BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Еліміздің 10 аймағында заманауи спорт алаңдары орнатыла бастады

Қазақстанның 10 аймағында жаңа спорт алаңдарын орнату жұмыстары басталды. Жалпы аумағы шамамен 1 280 шаршы метрді құрайтын әр әмбебап кешен футбол/хоккей алаңы, жаттығу аймағы және балалар ойын алаңынан тұрады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанның 10 облысында 53 мың шаршы метрден астам аумақта 40-тан астам жаңа алаң пайда болады. Қазіргі заманғы технологияларға сай жинақталған әмбебап платформалар халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бар аймақтарда «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын іске асыруды жалғастырып келеді. Бағдарлама аясында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында 40-тан астам әмбебап спорт және балалар ойын алаңы салынады. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында 10 жаттығу алаңы (workout) орнатылады.

Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әрқайсысында бес алаңнан салынса, Ақмола, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында үш алаңнан, ал Шымкент қаласының өзінде екі алаң орнатылады.

«Жалпы аумағы шамамен 1 280 шаршы метрді құрайтын әр әмбебап алаң кешені футбол/хоккей алаңы, жаттығу аймағы және балалар ойын алаңынан тұрады. Ойын алаңдары жасанды газонмен, ал балалар алаңы мен жаттығу аймағы жарақаттардың алдын алатын резинадан жасалған тартан материалымен жабылады. Тағы бір айта кететін жәйт, алаңдар инклюзия элементтерін қамтиды, сондықтан ерекше қабілеті бар балаларға да қолжетімді», - деп хабарлады «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының баспасөз қызметі.

«Әмбебап алаңдар құрылысы – 2016 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Менің елім» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Өңірлерде осындай спорттық зоналарды орнату арқылы біз салауатты өмір салты мен спортпен айналысуға қазақстандықтардың көбірек тартылатынына үміттенеміз. Сонымен қатар, балаларға арналған қосымша қауіпсіз ойын алаңдары пайда болатыны қуантады. Өткен жылы осы бағдарламаның арқасында жаңа алаңдар Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында орнатылған еді. Биыл біз облыстар санын 10-ға дейін ұлғайттық», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов.

Д.Әзбергеновтың айтуынша, тұрғындарды заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы алаңдарды бар аймақтарда орнатуға тырысады.

Атап өтсек, «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бар аймақтарда әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған. Бағдарлама «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру арқылы жүзеге асырылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер