BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Еуро-2020: Қазақстанның мүмкіндігі қандай болмақ? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2022 жылғы Еуропа чемпионатының жеребесі тартылды. Қазақстан I тобына түскен. Еуро-2020 жеребесі Ирландия астанасы Дублин қаласындағы көрме орталығында өтті. Салтанатты іс-шараға Ирландияның және Португалияның экс-футболшылары қатысты: Ронни Уилан, Робби Кин, Нуно Гомеш пен Витор Байя.

Алғаш рет Еуропа чемпионатының іріктеу бәсекесіне кәрі құрлықтың 55 құрамасы қатысады. Олар 10 топқа бөлінді: бес топта – бесеуден, тағы бесеуінде – алтаудан болды. Дублиндегі жеребеге 600-ге жуық қонақ келген. Олардың арасында федерация мүшелері, Еуро-2020 турнирінің финалдық кезеңін қабылдайтын ұйымдастырушы елдердің өкілдері, бапкерлер бар. 300-ден астам БАҚ өкілі тікелей сол жерден ақпарат таратты.

«Алғаш рет Еуропа чемпионаты құрлықтың барлық аймағын қамтымақ. Еуро-2020 чемпионаты 12 қалада өтеді. Біз бұған қуаныштымыз. Осыншалықты қала мен мемлекетті футбол арқылы біріктіретін боламыз», – деген УЕФА президенті Александер Чеферин ұйымның ресми сайтына берген сұхбатында.

Ұлттар лигасы аяқталған соң, Еуро-2020 топтық кезеңінің себеті анықталды:

1-себет: Португалия, Швейцария, Нидерланды, Англия, Бельгия, Франция, Испания, Италия, Хорватия, Польша.

2-себет: Германия, Исландия, Босния және Герцеговина, Украина, Дания, Ресей, Австрия, Уэльс, Чехия, Швеция.

3-себет: Словакия, Түркия, Ирландия, Солтүстік Ирландия, Норвегия, Сербия, Финляндия, Израиль, Болгария, Шотландия.

4-себет: Венгрия, Румыния, Грекия, Албания, Черногория, Кипр, Эстония, Грузия, Литва, Словения.

5-себет: Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Гибралтар, Қазақстан, Косово, Люксембург, Македония, Молдова, Фарер аралдары.

6-себет: Мальта, Андорра, Латвия, Лихтенштейн, Сан-Марино.

Қазақстан бесінші себетке түскен болатын.

Жеребедегі шектеу

Айтпақшы, УЕФА атқару комитетінің шешімімен кейбір командалар бір топқа түспейтін болды: Ресей мен Украина, Армения мен Әзірбайжан, Гибралтар мен Испания, Босния және Герцеговина мен Косово, сондай-ақ Косово мен Сербия. Оның бәріне осы елдер арасындағы саяси жанжалдар себеп.

Одан бөлек бір топта ауа-райы қолайсыз, қыс ерте түсетін елдердің саны екеуден аспау керек деген де қарастырылды. Мысалы, мұндай елдерге Украина, Беларусь, Исландия, Латвия, Литва, Норвегия, Ресей, Фарер аралдары, Финляндия, Эстония жатады.

Сондай-ақ алыс сапарлардың санын да шектеу жағы да қарастырылды. Бір топта максимум бір сондай ғана жұп болу керек: Қазақстан (Астана) — Англия (Лондон), Андорра (Барселона), Гибралтар (Гибралтар), Ирландия (Дублин), Исландия (Рейкьявик), Испания (Мадрид), Мальта (Валлетта), Португалия (Лиссабон), Солтүстік Ирландия (Белфаст), Уэльс (Кардифф), Фарер аралдары (Торсхавн), Франция (Париж), Шотландия (Эдинбург) секілді.

Жеребе қорытындысы

Қазақстан жеребенің қорытындысы бойынша I тобына түсті. Біздің топта Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Сан-Марино құрамалары бар.

А тобы: Англия, Чехия, Болгария, Черногория, Косово;

B тобы: Португалия, Украина, Сербия, Литва, Люксембург;

C тобы: Голландия, Германия, Солтүстік Ирландия, Эстония, Беларусь;

D тобы: Швейцария, Дания, Ирландия, Грузия, Гибралтар;

E тобы: Хорватия, Уэльс, Словакия, Венгрия, Әзербайжан;

F тобы: Испания, Швеция, Норвегия, Румыния, Фарер аралдары, Мальта;

G тобы: Польша, Австрия, Израиль, Словения, Македония, Латвия;
H тобы: Франция, Исландия, Түркия, Албания, Молдова, Андорра;
I тобы: Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Қазақстан, Сан-Марино;
J тобы: Италия, Босния және Герцеговина, Финляндия, Грекия, Армения, Лихтенштейн.

Іріктеу кезеңінің күнтізбесі:

1-тур: 2019 жылдың 21--23 наурызы

2-тур: 24--26 наурыз

(УЕФА Ұлттар лигасының жартылай финалы: 5−6 маусым 2019 жыл)

3- тур: 7-8 маусым

(УЕФА Ұлттар лигасының финалы: 9 маусым 2019 жыл)

4тур: 10-11маусым

5-тур: 5-7 қыркүйек

6-тур: 8-10 қыркүйек

7-тур: 10-12 қазан

8-тур: 13-15 қазан

9-тур: 14-16 қараша

10-тур: 17-19 қараша.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ( 2019 жылдың 21 наурызы мен 19 қараша аралығы) финалдық кезеңге екі құрама жолдама алады. Сондай-ақ Ұлттар лигасы арқылы 4 жолдама үлестіріледі.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін қабылдайтын қалалар

Еуропа чемпионатының жартылай финалы мен финалы Англияда өтеді. Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионы шешуші сында ойнайтын командаларды қабылдайды.

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіндегі ойындарды қабылдайтын қалалар:

Баку, Әзербайжан: «Олимпиадалық»

Мюнхен, Германия: «Мюнхен Арена»

Рим, Италия: «Олимпико»

Санкт-Петербург, Ресей: «Санкт-Петербург»

Амстердам, Нидерланды: «Йохан Кройфф Арена»

Бильбао, Испания: «Сан-Мамес»

Бухарест, Румыния: «Национале Арена»

Будапешт, Венгрия: «Ференц Пушкаш»

Глазго, Шотландия: «Хэмпден Парк»

Дублин, Ирландия: «Дублин Арена»

Копенгаген, Дания: «Паркен»

Лондон, Англия: «Уэмбли».

Жүлде қоры

Еуропа чемпионы 10 млн еуроға ие болады. Финалистке – 7 млн, жартылай финалға шыққандар – 5 млн еуродан, ширек финалда ойнағандар – 3,25 млн еуродан, 1/8 финалға жеткендер – 2 млн еуродан алады. Сондай-ақ топтағы әрбір жеңіске – 1,5 млн еуро, тең ойынға 750 мың еуро беріледі.

Қазақстанның қарсыластары

Біздің топтың көшбасшысы – Белгия құрамасы. Биылғы жылы әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алған. Әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. Қазақстан мен Бельгия бұған дейін 4 рет кездескен. 2008 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Арно Пайперс жаттықтыратын құрамамыз екі ойында да тең түскен болатын.

Одан кейін 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде екі ойында да ұтылып қалдық. Бельгия сапында бүгінгі таңда әлемнің таңдаулы ойыншылары өнер көрсетеді. Эден Азар, Тибо Куртуа, Ромелу Лукаку, Дрис Мертенс, Аксель Витсель т.б жұлдыздар өте көп. Бельгия сөзсіз бұл топтың фавориті. Құраманы испаниялық Роберто Мартинес жаттықтырады.

Ресей құрамасы – биылғы жылы өз елдерінде өткен әлем чемпионатында ширек финалға жетті. Содан кейін Станислав Черчесов шәкірттері қанаттанып, жақсы ойнап жүр. Бұл құрама сапында натурализация жасалған ойыншылар жетерлік. Бразилиялық Марио Фернандес, Ари, Гильерме, неміс Константин Рауш пен Роман Нойштедтер Ресей азаматтығын алып, осы елдің құрамасында ойнап жүр. ФИФА-ның рейтингінде Ресей 41-орынға орналасқан. Бұған дейін Қазақстан мен Ресей тек жолдастық кездесуде жолыққан. Яғни 2020 жылғы Еуропа чемпионатында алғаш рет ресми түрде ойнап көреміз. 2008 жылы 0:6 есебімен жеңілсек, 2015 жылы тең түскенбіз.

Шотландия құрамасымен Қазақстан бұрын-сонды кездесіп көрмеген. Әлемдік рейтингте 38-орынға жайғасқан. Айтарлықтай жетістігі жоқ құрама. Бірақ бірнеше рет әлем, Еуропа чемпионаттарына қатысқан. Ойыншыларының көбісі, Шотландия және Англия чемпионаттарында ойнайды. «Ливерпульде» ойнайтын қорғаушы Эндрю Робертсон, «Селтиктің» жартылай қорғаушысы Джеймс Форрест, ардагер шабуылшы Стивен Флетчерді ерекше атап кетуге болады.

Клубтық деңгейде Қазақстан мен Шотландияның жолы жиі түйісіп тұрады. «Селтик», «Абердин» командалары бірнеше рет келген. Енді ұлттық құрамамыз алғаш рет бір-бірімен жолықпақ.

Кипр құрамасы ФИФА-ның рейтингінде 86-орынға жайғасқан. Қазақстанмен ресми ойындарда жолығып көрмеген. Тек жолдастық кездесулерде ойнаған. Екі матчта да туристік елдің құрамасы жеңген болатын. 2004 жылы халықаралық турнирде бесінші орын үшін таласта матч 2:1 есебімен аяқталған. Бір голды Роман Узденов соққан болатын.

Ал былтыр Бородюктің тұсында Ларнакадағы ойында Кипр 3:1 есебімен ұтты. Қазақстан құрамасынан Нөсербаев есеп ашқан болатын. Сан-Марино ФИФА-ның рейтингіндегі ең соңғы 211-орында. Қазақстанмен ешқашан ойнап көрмеген. Енді Сан-Мариноны екі ойында ұтпасақ, Қазақстанға футбол ойнап керек емес шығар...

Бапкерлер мен футболшылардың пікірі

«Өте жақсы топ. Әрбір ойынға тек жеңіс үшін шығамыз. Әрине, ешқайсысы жеңіл болмайды. Бельгия мен Ресей – топтың фавориті. Екеуі де әлем чемпионатына қатысқан. Осындай құрамалармен ойнау қызықты. Әзірге нақты болжам айту қиын. Барлығы да біздің ойындарға байланысты белгілі болады», – дейді Қазақстан құрамасының капитаны Дмитрий Шомко Vesti.kz сайтына берген сұхбатында.

Қазақстанның қарсыластарының бірі Ресей құрамасының ойыншылары да пікір білдіріп жатыр. Мысалы, Ресейдің капитаны Артем Дзюба Сан-Мариноға қуанышты екенін айтты.

«Жеребені үйден көріп бастадым, сосын әуежайға баруға тура келді. Жолда достарым қарсыластардың кім түскенін жазып жіберді. Бізге өте қиын топ түскен. Бельгия – топтың көшбасшысы, Франция және Испаниямен бірге әлемдегі таңдаулы құрамалардың қатарына кіреді. Шотландиямен ойнау оңай емес. Әсіресе, олардың стадионында. Кипр де өз алаңында жақсы ойнайды. Қазақстан Астанада кез келген қарсыласты ұтып жіберуі мүмкін. Жалғыз маған ұнаған Сан-Мариноның түскені. Бұл команда үшін әрдайым қуаныштымын. Жалпы, оңай топ емес. Жолдама үшін аянып қалмаймыз», – дейді Артем Дзюба Ресей футбол федерациясының ресми сайтына берген сұхбатында.

Алекс Маклиш, Шотландия құрамасының бас бапкері:

– Біз көптен бері ірі турнирлердің финалдық кезеңіне шыққан жоқпыз. Өте қиын тапсырма күтіп тұр. Дегенмен, қолымыздан келеді деп ойлаймын. Ресеймен ойын өте маңызды, сондай-ақ Кипр, Қазақстан және Сан-Мариноға қонаққа барамыз. Бәрі де жеңіс үшін ойнайтыны анық. Егер өткен айдағыдай ойнасақ бізде мүмкіндік болады, де пікір білдірген Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына.

Станислав Черчесов, Ресей құрамасының бас бапкері:

– Біздің топтағы қарсыластардан Бельгия құрамасын ғана жақсы танимыз. Олар рейтингте бірінші орында тұр. Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Қалған құрамалардың ешқайсысының ойынын соңғы екі жылда көрген емеспін. Өйткені, олармен кездеспедік. Шотландияның «Рейнджерс» командасын Еуропа лигасынан байқадым, Қазақстан құрамасының бас бапкерін жақсы білемін, өте мықты маман. Сондықтан командасы да сапалы болса керек. Кипрде бізді қызықты ойын күтіп тұр. Енді қарсыластар туралы ақпарат жинаймыз, дейді Черчесов КФФ сайтына берген сұхбатында.

Біздің Ұлттар лигасындағы жолымыз болған жоқ. Енді Еуропа чемпионатына шығатын жалғыз жол осы іріктеу сайысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер