BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

«Қайрат» қашан чемпион болады?

Фото: Today.kz

Өткен демалыс күндері футболдан Қазақстан премьер-лигасының 29-туры аяқталды. Ел біріншілігінің аяқталуына небәрі төрт тур қалды. («Астана» мен «Қайрат» клубының әлі қосымша бір ойыны бар). Бас жүлдеден үміткер «Астана» мен «Қайраттың» арасын қазір 10 ұпай бөліп тұр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Жылда қайталанатын қателік

«Астана» мен «Қайрат» командаларының текетіресі жалғасып келе жатқанына биыл бесінші маусым. Бірақ Алматының командасы бес жыл бойы елорда командасының алдын орай алмай жүр. Неліктен?

Ең алғаш текетірес 2014 жылы басталды. Бұл жылы «Халықтың командасы» атанған «Қайраттың» құрылғанына 60 жыл толған. Осы мерейтойдың қарсаңында футболшылар жанкүйерлеріне сый жасайды деп күтілген. Тіпті, премьер-лиганың 28-турына дейін «Қайрат» көш бастап тұрған.

Бірақ бәрі 22 қазанда басталды. Дәл осы күні елорда төрінде екі клуб 23-турдың кейінге шегерілген ойыны үшін кездесті. Матч «Астана» клубының жеңісімен аяқталды. Есеп – 5:1.

Ойыннан кейін «Қайрат» клубы Самат Смақов, Заурбек Плиев, Дмитрий Хомич, Александр Кислицын, Михаил Бақаев секілді футболшыларын жаттығу жиындарынан қуылды. Мұның себебін клуб басшылығы сол кезде аталған ойыншылар спорттық принципті бұзды деп айыптады.

Бұдан кейін «Астана» тізгінді тартпай, алғаш рет ел чемпионы атанды. «Қайрат» тіпті, «Ақтөбеден» жеңіліп, үшінші орынды қанағат тұтты.

Алматы командасының осы жылдардың ішіндегі чемпиондыққа ең жақын болған кезі 2015 жыл еді. Тағы да 28-турға дейін «Қайрат» көшбасында болды. Екі команданың арасын 7 ұпай бөліп тұрған. Келесі турда күтпеген жерден «Қайрат» өз алаңында «Атыраумен» тең түсті. Сосын аса маңызды ойында «Астанаға» есе жіберді. Сөйтіп, екі команданың арасын 1 ұпай шешіп кетті.

Жыл соңында бас бапкер Владимир Вайсс қызметінен кетті. Бірақ оның орнына келген бапкерлердің ешқайсысы әлі күнге «Қайратқа» чемпиондық әпере алмай жүр.

«Қайрат» ішкі чемпионатта ғана емес, еурокубок та жетістіріп ойнап жүрген жоқ. Былтыр Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Албанияның «Скендербеу» клубынан жеңіліп, жарыстан шығып қалуы клубтың қожайыны Боранбаевтың да ашуына тиген болатын. Содан кейін «Қайрат» клубы бақылаушылар кеңесінің төрағасы баспасөз арқылы дамудың басқаша жолын таңдайтынын айтқан болатын.

«Соңғы бірнеше жылда футболшылардың клубқа деген қарым-қатынасы яғни нәтижесі «тек бір қақпаға ойнайтын футбол» секілді болып кетті. Ал клуб 4 жылдың ішінде барлық инфрақұрылымды жақсартты. Фуболшылардың шеберлігін арттыруға мүмкіндіктердің барлығы қарастырылған. Бірақ нәтиже сол бұрынғыша. Ешқандай өзгеріс жоқ. Мұның бәрі бір күні аяқталатыны белгілі. Футбол клубтарында үлкен өзгерістер негізінен маусымаралық үзіліс кезінде жүзеге асады. Алайда біздің клубтың қазіргі нәтижесі клуб басшыларының ол ойын өзгертті. Сондықтан өзгерісті дәл қазірден бастауды жөн көрдік.«Жалған футболлшыларға» ақша құюдан шаршадық. Бүкіл инфрақұрылымды ешқандай мотивациясы, алға қойған мақсаты жоқ футболшылар үшін салған жоқпыз. Алдағы уақытта Қазақстан үшін, қала үшін және клуб үшін ойнайтын футболшыларды аламыз», – деген еді Қ.Боранбаев.

Неге бәріне бапкер кінәлі?

«Қайратты» 2013-2015 жыл аралығында словакиялық бапкер Владимир Вайсс жаттықтырды. Бұл маманның кезінде Алматы командасының ойыны көпшіліктің көңілінен шығатын. Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға бір қадам қалғанда жеңіліп қалғаны болмаса, Вайстың кезіндегі «Қайратты» қазіргі «Қайратпен» салыстыруға келмес. Өйткені, ол кездегі «Қайраттың» ойыны «Барселонаның» қазақстандық нұсқасын еске түсіретін. Жанкүйерлер әлі күнге клуб басшылығына Владмир Вайсты қайтаруды сұрап жатады.

Одан кейін Александр Бородюк, Кахабер Цхададзе жаттықтырды. Қазір клубтың тізгіні испаниялық Карлос Алос Ферердің қолында.

Феррер «Қайратқа» келмес бұрын 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырған. Ал оның алдында Қазақстан футбол федерациясының «Оңтүстік» академиясында бас жаттықтырушы болған. Біздің елде 2015 жылдан бері еңбек етіп жүр. Оған дейін Испанияда, тіпті «Барселона» спорт мектебінде, Польшада, Гонконгта жұмыс істеген. Негізінен, өрімдей жас футболшылармен жұмыс істеп жүрген маман. Ешқашан ересектер командасын жаттықтырмаған, яғни үлкен футболда тәжірибесі жоқ.

«Қайрат» өткен сенбі күні премьер-лиганың 29-турында Шымкентте «Ордабасыдан» жеңіліп, «Астанамен» ұпай айырмашылығын ұлғайтып алды. Соңына дейін күресеміз деп жүрген испаниялық бапкерде қазір чемпиондықтан күдерін үзе бастаған тәрізді.

«Бірінші кезекте мынаны айта кетейін, біз қажет емес ойында ұтылып отырмыз. «Ордабасының» осыған дейін проблемасы жеткілікті болатын. Соның өзінде қарсыласқа есе жібердік. «Қайрат» чемпион болғысы келсе, мұндай ойында мүлдем ұпай жоғалтуға болмайды. Біз бүгін чемпиондыққа таласта барлық мүмкіндігімізден айырылдық», – деді Карлос Алос клубтың ресми сайтына ойыннан кейінгі баспасөз мәжілісінде берген сұхбатында.

Бір қызығы, «Қайрат» жанкүйерлері чемпиондыққа таласта есе жіберген сайын бар кінәні бас бапкерден іздейді. «Қайратқа» сыймай кеткен Владимир Вайсс қазіргі кезде Грузия құрамасымен сәтті жұмыс істеп жүр. Одан кейінгі келген грузиялық маман Кахабер Цхададзе биыл «Ордабасымен» Шымкентте «Қайратты» екі рет ұтты. Тек әлсізі ресейлік Александр Бородюк болған шығар.

«Мен бапкерлердің жұмысын сөз қылғанды ұнатпаймын. Бірақ көпшілік айтып жүргендей Кахабердің «Қайратта» қолынан ештеңе келген жоқ дегенге келіспеймін. Ол келгенде «Астана» бізден 12 ұпайға озып тұрған. Біз маусымды екінші орынмен аяқтадық. Чемпионнан бар-жоғы 2 ұпайға қалып қойдық. Әлбетте, команданың сәтсіз өнерінен кейін бас бапкерді кінәлау басым болады. Бұл жерде ойыншылардың кінәсі бар. Цхададзе жалғыз болған жоқ, дұрыс па? Қасында көмекшілері, ассистенті, футболшылар жүрді. Сондықтан бұл біздің ортақ кінәміз. Цхададзе – тәп тәуір маман. Болашақта жақсы бапкер ретінде көрсететіне сенемін», – деген «Қайраттың» экс-футболшысы Жарко Маркович былтыр KazFootball.kz сайтына берген сұхбатында.

Шынымен де, команданың сәтсіз өнер көрсетуінің бәріне бас бапкерді кінәлай беруге болмас. Алаңға шығатын негізінен футболшылар екенін ұмытпаған жөн болар.

Трансфердегі сәтсіздік

«Қайрат» елорда командасымен салыстырғанда «жылтырақ» футболшыларға көп қызығады. Яғни маркетинг тұрғысынан тиімді ме? Жоқ па? Соған көп мән беретін тәрізді. Алматы клубында талай жұлдыздар доп теуіп үлгерді. Чемпиондар лигасының жеңімпазы Анатолий Тимощук, қазіргі кезде Ресейдің экс-капитаны Андрей Аршавин жүр. Осы аралықта жарнамасы жер жаратын, бірақ ойнап жарытпаған футболшылардың талайы келіп кетті. Мысалы, Израилдің Мессиі» атанған Гай Ассулин Алматыда бар-жоғы 45 күн ғана тұрақтады. Ал «Астана» көбінесе, шау тартып қалған ардагер жұлдызды ойыншыларға емес, өздеріне қажетті футболшыларды алып жатады.

«Қайрат» қазір қақпашыға да қарық болып жүрген жоқ. Ұлттық құрамада әр кездері өнер көрсеткен үш қақпашыны қатарға қосып алған. Олар: Стас Покатилов, Владимир Плотников, Давид Лория. Соңғысын жақында алған. Әлі алаңға шығып үлгерген жоқ. Чемпионатта негізінен қақпаны Покатилов күзетіп жүр. Алайда оның биылғы ойыны жанкүйерлердің де, мамандардың да көңілінен шықпайды. «Қайраттың» жиі ұпай жоғалтуына қақпашының да кінәсі бар.

«Қайрат» қорғаушыға да жарымай жүр. Елдос Ахметов жарақат алып, біраз уақыт лазеретте жатты. Оның орнына жазда қатарға қосылған беларусь футболшысы Сергей Политевичтің асып бара жатқан ештеңесі байқалмайды.

«Қайраттың» «Астанадан» артықшылығы

«Қайрат» басты қарсыласынан спорттық нәтижелері бойынша артта қалғанымен, басқа жағынан озық тұр. Мысалы, еліміздің бірде-бір клубында «Қайраттың» спорттық базасындай инфрақұрылым жоқ.

«Қайраттың» жаттығу базасында табиғи көгалдан жасалған үш футбол алаңы және жасанды көгалдан жасалған екі футбол алаңы бар. Олардың бірі жабық түрде жасалған. Сонымен қатар, мұнда аумағы 9,5 мың шаршы метр болатын әкімшілік ғимарат салынған. Жаттығу кешені 12 гектар жерді алып жатыр. Екі алаң жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал жасанды алаң бамбук өсімдігінен жасалған.

«Біз құрылыстың аяқталып, базаның қолданысқа берілгенін мақтан етеміз. Бұдан төрт жыл бұрын мұндай «база саламыз» деген идеяға ешкім сенбеп еді. Мінеки, бүгін біз футбол ардагерлеріне берген уәдемізді орындадық. Біз осы нысанмен клубтың инфрақұрылымдарын құру кезеңін толық аяқтадық. Енді бізде бұл базамен қатар, балаларға арналған үш футбол академиясы және жасөспірімдерге арналған бір мектеп-интернат жұмыс істейді» – деген болатын «Қайрат» футбол клубының Қадағалаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев «Қазақпаратқа» берген сұхбатында.

Сосын «Қайрат» жас футболшыларды тәрбиелеуге де қатты мән береді. Қазіргі кезде «Қайраттың» кезіндегі аңыз футболшылары Тимур Сегізбаев, Сергей Квочкин, Евстафи Пехлеваниди атындағы үш бірдей академия бар. Онда еліміздің талай жас таланттары тәрбиеленуде. Арасында үздіктері негізгі құрамда ойнап жүр.

Бас бапкер Карлос Алос «Астана» клубындағы әріптесімен салыстырғанда жергілікті жас футболшыларға көп мүмкіндік береді. Мысалы, «Қайрат» сапында Магомед Парагульгов, Александр Соколенко, Нұрәлі Әліп, Вячеслав Швырев, Ян Вороговский секілді жас футболшылар жиі алаңға шығып жүр.

«Менің Алматыда жүргеніме бір жылдан асты. Біз бұл бағытта жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Мен келгелі негізгі құрамда Магомед Парагульгов, Александр Соколенко, Нұрәлі, Вячеслав Швырев сияқты жастарға дебюттарын өткізуге мүмкіндік бердік. Швырев алғашқы ойыны үшін алаңға шыққанда бар-жоғы 17 жаста болатын. Әліп те біз үшін маңызды ойыншы. Бұл жас футболшылар былтыр дәл осылай жылдам бірінші команда сапында ойнаймыз деп ойламаған болар.Қазіргі кезде олар Қазақстан құрамасына шақырылып жүр. Бұл оларға берілген жоғары баға», – дейді Карлос Алос Prosports.kz сайтына берген сұхбатында.

Осымен, футболдан Қазақстанның 27-маусымы аяқталуға жақын. Бұған дейін екі команда бес реттен чемпион атанған. Биыл бұл қатарға «Астана» қосылуы мүмкін. «Ертіспен» пен «Ақтөбенің» жетістігін қайталау үшін елорда футболшыларына енді қалған 5 матчтың екеуін ұтса жеткілікті.

«Астананың» алдағы ойындарының кестесі:

20 қазан: «Астана» – «Ордабасы»;

27 қазан: «Тобыл» –«Астана»;

31 қазан: «Шахтер» – «Астана»;

3 қараша: «Астана» –«Қайрат»;

11 қараша: «Астана» – «Ертіс».

«Қайраттың» қалған ойындарының кестесінің мынандай:

20 қазан: «Қайрат» – «Тобыл»;

27 қазан: «Қайрат» –«Ертіс»;

31 қазан: «Қызыл-Жар» – «Қайрат»;

3 қараша: «Астана» –«Қайрат»;

11 қараша: «Қайрат» – «Шахтер».


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер