BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 383.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Денис Тен: Шетелден келген сайын ең әдемі қыздар бізде екенін көремін

Фото: Денис Теннің жеке архиві

Спортшы Денис Тен Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында ауыр жарақаты мен отбасын қашан құруды жоспарлап жүргенін айтты. Мәнерлеп сырғанаушының пікірінше, қазақстандық қыздар бәрінен сұлу. Сондай-ақ, ол әрбір қазақ қызының өзін, ең алдымен, тұлға сезінуіне тілектес екенін жеткізді.

«Отбасын нақты қашан құратынымды айту қиын. Мұндайды әдетте жоспарламаймын. Десе де, шетелге шығып келген сайын ең әдемі қыздар Қазақстанда екеніне көзім жетеді. Біз де сырт келбеті ғана емес, жандүниесі де сұлу қыздар өте көп», - дейді Денис Тен.

Спортшы 3-4 жыл бұрын көлікпен Қазақстанның барлық өңірін аралап адамдарды суретке түсіргісі келген. Ол мәнерлеп сырғанаудан бөлек өлең мен ән жазып, бос уақытында адамдарды суретке түсіргенді ұнатады.

«Туысқандарымның көпшілігі Қазақстанның оңтүстік өңірінде тұрады. Анам Шымкентте, өзім Алматы қаласында туғанмын. Әр өңірдегі тұрғындар бір-бірінен өзгеше десе де, мұны әлі күнге дейін байқамаппын. Осыған көз жеткізу мақсатында камерамды арқалап өңірлерді аралағым келді», - дейді Денис Тен.

Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушы дәл қазір әр адамның «алтын уақытта» өмір сүріп жатқанын еске салды. Айтуынша, әр адам өз өмірін ретке келтіру арқылы мемлекеттегі өмір сапасын жақсартады. Яғни өзгерісті адам баласы бірінші кезекте өзінен бастауы тиіс.

«Қыздар тақырыбына қайта оралатын болсақ, Қазақстанда әр қыз баласы, ең алдымен, өзінің зат емес, тұлға екенін білуі тиіс. Өзіндік ой-пікірін білдіріп, өзін жақсы көрсе екен деймін. Ал біз, ер азаматтар, оларды сыйлап, бағалауымыз қажет. Нәзік жандылардың бақытты күй кешіп, арман-мақсаттарына жету үшін алға ұмтылуларына тілектеспін. Өмірде бір сәтсіздікке ұрынса, көпке дейін өзіне келе алмай жүретін адамдарды көргенде көңілім түседі. Өмір бір бағытпен жүреді», - дейді ол.

Денис Тен сұхбаттан бір күн бұрын Димаш Құдайберген екеуінің кездесу кезінде айтқан әңгімесін қысқаша баяндап берді.

«Кеше Димашпен әңгімелесіп отырып «Біздің алтын уақытта өмір сүретінімізді білесің бе?» дедім. Соңғы екі жылда басымнан қиын жағдайлар өтті. Жасым мен идеяларыма қарап, оларды осы «алтын уақытта» ғана жүзеге асыра алатынымды сеземін. Көп адам 15-16 жасында армандарынан бас тартып, өзін шектейді. Әрине, әркімнің өз себебі бар. Десе де, әр адам өзінің «алтын уақытта» өмір сүріп жатқанын сезіп, өмірдің әр сағатын бағаласа екен деймін. Бір адам екінші бір адамның бақытты болуына септігін тигізсе, олардың ғана емес, мемлекеттің өмір сүру сапасы жақсарады.

Әлемді жақсартқың келсе, өзіңнен баста деп бекер айтылмаса керек. Бақытты болғанда ғана мықты бола түсесің. Әсіресе, шынайы жанкүйерлеріме осыны тілеймін. Олар маған бірнеше жылдан бері жазып жүр. Шоу алдында барша сауалдарына жауап беремін деп шештім. Мәнерлеп сырғанау жобасына қызығатын адамдарды ерекше сыйлаймын. Бірге өскен адамдардың қолдауын, өмірге, маған деген қарым-қатынастарын ерекше бағалаймын. Сол жандар өмірден өз орындарын тауып, бақытты болса, қатты қуанар едім. Сен бақытты болсаң, ата-анаң да бақытты, айналаң да жарқын болады. Барлық жанкүйеріме, осы сұхбатты оқитын әр оқырманыма осыны тілеймін», - дейді Денис Тен.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер