BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Илья Ильин әлем чемпионы атана ала ма? Сараптама

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы ауыр атлетиканың деңгейі, қазіргі жай-күйі қандай екенін білетін күнде алыс емес. Өйткені, еліміздің құрамасы бір жылдық шеттетуден кейін әлемдік аренаға қайта оралады. Алдағы 1-10 қараша аралығында Түрікменстанның Ашхабад қаласында кезекті әлем чемпионаты өтеді.

Биылғы жылы қазақ спорты үшін сәтті болды деп айта алмаймыз. Азия ойындарындағы нәтижеміздің күрт төмендеп кетуі, Геннадий Головкиннің жеңілісі, көкпаршылардың айналысындағы дау-дамайлар спорт жанкүйерлерінің еңсесін түсіріп тастағандай. Енді ауыр атлеттеріміз Ашхабадта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жатса, аз да болса серпіліп қаларымыз анық. Оның үстіне тау көтерген толағайларымыз бір жыл бойы ешқандай халықаралық жарысқа қатыса алмады. Былтыр күзден бері бір жылдық шеттетуде болды. Өздері де зілтемірді сағынып қалған шығар.

Жалпы, соңғы екі жарым жыл ішінде отандық ауыр атлетика ауыр жағдайды бастан кешті. Допинг-даулар, жарыстан шеттету, спортшыларымыздың Олимпиада, әлем чемпионаттарындағы жүлделелерінен айырылуы және т.б.

20 жылдан кейін салмақ дәрежелері ауысты

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) биыл ерлер және әйелдер арасындағы жаңа 10 салмақ дәрежесін жариялады.

Жаңа салмақ дәрежелерін арнайы статистикалық деректермен айналысатын мамандар талдап, осындай қорытындыға келген: Ерлер арасында 55, 61, 67, 73, 81, 89, 96, 102, 109 келіге дейін және 109 келіден жоғары салмақтар бекітілді.

Әйелдердің жаңа салмағы мынандай: 45, 49, 55, 59, 64, 71, 76, 81, 87 келіге дейін және 87 келіден жоғары.

Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына осылардың арасында жеті салмақты бекітті. Олимпиада ойындарында ерлер – 61, 67, 73, 81, 96, 109 келіге дейін және 109 келіден жоғары салмақтардан өнер көрсетсе, әйелдер – 49, 55, 59, 64, 76, келіге дейін және 87 келіден жоғары салмақтар бойынша бақ сынайды.

Айта кетейік, ауыр атлетикада салмақ дәрежелері соңғы 20 жылда өзгермеген болатын.

Ильин мен Чиншанло оралды

Ұзақ уақытқа созылған допинг дауына қатысты шешімдер биылғы жылы көктемде шыққан болатын. 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарының допинг-сынамалары қайта тексерілгеннен кейін Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова чемпиондық атақтарынан айырылды. Алғашқы екеуіне екі жылдық жаза берілген. Олардың спорттан шеттетілу мерзімі 2018 жылдың 10 маусымында аяқталды. Сөйтіп, Ильин мен Чиншанло қайтадан спортқа оралды. Ал Майя Манеза мен Светлана Подобедова карьераларын аяқтады.

Тамыз айының соңында Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында екеуі де өздерінің жаңа салмақтарында жеңіске жетті. Әзірге бұрынғы баптарына толық келіп үлгерген жоқ. Бірақ соған қарамастан ел біріншілігіндегі жеңістері көпшілікті қуантқаны жасырын емес.

Ильин 102 келіге дейін салмақта өнер көрсетті. 30 жастағы атлет екі жаттығу қорытындысы бойынша 380 келі салмақты (172+208) еңсерді.

Ильия Ильин соңғы рет 2015 жылдың желтоқсан айында ресми жарысқа қатысқан еді. Ол кезде Ильин Грозныйда өткен РФ Президентінің кубогы жарысына қатысып, қарсылас шақ келтірмеген болатын.

Чемпионаттан кейін Ильин өзінің Vesti.kz тілшісіне жарыстағы әсерімен бөлісті.

«Жаңа схема, жаңа жүйе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге өзімізді байқап көріп жатырмыз. Әзірге барлығы өзіміз қалағандай емес. Әрине, өте қатты толқыныс болғандықтан аз келідегі зілтемірді көтеруден бастадым. Бірақ барлығы жоспардағыдай өтті. Спортшылар арасындағы тартыс та жоғары дәрежеде өрбігені рас. Рүстем Сыбаймен бұрыннан жақсы таныспыз. Екеуіміз екі алтын үшін аянбай бәсекеге түстік. Жарыс барысында эмоция өте қатты болды. Сондықтан қорқыныш та екі есе артты. Жоспарлағанымыздың барлығын бірдей көтере алған жоқпын. Бірақ, ештеңе етпес. Енді 5-7 күнде бұдан ауыр салмақтарды көтеретін боламын. Үш жыл бойы жарысқа қатысқаным жоқ. Содан болар, денем барлығын жаңадан қабылдап жатқандай. Барлық 5 мүмкіндігімді де толық пайдаландым. Осында келіп мені қолдағандарға, жанкүйер болғандарға алғыс айтамын. Еңбегімді бағалап жатқаны көңіл қуантады. Мен оралдым», – деді Илья.

Ал Зульфия Чиншанло 55 келіде бақ сынады. Ол жұлқа көтеруде 87 келіні, серпеде 115 келіні көтерді.

Талдықорғандағы чемпионаттың қорытындысы

Талдықорғандағы чемпионатта ауыр атлеттер жаңа салмақтар бойынша қатысты. Бұл чемпионатта тіркелген нәтижелерді жоғары деуге келмес. Оның себебі де түсінікті болар. Бір жылдық үзілістен кейінгі алғашқы жарыс, жаңа салмақ.

Талдықорғандағы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша Ашхабадта өтетін әлем чемпионатына құрама жасақталды. Олардың арасында жоғарыда аттары аталған Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло да бар.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жалпы командалық есепте Алматы облысы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Алматы қаласы тұрақтаса, үштікті Түркістан облысы қорытындылады. Ерлерден Ильин бастаған Қызылорда көшбастаса, күміс пен қоланы Алматы мен Батыс Қазақстан облысы өзара бөлісті.

«Маған чемпионат ұнады. Ұйымдастыру жағы, спортшылардың өзара бәсекелестігі де жоғары деңгейде болды. Бір өкініштісі, барлық аймақ бірдей қатыса алмады. Соған қарамастан бірнеше спортшы өздерің жақсы жақтарын көрсетті. Бізде өте көп талантты жастар өсіп келеді. Бұл жаңалық қуантпай қоймайды. Жалпы алғанда барлығы жоғары деңгейде өтті. Чемпионат қорытындысы бойынша әлем біріншілігіне қатысатын құраманы жасақтады. Әзірге мынау жүлде әкеледі деп ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Барлығы атлеттердің өзіне байланысты», – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельников ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Әлем чемпионатына дайындық

Қазақстан құрамасы Талдықорғандағы Қазақстан чемпионатынан кейін Сочиге оқу-жаттығу жиынына аттанды. Бұл әлем чемпионатының алдындағы алғашқы толыққанды дайындық болатын. Қазақстан ауыр атлеттері Сочиде 36 күн бойы жаттықты. Бірақ бұл топта Ильин, Чиншанло, Рахимов болған жоқ. Олар Текелідегі базада Энвер Түркелидің қасында дайындықтарын пысықтады. Енді жақында Шымкенттегі оқу-жаттығу жиынына қосылады.

«Сочидегі жаттығу жиындарында бізді қыздардың нәтижелері нәтижелері қуантты. Әсем Садықова, Надежда Лихачева, Карина Горичеваларды ерекше айтуға болады. Сондай-ақ Екатерина Быкова, Айзада Мүптілда, Екатерина Столяренколарға көңіліміз толды. Жігіттерден Зайчиков, Сыбай, Қазов өздерін көрсетеді деп сенемін. Денис Улановтың жарақаты қайта сыр берді. Бірақ әлі уақыт бар, әлем чемпионатына дейін толық бабына келіп үлгереді деп сенемін. Жалпы алғанда команданың потенциалы өте жоғары. Екі апта бұрын дисквалификациямыз аяқталып, ресми түрде әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық. Енді Ашхабадта толық құрамда қатысамыз», – деді бас бапкер Юрий Мельников Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Ұлттық құрама мүшелері 12 қазанда Шымкентке келді. Енді осы айдың соңына дейін осында дайындалады. Сосын Түрікменстан астанасына ұшып, әлем чемпионатына қатысады.

Кімдерден жүлде күтеміз?

Бұл чемпионат біз үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Өйткені, ешқандай допингтің көмегінсіз біздің атлеттері қарқыны қандай болмақ? Осы сұрақтардың жауабын қараша айының алғашқы он күндігінде білетін боламыз.

Бас бапкер Юрий Мельников 3-4 жүлде күтетінін айтып отыр. Бірақ оның қандай болатынын уақыт көрсетеді деген пікір білдірді. Барған жарысынан бірінші орынмен қайтатын Илья Ильин осы жолы Ашхабадта қандай нәтиже көрсететіне көпшілікті қызықтырып отырғаны жасырын емес.

«Алдын ала ешқандай болжам жасағым келмейді. Біріншіден, қазіргі кезде ауыр атлетикада салмақтар ауысты, талантты жастар шықты. Екіншіден, Ильяның ресми жарыстарға қатыспағанына 4 жылға жуықтады. Біз оның нағыз жауынгер спортшы екенін жақсы білеміз. Сондықтан тек сәттілік тілеуден басқа ештеңе айта алмаймын», – дейді Юрий Мельников Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Әлем чемпионатында Илья Ильин өнер көрсететін 102 келі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасында жоқ. Егер ол Олимпиадаға жолдама алып жатса, 96 немесе 109 келіге дейінгі салмақтардың бірінде қатысады.

Жазира Жаппарқұл қайда жүр?

Ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарында тұңғыш қазақ қызы Жазира Жаппарқұл әлем чемпионатына қатыспайды. Тіпті, ол биыл Талдықорғандағы Қазақстан чемпионатында бой көрсеткен жоқ. Сондықтан оған алаңдап жатқандар өте көп.

«Жазира Жаппарқұл екінші жыл қатарынан жарақатына байланысты жарыс жолына шыққан жоқ. Бірақ жаттығуды бастап, Румынияда өткен оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Сосын елге оралып, Текеліде дайындалды. Сол кезде арқасын ауыртып алып, Қазақстан чемпионатында өнер көрсете алмады», – дейді бас бапкер Юрий Мельников Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Жазираның спорттық карьерасын аяқтамағанын Шымкент қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та айтты.

«Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында жүлде еншілеп, елге олжалы оралған соң демалуды жөн көрген еді. Соңғы екі жылда ол жарақатын емдеумен болды. Жазираның арқасында проблема бар. Бірақ соған қарамастан спорттық бабын сақтап жүргенін айта кетуіміз керек. Жазира Қазақстан чемпионатына Текеліде дайындалды. Бірақ арқадан алған жарақаты сыр беріп, жарыстан тыс қалуға тура келді. Онымен бірнеше күн бұрын кездестім. Жақында Жазира ұлттық құраманың Шымкенттегі оқу-жаттығу жиындарына қосылады. Жаппарқұлдың келесі жылға әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндігі бар. Оған дейін басқа да жарыстарда бақ сынайды», – дейді Әлібек Нұртаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан атлеттерінің тізімі:

Ерлер:

55 келі:Арли Чонтей;

67 келі:Фархад Харки;

73 келі: Ниджат Рахимов;

81 келі: Айдар Қазов;

89 келі: Денис Уланов;

96 келі: Рустем Сыбай;

102 келі: Илья Ильин;

109 келі: Александр Зайчиков, Ибрагим Берсанов;

109 келден жоғары: Елдос Сайлау.

Әйелдер:

55 келі: Зульфия Чиншанло;

59 келі:Сәуле Сәдуақасова;

64 келі:Әсем Садықова;

64 келі: Карина Горичева;

71келі: Надежда Лихачёва,Екатерина Столяренко;

76 келі: Екатерина Быкова;

87 келі: Раушан Мешітханова;

87 келіден жоғары: Айзада Мүптілда, Александра Аборнева.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер