BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

GGG vs Canelo: рематч алдындағы балағаттар мен сәуегейлік Сараптама

Геннадий Головкин мен Сауль Альварес. Былтыр бір кездесіп, тең тарқасты. 15 қыркүйек күні (Астана уақыты бойынша - 16 қыркүйекте) екінші рет шаршы алаңда жолығады. Бокс кеші Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді.

Гонорар көлемі қанша?

Головкин Канеломен кездесуінде WBA Super, WBC, IBO тұжырымдары бойынша белбеулерін қорғайды және The Ring нұсқасы бойынша чемпион атануға мүмкіндігі бар. Одан бөлек WBC арнайы белбеуіне таласады.

Отандасымыздың жекпе-жегін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Осы бокс кешінде тағы 8 жекпе-жек жоспарланған. PPV-ақылы трансляциясына 4 салмақ бойынша әлемнің экс-чемпионы, никарагуалық Роман Гонсалес (46, 2, 38 KO) пен мексикалық Мойсес Фунтес (25-5-1, 14 KO), IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы экс-чемпион канадалық Давид Лемье (39-4, 33 KO) мен ирландиялық Гэри ОꞌСалливан (28-2, 20 KO); WBO тұжырымы бойынша - бірінші орта салмақтағы чемпион мексикалық Хайме Мунгуйи (30-0, 25 KO) мен канадалық Брэндон Кук (20-1, 13 KO) арасындағы кездесулер ілінген.

AS.com сайтының мәліметі бойынша, Канело ол кездесуден 30 миллион доллар, Головкин одан 10 миллионға аз гонорар алатыны жазылған.

Алайда, бұл нақты сома емес. Боксшылардың әмияндары HBO арнасы арқылы PPV трансляциядан түсетін қаржымен де толығады.

Былтырғы жылы өткен алғашқы кездесуде Головкин 25 миллион, Альварес 35 миллион табыс тапқанын Daily Mail жазған болатын.

Боксшылардың тактикасы

Головкинің қандай кездесуде болсын қолданатыны тактикасы баршаға аян. Күлімсіреп жүретін GGG үнемі шабуылға шығып, қарсыласына жойқын соққы беруге тырысады. Бұл жолы да сол әдетінен айни қоймас. Ол басқа тактикалық әдісті пайдаланбайды. Тіпті, қашып жүріп бокстасу, лас әдістер қолдану - Гена үшін жат қылық секілді көрінеді. Отандасымыз қарсыласқа жиі прессинг жасап, жылдамдығының арқасында қорғанысты бұзып жаруға ұмтылады. Головкин орта салмақта өнер көрсетсе де, соққысының қуаты ауыр салмақтағылардан кемес. Статистика да соған дәлел. Осыған дейін өткізген 38 кездесудің 34-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Бірақ ол осы жолы Альвареспен кездеседі. Мексикалық талантты, әлі күнге дейін ешкімнен құлап көрмеген. GGG осы жылдар ішінде бірнеше боксшыны нокаут қылғанымен, қарсыластарының көбісі елдің есінде қалған жоқ. Ал Канело басқа жолды таңдады. Ол Котто, Мейвезер, Мозли секілді мықтылармен жұдырықтасты. Осындай шеберлермен кездесу – Альварес үшін университет болды десек артық айтқанымыз емес. Мексикалық Головкинге дейін осы университетті үздік бағамен бітіріп шықты.

Екеуі де бірі-бірінің қыр-сырын жақсы біледі. Головкин панчер, жиі шабуыл жасап, соққы жұмсауға ғана тырысады. Альварес болса контрпанчер. Ол артқа шегініп, қарымта шабуылға иек артады. Қалай десек те, жекпе-жектің жеңімпазы кім болатынын ешкім нақты болжай алмас.

Сауль Алварес жақында телеконференцияда қарсыласын нокаутпен құлатқысы келетінін айтып қалды.

– Жекпе-жектің басынан нокаутқа түсірудің жолын іздеймін. Кездесуді дәл осылай, яғни нокаутпен аяқтағым келеді. Нокауттан кейін төреші қолымды көтергенін қалаймын. Головкин – өте мықты боксшы. Соққысы да мығым. Қарсыласты бір соққымен-ақ естен таңдыра алатындай күш қуаты бар. Бірақ мен мықты боксшылармен кездесіп, тәжірибе жинадым. Головкиннің олардан асып бара жатқан түгі жоқ. Бірінші жекпе-жекте оның соққысына төтеп бере алатынымды байқаттым. Мен ешқандай қысымды сезбеймін. Маған тек 15 қыркүйекте өзімнің үздік екенімді көрсету ғана қалды, – дейді Альварес.

Жерлесіміз болса, көп сөйлейтін Альварестің командасынан жалыққанын және меселін қайтарғысы келетінін айтты. Мысалы, мексикалықтың бапкері Чепа Рейносо: «Головкин – миы жоқ есек секілді. Оның басында титтей де ақыл жоқ. Ол тек қайталана беретін бір соққысымен құр дедектеп алға шабуылдай бергенді ғана біледі» деп сынаған болатын.

Журналистермен өткізген баспасөз мәжілісінде Головкин Канелоның бапкерін «тәрбиесіз» деді.

– Мен олардың деңгейіне түскім келмейді. Ешқашан өзге біреу туралы ондай пікір білдірмес едім. Мұның бәрі адамның интеллектінің төмендігінің, көргенсіздігін көрсетеді. Бұл олардың елге көрсетіп отырған үлгісі. Мен тек осындай сөздері үшін-ақ оларды орнына қойғым келеді, – дейді Головкин.

Қазақстандық боксшының бапкері Абель Санчес сол баспасөз мәжілісінде шәкіртінің мұндай пікірді ашуға булыққандықтан ғана айтып отырмағанын жеткізді.

Ол – ашулы емес. Головкинің жаттығуда өз мақсаты бар. Сол арқылы рингте ойлағанын жүзеге асырғысы келеді. Тек Гена Канелоның кейбір сөздеріне рингте жауап беру керектігін жақсы түсінеді. Біз залда күнделікті жаттығуымызды жасап жүрміз, – дейді Абель Санчес.

Мамандардың болжамы қандай?

Жекпе-жек жақындаған сайын болжам жасайтын сарапшылар да, букмекерлік кеңселер де көбейіп жатыр.

Алдымен, Геннадий Головкиннің жеңісіне сенетіндердің пікіріне құлақ түрсек.

Константин Цзю, экс-абсолют әлем чемпионы:

– Бұл жолы Геннадий жақсы дайындалды деп ойлаймын. Былтырғымен салыстырғанда осы жолы көп тер төккен болар. Сондықтан Головкиннің мүмкіндігі жоғары деп санаймын. Бұл жолы да жеңімпаз төрешілердің шешімімен анықталады. Өйткені, мексикалық боксшы өте мығым жігіт. Әлі күнге нокаутқа түсіп көрмеген. Дегенмен, жеңіске Головкин жетеді деп сенемін және соған жанкүйер боламын, – дейді Костя Цзю Sport24 сайтына берген сұхбатында.

Эвандер Холифилд, екі салмақ бойынша экс-абсолютті әлем чемпионы:

–Головкин жеңеді, оған себеп те жоқ емес. Жекпе-жек кезінде жиі шабуылдайтын боксшылардың бірі. Соған қарамастан қорғанысқа да ерекше мән береді. Соққысы екі қолынан да жойқын шығады, – дейді Холифилд Mayweather Boxing Channel-ге берген сұхбатында.

Леннокс Льюис, Олимпиада чемпионы:

– Меніңше, екеуі қайта кездескен кезде, біреуі міндетті түрде мына ойды айтқысы келетіні белгілі: «Бұл жолы ондай қателікті жібермеймін. Менің қолым – менің тағдырым. Мен өз қолымды ешкімге бермеймін». Дәл осы ойды Головкин айтады деп сенемін. Ол нокаутер ретінде танымал, бұл жолы нокаут көреміз деп үміттенемін. Көрермендер былтырғы жылғы кездесуден кейін-ақ Канелоны құлату керек еді деп айтқан. Сондықтан бізді қызықты кездесу күтіп тұр, – дейді Льюис BT Sport басылымына берген сұхбатында.

Билли Джо Сондерс, орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы:

– Канело допинг дауынан кейін Головкинмен екінші рет кездесуге лайықты емес. Дегенмен, жекпе-жек өтетін болды. Осы жолы Головкин оның мәселесін шешіп тастағанын қалаймын. Альваресті құлатады деп үміттенемін. Ең болмаса ұпай саны бойынша жеңуі тиіс, – дейді Сондерс Boxingcene берген сұхбатында.

Мексикалық боксшының да жеңісіне сенетіндер жетерлік. Тіпті, нокаутқа түсіреді дегендер де бар.

Сауль Альварес жеңеді дегендер:

Эррол Спенс, IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы:

– Канело ұтады. Егер ол бабында болса, Головкинді ұрып құлататына күмәнім жоқ. Алғашқы жекпе-жекте 6-7 раунд бойы басым түсті, кейіннен шаршап қалды. Егер төзімділігін арттырса, Головкинді жеңетіне сенімім мол, – дейді Спенс SecondsOut тілшісіне берген сұхбатында.

Андре Уорд, Олимпиада чемпионы:

– Жекпе-жектің қалай аяқталатынын алдын-ала ешқашан білмейсің. Бірақ былтырғы кездесу өте жақын болды. Боксшы жігіттің қолынан көп нәрсе келеді, айла-тәсілдерді жақсы меңгерген. Осы жолы реваншта жеңіске жетеді. Менің айтып отырғаным – Канело. Меніңше, Альварес өткен кездесуден сабақ алып, өзін жаңа қырынан танытуы тиіс. Ұрыс соңында төреші соның қолын көтереді деп ойлаймын, – дейді Уорд ESPN-ге берген сұхбатында.

Кіші Флойд Мейвезер, 2 салмақ бойынша жеңілмеген боксшы:

– Головкин мен Канело арасындағы жекпе-жекте мен екіншісін таңдаймын. Канелоның Чавеспен кездесуіне тоқтала кетсем. Чавес бір жыл бойы шаршы алаңға шықпаған. Сондықтан оны қапшық секілді ұрып тастады. Енді Головкинді де жеңетін шығар, – дейді Мейвезер Boxingnews24 тілшісіне білдірген пікірінде.

Ешкімге де бүйрек бұрмай, бейтарап пікір білдіріп жатқандар да бар.

Тайсон Фьюри, аса ауыр салмақта әлемнің экс-чемпионы:

– Головкин мен Канело кездесуіне менің болжамым: Бұл жекпе-жектен бокс жанкүйерлері ұтады. Өйткені, біз секілді бокс фанаттары екі атақты күрзі жұдырықты жігіттің кездесуін тамашалаймыз. Аталған жекпе-жек қызықты өтеді деп сенемін. Мықтысы жеңіске жетсін!, – дейді BT Sport басылымына берген сұхбатында.

Майк Тайсон, кәсіпқой бокс аңызы:

– Бір жыл бұрын Альвареске жанкүйер болғанмын. Бірақ Головкин кездесудің тең аяқталуына дейін жеткізді. Бұл жақсылықтың белгісі. Қазір қайсысы фаворит екенін айта алмаймын. 15-қыркүйекте Сауль мен Геннадий екінші жекпе-жегінде үздігі қайсысы екенін білетін боламыз. Бұл сұрақтың жауабын тек рингте білеміз, – дейді Тайсон Fiqhthyb-ке берген сұхбатында.

Лейлә Әли, IBA, WIBA, IWBF тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы:

– Мен Головкиннің де, Канелоның да жанкүйерімін. Екеуі өзара келісіп, екінші рет жекпе-жек өткізетіндеріне қуаныштымын. Маған Головкин жеңіледі деп болжам жасау қиын. Бірақ спортта жеңілмейтін адам болмайды. Кез келген боксшы кездесуді өз пайдасына шешіп кетуі мүмкін. Мен тек бұл жолы біріншісіне қарағанда қызықты жекпе-жек болса екен деп үміттенемін, – дейді атақты Мохаммед Әлидің қызы ESPN-ге берген сұхбатында.

Трилогия болуы мүмкін бе?

Кәсіпқой бокста бірнеше атақты трилогиялар болған. Яғни екі боксшының бір-бірімен үш рет кездесуі.

Мысалы, Әли – Фрейзер, Тони Зейл – Рокки Грациано, Риддик Боу – Эвандер Холифилд, Эрик Моралес – Марко Антонио Баррера, Флойд Паттерсон – Ингемар Йохансон, Шугар Рей Леонард – Роберто Дюран, Джо Ганс – Батлинг Нельсон, Мохаммед Әли – Кен Нортон, Артуро Гатти – Микки Уорд, Барни Росс – Джимми МакЛарнин арасындағы трилогияларды бокс жанкүйерлері жақсы біледі.

MMAPlus.uk сайтының тілшісі Бен Смит Головкин мен Канело арасында да трилогия болуы мүмкін екенін айтып отыр.

– Головкин мен Канело арасындағы жағдай трилогияға ұласатын секілді. Егер екінші кездесу нокаутпен аяқталмаса, онда міндетті түрде үшінші болуы тиіс.Өйткені, қай-қайсысы болмасын ұпаймен жеңетін болса, екінші тарап бәрібір төрешінің шешіміне көңілі толмайды. Сондықтан трилогияның ауылы алыс емес секілді. Бір жағынан, бұл екі боксшыға да гонорар жағынан қолайлы болып тұр, – дейді британиялық журналист.

P.S.

Головкин – заманауи кәсіпқой бокстағы Қазақстанның бренді. Ол ешқандай дәлелді қажет етпейтін аксиома. Отандасымыз осы уақытқа дейін қаншама жеңісімен қуантты. Бұл жолы оны тағы бір сынақ күтіп тұр. Мұхиттың арғы жағында еліміздің атын шығарып жүрген батыр ұлға қолдауымызды көрсетіп, жеңіске жететіне сенім білдірейік.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер