BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Ермахан Ыбырайымов: Енді Иван Дычкоға қиын болады

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов жақында кәсіби боксқа ауысқан Иван Дычкоға ақылын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен кәсіби боксшылар әлемімен жақсы таныспын. Сондықтан алғашқы кезеңде Иван Дычконың қарсыластарының деңгейі орташа болады. Бұлай 10-11 жекпе-жекке дейін жалғасуы мүмкін. Кейін қиын бола түседі», - деді ол.

Осы орайда ол өз сөзіне дәлелдер келтірді.

«Біз атақты ағайынды Кличколарды жақсы білеміз. Олар ұзақ жылдар бойы әлемде (бокстан ауыр салмақ бойынша – автор) чемпиондық атақты ұстап тұрды. Сонымен қатар аты жаһанға мәлім бола бастаған, Лондон Олимпиадасының чемпионы, ағылшындық Энтони Джошуа, әрі бокстан Олимпиада жеңімпазы атанған француз боксшысы бар. Олардың барлығы кәсіби боксқа ауысады. Олар ерте ме, кеш пе Иван Дычкоға қарсы шаршы алаңға шығады», - деді Сидней Олимпиадасының чемпионы.

Ермахан Ыбрайымовтың айтуынша, сол себепті Иван Дычко жұдырықтасу мәнерін өзгертуі қажет.

«Иван Дычконың қазір уақыты бар. Ол 10 жекпе-жекпе дейін жұдырықтасу мәнерін өзгертіп, кәсіби деңгейде өнер көрсетуі қажет. Ол қазір де әуесқой стильде бокстасады. Аяқпен көп қозғалады. Кәсіби бокста аяқ керек шығар. Себебі, Мұхаммед Әли аяқпен көп қималдады ғой. Оның жұдырықтасу мәнері сіздерге мәлім. Бұл да қажет (техника –автор)», - деді боксшы.

Сондай-ақ бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Иван Дычкоға жанкүйерлердің де қалауын ұмытпау қажеттігін айтты.

«АҚШ пен Еуропаның бокссүйер жанкүйерлері спортшының аяқпен көп қимылдағанын ұната бермейді. Олар боксшылардың шаршы алаңда өздерінің мүмкіндіктерін барынша көрсетуін қалайды. Мысалы, олар жекпе-жекте спортшылардың жойқын соққылармен алмасқанын жақсы көреді. Соны көру үшін олар сол жекпе-жекке барады. Алайда ол жақта шаршы алаңда аяқпен көп қимылдағанға баға берілмейді», - деді ол.

Сөз соңында Ермахан Ыбырайымов кезінде Иван Дычко ауыр салмақ дәрежесінде кәсіби боксқа ауысқан кезде оның бұл қадамын қолдамағынын ашық айтты. Алайда ол қазақстандық боксшының болашағына зор үмітпен қарайтынын атап өтті.

«Мен де ол жағын ойладым. «Иван Дычконың ол жаққа (кәсіби боксқа – автор) бармауы керек деген пікірді қолдаушылардың қатарында мен де болдым. Алайда Иван Дычко – өте тәжірибелі боксшы. Ол кәсіби боксқа ауыса отырып, өзінің жұдырықтасу мәнерін өзгертіп, кәсіби біліктілігін шыңдай түседі деген үміттемін. Мен оған сенемін. Себебі, ол – нағыз жауынгер. Ол жойқын соққылардан қорыққан емес, әрі ешқашан артқа қашпайтын. Сондықтан мен оның жағдайы жақсы болады деп сенемін», - деді Сидней Олимпиадасының жеңімпазы.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аса ауыр салмақта өнер көрсеткенн қазақстандық боксшы Иван Дычко ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысқанын мәлімдеген.

Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінде қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген.

Нақты айтсақ, Иван Дычко өзінің Даллас қаласында өткен бірінші жекпе-жегін америкалық Эйбур Райтпен өткізіп, кездесуді бірінші раундта-ақ аяқтады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер