басып айту қиын. Біз бұл жеңіліске барлығы кінәлі деп санаймыз. Ол қызметтен кеткеніне ренжігенімен, шешімді сабырлы қабылдады», – дейді Қайрат Боранбаев баспасөз мәжілісінде.

«Қайрат» клубы қадағалау кеңесінің төрағасы испаниялық маманның Алматыдағы жұмыс орнында алдына қойған жоспарды орындай алмауына тіл білмеуі де әсер етті дегенді айтып қалды. Яғни, бұл жерде әңгіме орыс тілі жайлы. Бізде өзіміздің қазақстандық футболшылардың өзі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Карлос Алос бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде орысша сөздерді аздап түсінетінін, бірақ әлі сөйлеп үйренбегенін айтып қалған. Сондықтан ол біздің футболшылармен тікелей сөйлесе алмай, аудармашының көмегіне жүгінген.

Биыл жазда Alsport.kz сайтының тілшісі Карлос Алостан: «Қазақ немесе орыс тілдерінің бірін үйреніп жүрсіз бе?» деген сауал қойған.

«Қазір мен орыс тілін үйреніп жүрмін. Дегенмен біраз орысша сөздерді түсінемін. Бірақ сенімді түрде еркін сөйлесу үшін уақыт қажет. Меніңше, біртіндеп, таза сөйлейтін боламын», – деген ол.

Біздің бұл жерде айтпағымыз елімізге жұмыс істеуге келген мамандар бірінші кезекте мемлекеттік тілді үйренуге талпынса деген тілек.

Айта кетейік, 43 жастағы Феррер «Қайратты» 2017 жылдың жаз айынан бері жаттықтырды. Жалпы, Қазақстанға 2015 жылы келген. Екі жыл Шымкенттегі «Оңтүстік» академиясында жұмыс істеген. Одан кейін 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасында еңбек етті.

Қазақстанға келмес бұрын, Испания, Гонконг және Польшада балалар-жасөспірімдер футболы саласында тәжірибесін шыңдады. Варшавада «Барселона» академиясының филиалында 4 жыл директор болды. Ересектер командаларынан «Қайраттың» алдында тек 2015 жылдың қаңтар-мамыр айларында Польшаның «Погнонь Седльце» клубын жаттықтырған.

Енді тізгінді кім қолға алмақ?

«Қайрат» маусым аяқталғанша чемпионатта 5 ойын өткізеді. Сондай-ақ Қазақстан кубогының финалы бар. Осы матчтарда Алматы клубын алаңға Андрей Карпович бастап шығады. Ол бұған дейін испаниялық маманның бапкерлер штабында жұмыс істеген.

«Карпович – карьерасы сәтті аяқталған футболшы. Ал бапкер ретінде оның жоғары жетістіктерге жетуге деген ұмтылысы қуантады. Лейпциг қаласындағы университетте тәлім алған. Маусымның қалған бөлігіне тапсырма – Қазақстан кубогын ұтып алу. Біз биыл алғаш рет өзіміздің қазақстандық футболшылардың көмегімен шешуші кезеңге шықтық. Бапкерлер штабына «Қайрат Академия» мен «Қайрат Ж» командасының жаттықтырушылары кірді», дейді Қайрат Боранбаев баспасөз мәжілісінде.

Андрей Карпович «Қайрат» сапында 2004-2006 жылдары ойыншы ретінде өнер көрсеткен. 2004 жылы ел чемпионы атанып, үздік орталық жартылай қорғаушы болып танылған. Дегенмен Карпович келесі маусымда бас бапкер болмайды. Алдағы 2019 жылы тізгінді германиялық бапкер ұстайды екен. Ол туралы Боранбаевтың өзі айтты.

«Қайрат» соңғы жылдары өз мамандарын оқытумен айналысып келеді. Біз өз кезегімізде Лейпциг университетімен келісімшартқа қол қойдық. Неліктен бұл университет деп ойлайсыз? Өйткені, бұл оқу орны УЕФА-ның PRO лицензиясын береді. Сосын жаттықтырушыларымыз емтихан тапсырды, көбісінің нәтижесі тәп-тәуір болды. Дамудың осы векторын таңдағандықтан, Германиядан жаттықтырушы шақырамыз деп шештік. Оқу аяқталған соң, Германияның U-19 құрамасында соңғы 6-7 жыл ішінде жұмыс істеген маманды таңдадық. Алдағы үш жылда ол «Қайрат А», «Қайрат Ж» командаларының барлық бапкерлер штабына консультант болады. Әзірге оның есімін атамауды жөн көрдік. Неміс маманы маусым соңында келуді жөн көрген жоқ. Енді біз оны 15 қараша күні таныстырамыз. Уақытша бұл міндетті Андрей Карпович атқара тұрады», – дейді «Қайрат» клубы қадағаушылар кеңесінің төрағасы.

Аршавин «Қайраттан» кете ме?

Қазіргі кезде Андрей Аршавин Қазақстан футболындағы ең танымал тұлға екені жасырын емес. Ресейлік футболшы бір кездері Лондонның «Арсенал» клубында ойнаған. Санкт-Петербургтің «Зенит» командасымен УЕФА кубогында жеңіске жеткен. Ресей құрамасы сапында 2008 жылы Еуропа чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Сол жылы жылдың үздік ойыншысына берілетін «Алтын допқа» талас кезінде алтыншы орынға тұрақтады.

Андрейдің «Қайрат» клубында ойнауының өзі маркетинг тұрғысынан көп пайдасы тигені анық. Сонымен қатар ардагер футболшы ел чемпионатында жақсы ойын көрсетіп жүр. Биылғы маусымда чемпионатта ол 27 матчқа қатысып, 9 гол соқты.

Дегенмен, соңғы кездері 37 жастағы футболшының маусым аяқталған соң, «Қайраттан» кететіні, тіпті, карьерасын аяқтайтыны жайлы жиі сөз болып жүр. Кейбір ақпарат көздері Аршавин «Зениттің» клубында жұмысқа тұруы мүмкін екенін жазған да болатын.

Баспасөз мәжілісінде Қайрат Боранбаев егер Аршавин қаласа, келісімшартты әріқарай созуы мүмкін екенін айтты.

«Әзірге белгісіз, біз бұл туралы сөйлескен жоқпыз. Егер Андрей Сергеевич әріқарай ойнағысы келсе, біз келіссөз жүргізуге дайынбыз», – дейді Боранбаев.

Андрей Аршавин кетсе, оның орнын кім басады деген сұрақта баспасөз мәжілісінде қойылды.

«Кокорин мен Мамаев емес екені анық (күлді). Сіздерге бір естелікпен бөлісейін. Екі жыл бұрын «Қайрат» сапында Соарес және Асеведо деген футболшы болды. Бізге ол екеуімен қоштасуға тура келді. Себебі, екеуі оқу-жаттығу жиыны кезінде қонақ үйдегі бөлмелеріне жеңіл жүрісті қыздар шақырыпты. Тіпті, ешқандай талқылаусыз келісімшартты үздік. Ал Тимощук пен Аршавин ондайлар қатарынан емес. Үш жыл бұрын бізге клубтың имиджі қажет болды. Бұл ойыншылар осы жағынан көп көмектесті. Басында ешкім де сенген жоқ, тіпті өзіміз де. Ал қазір Қазақстандағы жанкүйерлердің бәрі жақсы көреді. Аршавинді кеңес одағы елдерінен шыққандардың арасындағы ең үздік футболшылардың бірі деп санаймын. Андрейдің арқасында біз туралы Ресей және Англияның баспасөз құралдары да жиі жазып тұрады. Аршавинмен келісімшартқа қол қою арқылы бір оқпен екі қоянды аттық десек те болады. Яғни ойын жағынан да, маркетинг тұрғысынан пайдасы көп тиетін футболшыны қатар қостық. Енді оның орнын кім басады деген сұраққа келсек. Исламхан, Жуков секілді қазақстандық футболшылар бар. Олар аяқтарынан тұрып келеді», – дейді клуб қожайыны.

Бойкот жариялаған жанкүйерлер туралы

Осыдан екі апта бұрын Қайрат Боранбаев клубтың фан-қозғалысымен жабық кездесу өткізген. Өйткені, клубтың жанкүйерлері «Ақтөбемен» ойын алдында бойкот жариялаған болатын. Себебі, клубтың соңғы кездегі жеңілісі көбейіп кетті. Еуропа лигасының үшінші іріктеуінен өте алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Қыркүйек айында «Ақжайық», «Жетісу» секілді клубтарды ұта алмай, чемпиондық таласта «Астанадан» көп ұпайға қалып қойды.

Бір қызығы, фанаттар бойкот жариялаған ойында «Қайрат» қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата ұтқан еді.

«Мен олардың қамқорлығын, уайымын жақсы түсінемін. Сондықтан жанкүйерлермен кездестім. Бір-бірімізді толықтай түсінісіп, тарқастық. Біз оларға немен айналысып жүргенімізді, жалпы алдағы жоспарымызды бәрін түсіндірдік. Осыдан бес жыл бұрын «Қайрат» клубы қайда болды? Бірінші лигада ойнады! Одан кейінгі 4 жылда «Қайрат» тек бірінші орынға таласып келеді. Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде ойнап, алдында жоғары мақсат қоятын клубқа айналды. Бес жыл бұрын кім бұлай болады деп ойлады? Осы жылдар ішінде жас футболшыларға барлық жағдайды жасадық. 7-13 жас аралығындағы балаларға 4 база салып бердік. Ал 14-19 жас аралығында жасөспірімдердің екі мектеп-интернаты бар. Олар бірінші және екінші лигада ойнап жүр. Карлос кубоктың барлық матчында 16 жастағы шабуылшы Швырев пен 18 жастағы қорғаушы Әліпті ойнатты. Екеуі де ұлттық құрамаға шақырылып жүр. Біз өз бағытымызды жақсы білеміз. Бір рет чемпионатты ұтып, Чемпиондар лигасында ойнауды ғана мақсат тұтпаймыз. Біз барлығын төменнен бастағымыз келеді. Бірақ оның бәрі бізге байланысты емес. Егер біз секілді Қазақстандағы барлық клубтар осындай бағытта жұмыс істесе, қазақ футболында нәтиже болып қалуы мүмкін еді. Ал бойкот туралы айтар болсақ, бұл бізге бір жағынан жарнама болды. Бәрі «Қайрат» клубында бойкот деп жазып, жақсы жарнама жасады», – дейді Қайрат Боранбаев.

Стойлов өзі де кезінде легионерлердің көбеюуіне ат салысқан

Ұлттық құраманың сәтсіздіктерінің ұзаққа жалғасуы жанкүйердің шыдамы тауысқаны анық. Қазіргі кезде бұл тығырықтан шығу үшін премьер-лигадағы легионерлердің санын азайту керек деген мамандардың қарасы көп. Өйткені, отандық ойыншылар легионерлердің көлеңкесінде қалып қойып жатыр деген пікір бар. Бұл жайында Қайрат Боранбаев не ойлайды?

«Біз легионерлердің санын көбейтіп жібердік деп жүрген мамандар бар. Қазақстанда 8 легионерге рұқсат етілген. Егер клуб бюджет мұрша берсе, онға жеткізуге болады. Ол үшін қосымша қаржы төлейсің. Бұл жерде негізгі проблема сапасыз легионерлер де болып тұр. Негізі бес легионер де жеткілікті. Бірақ барлығы да сапалы әрі біздің ойыншылардан деңгейі жоғары болуы тиіс. Осы тақырып жөнінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековпен сөйлескенбіз. Бұл тақырып әлі де талқылауды қажет етеді. Станимир Стойлов сұхбаттарында қазақстандық футболшыларға ойын тәжірибесі жетіспейді дегенді жиі айтып жүр. Кезінде өзі де легионерлердің көбеюуіне ат салысқан. Енді соның салдарын өзі де көріп отыр», – дейді қазақстандық футбол жанашыры.

Бізді қуантқаны...

«Қайрат» клубы бұған дейін ресейлік бапкерлер мен футболшыларға немесе Ресейде доп тепкендерді көп шақыратын. Енді, міне, неміс бапкерін шақыруы шынымен де қуантады.с Өйткені, клубқа еуропалық менталитет керек секілді...

Қайрат Боранбаев айтқандай, клубтың инфрақұрылымы, жастармен жұмыс істеуі де көпшілікке үлгі болатындай. Егер осы бағытынан таймай, Нұрәлі Әліп, Вячеслав Швырев, Могамед Парагульков, Александр Соколенко, Ян Вороговский секілді жастармен шектелмей, академия түлектеріне негізгі құрамда ойнатуға мүмкіндік берсе, бұл жағынан «Астанадан» асып түсері анық.

Оның үстіне, «Қайрат» Қазақстан кубогының финалында да бірде-бір легионерлердің көмегіне жүгінбейді. Бұған дейін барлық іріктеу кезеңде отандық футболшылармен ойнап келген. Финалда да сол үрдісті бұзбай, Андрей Карпович өзіміздің футболшылармен «Атырауға» қарсы өнер көрсетпек.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер