FIFA 2018: Данияр Ақышев қай құрамаға жанкүйер болатынын айтты - Спорт|14 Маусым 2018, 14:58
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.71 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 411.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.38
Астана:

FIFA 2018: Данияр Ақышев қай құрамаға жанкүйер болатынын айтты

Фото: 7kun.kz

Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев Парламент Сенаты отырысынан кейін кулуарда бүгін Ресейде басталатын футболдан Әлем чемпионатында қай құрамаға жанкүйерлік ететінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстан құрамасының жанкүйерімін. Бірақ та, өкінішке қарай, олар Әлем чемпионатына жолдама алған жоқ. Сол себепті ең жақсы футболды көрсететін үздік командаға жанкүйер боламын. Енді Қазақстан құрамасы қатысатын уақытты күтеміз», - деді Ұлттық Банк төрағасы.

Сондай-ақ, журналистерге өзінің футбол ойнайтынын және шабуылшының позициясын таңдайтынын айтты.

Еске сала кетсек, бүгін қазақстандықтар FIFA- 2018 ойындарының ашылу салтанатын Астана уақытымен сағат 20.30-да, ал Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы матчын Астана уақытымен 21.00-де Qazaqsta» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Чемпионаттың ашылу салтанаты Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтеді. Оған FIFA президенті Джанни Инфантино, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзге де бірнеше мемлекет басшылары қатыспақ. Сондай-ақ, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин де осы мақсатта Мәскеуге келіп үлгерді.

Әлемнің 32 үздік ұлттық құрамасы бақ сынайтын чемпионат 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласында: Мәскеу, Санкт-Петербург, Нижний Новгород, Қазан, Сочи, Волгоград, Калининград, Екатеринбург, Ростов-на-Дону, Самара және Саранскта өтеді.

Астана тұрғындары мен қала қонақтары 14 маусым күні 19.30-дан бастап «Қазмедиа» орталығының үлкен экранынан ашық аспан астында Әлем чемпионатының ашылу рәсімі мен Ресей-Сауд Арабиясы арасындағы топтық кезең матчын көре алады.

Топтық кезең 28 маусымда аяқталса, финалдық ойындар 15 шілдеде аяқталады. Qazaqstan мен Qazsport арналары әлем чемпионатында өтетін 64 матчтың барлығын тікелей эфирден көрсетеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер