BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Футболдан Әлем чемпионатының ашылуын қайдан көруге болады

Бүгін 14 маусымда Ресей Федерациясында футболдан 21-інші Әлем чемпионаты басталады. Айтулы футбол додасының ресми ашылуын Qazaqstan телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Чемпионаттың ашылу салтанаты Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтеді. Оған FIFA президенті Джанни Инфантино, Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзге де бірнеше мемлекет басшылары қатыспақ. Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин де осы мақсатта Мәскеуге келіп үлгерді.

Әлемнің 32 үздік ұлттық құрамасы бақ сынайтын чемпионат 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласында: Мәскеу, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Қазан, Сочи, Волгоград, Калининград, Екатеринбург, Ростов-на-Дону, Самара және Саранскта өтеді.

Қазақстандықтар FIFA- 2018 ойындарының ашылу салтанатын Астана уақытымен сағат 20.30-да, ал Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы матчын Астана уақытымен 21.00-де Qazaqstan телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ресей өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатын ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болды.

Астана тұрғындары мен қала қонақтары 14 маусым күні 19.30-дан бастап «Қазмедиа» орталығының үлкен экранынан ашық аспан астында Әлем чемпионатының ашылу рәсімі мен Ресей-Сауд Арабиясы арасындағы топтық кезең матчын көре алады.

Топтық кезең 28 маусымда аяқталса, финалдық ойындар 15 шілдеде аяқталады. Qazaqstan мен Qazsport арналары әлем чемпионатында өтетін 64 матчтың барлығын тікелей эфирден көрсетеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер