BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

ФИФА төңірегінде дау-дамай немен аяқталады?

Фото: Ruspekh.ru

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қараша айы басталғалы әлемдік футболда тағы да дау-дамай ушығып кетті. Football Leaks атты футбол трансферлерін, ойыншылардың жалақылары туралы жазатын портал бірнеше сенсациялық жаңалықты жариялап, көпшіліктің жағасын ұстатты.

Катар әлем чемпионатын сатып алған

Дау-дамайдың арасындағы көпшіліктің талқыласына түскен 2022 жылғы Катардың әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алуы. Әзірге нақты дәлелді ешкімді тапқан жоқ. Бірақ негізгі айыптау былай. 2010 жылы сол кездегі Францияның президенті Николай Саркози Катардың мұрагер ханзадасы Тамим бин Хамад Аль Танимен кездескенде оған 2022 әлем чемпионатын алып беруге көмектесетінін айтып, уәде берген. Әрине, оның қарымтасы бар. Яғни ханзадаға ПСЖ клубын сатып алып және Францияда BeIN Sports арнасын ашуды сұраған. Сөйтіп, Катарға әлем чемпионатын өткізуге Мишель Платини көмектесетін болып шешіледі (Платини 2015 жылы футболдан 8 жылға шеттетілген болатын).

Катар тарапы өз міндетін орындайды: 2011 жылы 31 мамырда Qatar Sports Investments ПСЖ клубының 70% акциясын сатып алады. BeIN Sports арнасы өз қызметін 2012 жылдың 1 маусымынан бастайды. Ал Катар әлем чемпионатын өткізу құқығына 2010 жылы 2 желтоқсанда ие болды.

Негізі, бұл дау ең алғаш 2015 жылы басталған. Сол тұста ФИФА-ның президенті қызметінен шеттетілген Йозеф Блаттер The Financial Times-қа берген сұхбатында жайып салған болатын. Оның айтуынша, 2010 жылғы ресми түрде дауыс беруге дейін ауызша түрде келісім жасалып қойған.

«Ол келісім бойынша екі ұлы держава Ресей мен АҚШ-ты таңдайтынмыз белгілі болған еді. Ресей 2018 жылғы чемпионатты, ал АҚШ 2022 жылғы доданы өткізгісі келген болатын», - дейді Блаттер.

Алайда дауыс беру кезінде 2022 жылғы чемпионатты АҚШ емес, Катар жеңіп алады. Соңғы кездері жемқорлыққа байланысты шудың шығуына осы дауыс беру әсер еткен. АҚШ 2022 жылғы біріншілікті жеңіп ала алмағандықтан, ФИФА басшыларының қылмысын әшкерелеуге көшкен.

«Ешқашан Шығыс Еуропада әлем чемпионаты өтпеген. Сондықтан бір турнирді Ресейге берсек, 2022 жылғы доданы АҚШ жерінде өткізсек деген ішкі түйсігіміз болды. Басында бәрі жақсы еді. ФИФА әлемнің ұлы державалары атанған екі елде керемет чемпионат өтеді деп жоспарлады. Сол кездегі Франция президенті Никола Саркози Катардың мұрагер ханзадасы Тамим бин Хамад Аль Танимен кездескенше бәрі жақсы болды. Ал екеуі кездескеннен кейін жағдай күрт өзгерді. Ол УЕФА басшысы Мишель Платиниге 2022 жылы Катарға барсақ дұрыс болар еді деп айтады. Осыдан соң барлық картамыз ашылды. Дауыс беруге қатысатын төрт еуропалық өз дауыстарын АҚШ-қа емес, Катарға беріп жібереді. Нәтижесінде Катар 12:10 есебімен жеңіске жетті», - дейді Блаттер The Financial Times-қа берген сұхбатында.

ПСЖ мен «Манчестер Ситидің» қаржылық қулығы

2011-2013 жылдар аралығында «Манчестер Сити» мен ПСЖ клубтарының бюджетінде айтарлық дефицит байқалып қиналған еді (45 миллион еуро көлемінде дефицит). Олардың қаржылық фэйр-плейді бұзғаны анықталып, Чемпиондар лигасына қатысу құқығынан айырылып қалу қауіпі туындаған еді. Екеуінің де қожайыны Таяу шығыс елдерінен.

ПСЖ сол кезде шартты демеушілік көмек түрінде Катардың туризм министрлігінен жылына 215 миллион еуродан алған. УЕФА сарапшылары бұл келісімшарттың нарықтағы құнын бар-жоғы 2,8 миллион еуро деп бағалаған. Ол кезде «Манчестер Ситидің» жылдық шығыны 566 миллион еуроны құраған. Бұл рұқсат етілген қаржылық фэйр-плейден бес есеге көп. Негізі лимит 45 миллион еуро көлемінде.

Бұл тұста қазіргі ФИФА басшысы Джанни Инфантино УЕФА-ның бас хатшысы болған. Ол екі клубтың бұл әрекетінен хабардар болған. Бірнеше рет құпия түрде екі клубтың жетекшілерімен кездескен. 2014 жылы мамыр айында «Манчестер Сити» мен ПСЖ УЕФА-мен ортақ келісімге келеді. Сөйтіп, бұл клубтарға болмашы айыппұл салынады. Әрқайсысына 20 миллион еуро көлемінде. Сосын қаржылық фэйр-плей комитетінің төрағасы болған шотландиялық сарапшы Брайн Куинн қызметінен кетеді. Ол бұл жазаны «тым жұмсақ» деп санайды.

Келесі жылы «Манчестер Сити» мен ПСЖ жаңа ойыншыларды сатып алуға 1 миллиардтан астам қаржы жұмсаған. ФИФА басшысы Джанни Инфантино Football Leaks-тің айыптауына қатты ашуланғанын айтып, Corriere dello sport сайтына сұхбат берді. Ол «Манчестер Сити» және ПСЖ клубының басшыларымен кездескенін бірақ ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтады.

«Біздің мақсат – клубтарға көмектесу. ПСЖ және «Манчестер Сити» клубының өкілдерімен кездестім. Өйткені ол менің жұмысым. Жағдайды реттеу, келісу сосын олармен сотқа бару. Олар тәуелсіз түрде шешім қабылдайды. Бұл екі клубқа 20 миллион еуро көлемінде айыппұл салынды. 30 клубтың арасында тек екеуіне ғана айыппұл салынған жоқ. Олардың арасында «Милан» клубы да бар. Бірақ олар CAS арқылы сотта жеңіп шықты. Еурокубоктардан клубтарды шеттетуіміздің себебі – олардың көбісі футболшыларға қарыздарын төлемеген. Бұл назар аударатын жағдай. Бізде сүйікті клубымыз немесе фаворитіміз жоқ. Оның бәрі менің ФИФА басшысы ретінде жұмысым», - дейді Инфантино.

ФИФА басшысына ұнамайтын Суперлига

Football Leaks зерттеуіне жүгінетін болса, Еуропаның ТОП-клубтары УЕФА-дан шығып, өздерінің жеке Суперлигаларын құрғылары келеді екен. 2016 жылы осы идеяның бастамашы тобы саналатын жеті клубтың басшылары («Бавария», «Реал», «Барселона», «Манчестер Юнайтед», «Ювентус», «Милан» және ПСЖ) өзара кездескен. Олар заңгерлерді шақырып, осы лига жайлы ақылдасқан. Мысалы, ойыншы клуб пен федерациядан шыққаннан кейін біржақты келісімшартты бұза алады. Бұл жағдай «Бавария» үшін өте күрделі проблема көрінеді: Олардың ойыншыларының келісімшарттары бундеслигаға бағынышты. Бастамашы топ жаңадан құрылатын Суперлиганы 2021 жылдан бастауды көздейді екен. Бұл турнир Чемпиондар лигасын алмастырмақ. Бірақ қатысушылар саны шектеулі.

Суперлигаға қатысатын алғашқы 11 клубтың қатарына Англияның «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Челси» және «Арсенал» клубтары, Испанияның «Реал» мен «Барселонасы», Италиядан «Ювентус» пен «Милан», Франциядан ПСЖ, Германиядан «Бавария» енген. Олардың Суперлигаға қатысу кепілдігі 20 жылға берілген. Сондай-ақ бес команда қонақ ретінде шақырылады. Мұндай статусқа «Интер», «Рома», «Атлетико», «Боруссия Д», «Марсель» ие. Регламент бойынша қонақтар ауысып тұрады. Одан бөлек, Суперлиганың базасында тағы бір турнир құрылмақ. Оның жеңімпазы 5 қонақ команданың біреуін алмастырып отырады.

Суперлиганың форматы Чемпиондар лигасының форматына ұқсас. Турнир екі кезеңнен тұрады: Алдымен топтық кезең сосын плей-офф басталады. Суперлига 34 аптаға созылады. Ойындар аптаның сейсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері өтеді.

Осындай турнир өткізу идеясын «Бавария» президенті Карл-Хайнц Румменигге ұсынған. Зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, «Бавария» шынымен де, 2016 жылы Бундеслигадан шыққысы келген. Жаңа турнирде топ-клубтар жылына 500 миллион еуро көлемінде табыс табу мүмкіндігі көзделген. Мысалы, бұл Чемпиондар лигасының жеңімпазына берілетін сыйақыдан 5 есеге көп.

Аталған жобаның үлгісін америкалық футбол менеджері Чарли Стиллитано жасап шыққан. Ол бірнеше жоба түрлерін ұсынған. Соның біреуі қатысушылардың санына байланысты. Чарлидің пікірінше, Суперлигаға Англия, Испания, Италия, Германия, Францияның 17 командасы кіреді. Өйткені, бұл елдегі командалардың телевизиялық рейтингісі жоғары болады.

Ал 18-қатысушы ретінде Португалия, Ресей, Нидерланды, Түркия командаларының біреуін шақыруды жоспарлаған. Алайда, дәл қазір Football Leaks тапқан құжатта тек 16 команда деп жазылған. Бұл жаңалықты естіген ФИФА президенті Джанни Инфантино, Суперлигаға қатысқан ойыншы әлем чемпионатынан шеттетілетінін айтты.

«Футболшылардың алдында бір ғана таңдау бар. Не бізді не Суперлиганы құрушылардың біреуін таңдау керек. Егер Суперлигада ойнайтын болса, әлем немесе Еуропа чемпионатына қатыспайтын болады», -дейді Инфантино AP агенттігіне берген сұхбатында.

Чемпиондар лигасының жеңімпаздары допинг қолданған

Тағы бір шу допингке қатысты. Яғни аталған портал Чемпиондар лигасын жеңген футболшылардың арасында тыйым салынған препарат қолданғандары бар екенін анықтаған.

Әзірге бұл қай уақыт аралығында, Чемпиондар лигасына ғана қатысты ма әлде Чемпиондар кубогы кезінде болған ба, әзірге бұл сұрақтардың жауабы ашық күйінде қалып отыр. «Реал» қатарынан үш жыл Чемпиондар лигасын жеңіп алғаны белгілі. «Барселонада» жаңа ғасырда қысқа уақыт аралығында бұл турнирді осыншалықты рет ұтқан болатын. «Интер» мен «Бенфика» 60 жылдары дүрілдеді, «Аякс» пен «Баварияның» дәурені 70 жылдарға тиесілі, «Ливерпуль» – 80 жылдары, «Миланның» теңдесіз кезеңі – 90 жылдармен байланысты.

Гвардиола «Бавариядан» кетпей тұрып, «Ситимен» келісімге келген

Football Leaks порталы тапқан шулы деректердің атарында Хосеп Гвардиоланың «Манчестер Ситимен» Германияның «Бавария» клубында жүріп, келісімшарт жасағаны бар. Гвардиола 2015 жылдың 10 қазанында «Манчестер Ситимен» ортақ келісімге келген. Құпия түрде жасалған. Бұл кезде Бундеслиганың жаңа маусымының басталғанына 2 ай болған. Mirror және өзге де Англияның беделді басылымдары бұл туралы білген. Хосеп Ангиля командасымен ортақ мәмілеге келген кезде, «Бавариямен» келісімшартының аяқталуына әлі 1,5 жылы бар болған.

Ресми түрде «Манчестер Сити» испаниялық бапкермен келісімшарт жасағанын 2016 жылдың бірінші ақпанында хабарлады. Гвардиола қызметіне сол жылы 1 шілдеде кірісті. Деректерге сүйенсек, «Манчестер Сити» Гвардиолаға алғашқы екі маусымда 30 милилон еуро көлемінде жалақы төлеген.

Мбаппе «Реалдың» ұсынысынан бас тартып, ПСЖ-дан жеке ұшақ сұраған

Биылғы жылы әлем чемпионатында «Ең үздік жас футболшы» атанған Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе 2017 жылы «Монако» клубынан 8 миллион жалақы сұраған. Мұндай айлық табыс клубта тек Радамель Фалькаоға тиесілі болатын. Мбаппе бұған дейін аталған сомадан 16 есеге төмен алып келген. Сосын клуб басшылығы футболшыны «Реалға» сатуға келіседі. Трансфер құны 180 миллион доллар көлемінде, оған 30 миллион тағы бонус бар. Испания мемлекетінің салығын қоса есептеген трансфер құны 214 миллион еуро шығып кетеді екен. «Реал» бұл шығынның барлығын көтеретінін айтқан.

Алайда, трансферлік терезенің соңғы күнінде Килиан ПСЖ-ны таңдайды. Келісімшартқа соңғы 10 сағаттың ішінде қол қойып үлгереді. Париж клубы «Монакодан» футболшының 145 миллион еуроға сатып алады және бонус ретінде 35 миллион беруге келіседі. ПСЖ клубының басшылығы Мбаппеге бонус ретінде 5 миллион еуро беріп, ай сайын 10 миллион жалақы төлеп тұратын 5 жылдық келісімшартқа отырады.

Футболшы сондай-ақ «Алтын доп» ұтқаннан кейін автоматты түрде ПСЖ-ның ең табысы жоғары футболшысы атануды сұрайды. Париж клубы жекелеген трофей үшін тек қосымша 500 мың еуро беруге келіседі. Одан бөлек, Мбаппе жеке ұшақпен 50 сағат ұшуды сұрайды. Бірақ менеджері оған тек ай сайын жеке ұшақпен ұшуға деп 30 мың еуро ғана беретінін және үш көмекші болатынын айтады.

Міне, бүгінгі таңдағы ФИФА аясындағы дау-дамайдың бір парасы осындай. Бұл даулардың қашан аяқталары да белгісіз. Бұл жердегі даудың ең маңыздысы 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионаты. Егер Football Leaks порталы сериялы материалдарын жариялауды тоқтатпаса, келесі біріншіліктің өту-өтпеу сұрақ астында қалмақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер