BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.01 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.53
Астана:

Бұрымды боксшылар екі жыл бұрынғы жетістікті қайталай ала ма? Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты биыл Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді. Оған Қазақстанның бұрымды боксшылары да қатысады. Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты осымен оныншы мәрте ұйымдастырғалы отыр. Былайша айтқанда мерейтой. Ендеше, алдымен тарихына үңіліп көрсек.

Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты қашан басталды?

Ең алғаш рет әлем чемпионаты 2001 жылы АҚШ-тың Скрантон қаласында өтті. Қыздар 12 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Тұңғыш рет ұйымдастырылған чемпионатқа 30 елден 125 спортшы келіп қатысты. Жалпы командалық есепте Ресей құрамасы топ жарды.

Одан кейін 2002 жылы әлем чемпионатын Түркияның Анталия қаласы қабылдады. Ең жеңіл салмақта Үндістан Мэри Комның арқасында алғашқы алтынына ие болды. Ол бір жыл бұрын күміспен шектелген еді. Бұдан кейін Ком тағы төрт рет әлемде өзіне тең келетін қарсылас таппаған еді. 2014 жылы Үндістанда Мэри жайлы көркем фильмде түсірілді. Басты рөлді спортшының өзі ойнаған.

Түркиядағы чемпионатта қатысушылардың саны 185-ке дейін артты. Жалпы командалық есепте бұл жолы Солтүстік Корея жеңіске жетті (2 алтын, 2 күміс, 1 қола). 2005 жылы Ресейдің Подольске қаласындағы чемпионатта жарыс қожайындары алтын алудан рекорд жаңартты. Солтүстік көршіміздің құрамасы 7 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. Бір қызығы, бұл чемпионат 13 салмақ бойынша өтті. Бірақ қатысушылар саны Түркиядағы біріншілікпен салыстырғанда аз болды (152 боксшы).

Қазақстанда әйелдер боксшы қалай пайда болды?

Қазақстан әйелдер құрамасы ресми түрде 2005 жылы жасақталды. Ең алғаш республикалық турнир Атырау қаласында өткен. Оған бар-жоғы 22 боксшы қыз қатысса, келесі жылы Шымкенттегі сайыста 46 ару бақ сынады. Ал 2007 жылы Көкшетаудағы чемпионаттан тіптен саны артып, 83-ке жетті. Ең алғаш әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы 2005 жылы барды. Ел намысын Гүлнәр Азизова, Мариям Биялова және Эльвира Ташим қорғады. Қазақстанның бокстан әйелдер құрамасының негізін бас бапкер Вадим Присяжнюк қалады. Оның қыздармен жұмыс істеуде тәжірибесі көп. Қазақстанға келгенше, Вьетнамдағы қыздарды да жаттықтырған.

«Мен Қазақстанға ерлерді жаттықтыру үшін келгенмін. Бірақ маған қыздарды дайындауды тапсырды. Өзім де таңқалдым. Алайда, артқа шегінетін жол болған жоқ. Сөйтіп, аруларды жаттықтыруды бастап кеттім», дейді Вадим Присяжнюк «prosports» газетіне берген сұхбатында.

2005 жылы Вадим Присяжнюктің Қазақстанға оралуына сол кездегі спорт және туризм агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов септігін тигізді.

Назгүл Боранбаев – тұңғыш жүлдегер

Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлде де көп күттірген жоқ. Қазақ қыздары арасында бокстан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдесі Назгүл Боранбаеваға тиесілі. Ол 2006 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында 46 келі салмақта өнер көрсетіп, қола медальға қол жеткізді. Жартылай финалда қандасымыз Румынияның атақты боксшысы Стелута Дутадан ұтылды.

Осы ретте бір деректі келтіре кетуге болады. Назгүл әуелі кикбоксингпен айналысқан. Апалары Әлия мен Нұргүл де дәл солай. Өзі спортта жүріп, еліміздің танымал боксшыларының бірі Қанат Әбутәліповке тұрмысқа шыққан. Бұдан кейін де жүлдесіз қалған жоқпыз. Арада екі жыл өткенде Қытайдың Нинбо қаласында 70 келі салмақтағы Елена Кольцова үшінші сатыға табан тіреді. Жартылай финалда ол қытай­лық Янг Тинтинге шамасы жетпеді.

Ал 2010 жылы бірден екі боксшымыз қуантты. Барбадостағы әлем чемпионатында 81 келіде қатысқан Марина Вольнова финалға дейін жетті. Тек шешуші тұста бразилиялық Розели Фейтозаға жол берді. Назгүл Боранбаева (48 келі) осыдан 4 жыл бұрынғы жетістігін қайталап, тағы қола алды. Бұл жолы да ол Стелута Дутадан жеңілді.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасының бағдарламасына алғаш рет әйелдер боксы қосылды. Дәл осы Олимпиаданың алдында лицензиялық әлем чемпионаты Циньхуандаода өтті. Қытайдағы чемпионатта 70 елден келген 305 боксшы 10 салмақ бойынша жүлделерді сарапқа салды. Қазақстаннан Жұлдыз Маматқұлова (+81 келі) күміс алса, Назым Қызай­бай (48 келі) қола медальді енші­леді. Екеуі де қытайлық боксшыларға есе жіберді.

Назым Қызайбай тарихтың жаңа бетін ашты

Қазақ қыздары әлем чемпионатында 2006-2012 жылдар аралығында жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ алтын бұйырмай жүрген. Сол олқылықтың орнын 2014 жылы Назым Қызайбай толтырды. Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласындағы чемпионатта 48 келі салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай финалда Үндістан боксшысы Шамджетсабам Сарджубаладан басым түсіп, топ жарды. Төрешілердің үшеуі де жеңісті қазақ қызына берді. Есеп – 3:0 (39:37, 39:37, 39:37).

«Осы жолы чемпион атануға ерекше дайындалдым. 2012 жылы қола жүлдегер атанған соң, «алтынға» үлкен үміт арттым. Жарысқа дайындық барысында бізбен жұмыс істеген психологтың бір жиында «Неге әлем чемпионы атанғы­ларың келеді?», – деп сұрағаны бар. «Қа­зақстаннан шыққан тұңғыш әлем чем­пионы атанғым келеді. Еліме көп күткен жеңісті алып келемін», – деп кесіп айттым. Неге екені, сол кезде көкейімде бір сенім сайрап тұрды», дейді Назым Қызайбай «Айқын» газеті берген сұхбатында.

Чеджудегі чемпионатты Қызайбайдан бөлек, 81 келіде сынға түскен Ләззат Күнгейбаева да финалға дейін жетіп, күміс медальға қол жеткізді. Сөйтіп, Қазақстан бір алтын, бір күміс жүлдемен алғаш рет жалпы команда есепте төртінші орынға көтерілді.

Астана алтынмен апталған күн

2016 жылы Қазақстан қыздар арасындағы әлем чемпионатын өткізді. Дәлірек айтсақ, Астана лицензиялық әлем чемпионатын қабылдады. Әлем чемпионаты «Барыс-Арена» спорт кешенінде өтті. Байрақты бәсекеге 67 мемлекеттен 285 спортшы қатысты. Бұл сында ел құрамасы толық құрамда өнер көрсетті. Олар: Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Айжан Қожабекова, Римма Волосенко, Зарина Цолоева, Валентина Хальзова, Юлдуз Маматкулова, Ләззат Күнгейбаева.

Астана шаршы алаңында әлемнің бес дүркін чемпионы ирландиялық Кэти Тэйлор мен үндістандық Мэри Ком да жұдырықтасты. Одан бөлек америкалық Кларессу Шилдс, ұлыбританиялық Никола Адамс, қытайлық Рен Канкан секілді өзге танымал боксшы қыздар келді. Сонымен қатар, бұл чемпионатқа Йордания, Мозамбик, Сьерра-Леоне сынды елдердің спортшылары алғаш рет қатысты.

Ең жеңіл салмақта сынға түскен әлем чемпионы Назым Қызайбай өз атағын қорғау үшін тыңғылықты дайындықпен келгенін алғашқы кездесуден бастап байқатты. Бірінші жекпе-жегінде Назым өзінің польшалық қарсыласы Анджелика Гронсктен басым түсті. Нысанаға дәл тиген Назымның соққыларынан польшалық боксшының бетін қан жуды. Одан кейін швециялық Лиз Сандербьерді 3:0 есебімен жеңді. Ширек финалда үнді қызы Саржубалы Шамжетсабаманды жеңді. Жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілі Йон Гум Уды тоқтатты. Алтын жүлде үшін таласта қытайлық Юань Ваньмен кездесіп, 3:0 (40:36, 39:37, 39:37) есебімен таза жеңіске жетті. Осылайша жерлесіміз қазақ қыздарының арасынан алғаш болып, бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Ал олимпиадалық салмақ саналатын 51 келіде өнер көрсеткен Жайна Шекербекова ел сенімін ақтап, Астанадағы біріншіліктің қола жүлдесіне ие болды. Бұл салмақта әлемнің бес дүркін чемпионы үнді қызы Мэри Ком, Олимпиада чемпионы Никола Адамстар өнер көрсетті.

Осы әлем чемпионатының жаңалығы деп 54 келідегі Дина Жоламанның чемпион атануын айтуға болатын шығар. Ақмола облысының Жақсы ауданында дүниеге келген Дина Астанада өзің жан-жақты қырынан танытты. Ол алдымен неміс қызы Орнелла Вагнерді жарыс жолынан шығарды. Одан кейін аса тартысты өткен кездесуде қытайлық боксшы Лю Пяопяоны ұтты. Отандасымыз финалда Болгария боксшысы Стойка Петровадан 3:0 есебімен басым түсті. Төрт раунд бойы үздіксіз шабуылдаған қазақ боксшысы өзінің барлық мүмкіндігін толық пайдаланып, әлем үздігі атанды.

«Мен көп жағдайда өзімнің физикалық мүмкіндігіме көбірек сенім артамын. Жақын және орта қашықтықта өте агрессивті түрде жұдырықтасамын. Шын мәнінде мен осы дәрежеге еңбектің арқасында қол жеткіздім. Әйтпесе, ондай талант жоқ. Кейбір бапкерлер «ағаш», «Жоламанда техника жоқ» деп айтқан болатын. Менен боксшы шықпайды дегендер де кездесті. Сондай сөздерді естігенде қаншама рет көз жасыма ерік бердім. Бірақ мұның бәрі маған жігер берді. Бүгінгі күні әлем чемпионатындағы жеңісіммен құттықтап жатқандар көп. Ал осы биікке жету үшін қаншама күш сарқылып, жүйке жүйеме салмақ түскенін көбісі біле бермейді», – деген еді Дина Жоламан чемпионаттан кейін «Ұлан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.

Айтпақшы, Дина араға 16 жыл салып, Ақмола облысының қоржынына әлем чемпионатының алтынын салды. Соңғы рет бұл облыстан әлем чемпионатында 1999 триатлоншы Дмитрий Гааг жеңіске жеткен еді.

Кезінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған талантты боксшыларымыздың бірі Елдос Сайдалин кейінгі жылдары қолғабын шегеге іліп, машақаты көп бапкерлік жұмысты бастап кеткен еді. Сол жас шәкірті 57 келідегі Айжан Қожабекова Астанада үшінші орынға қол жеткізді.

Үшінші алтынды қоржынға 69 келіде өнер көрсететін Валентина Хальзова салды. Ол алдымен кореялық Химин Номенді жеңді. Ширек финалда өзбек қызын қапы қалдырды. Жартылай финалда Германия спортшысы Надин Апетцпен жұдырықтасты. Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы 3:0 (40:36, 40:36, 40:36) есебімен айқын жеңіске жетті. Финалда жерлесіміз Қытай боксшысы Хонг Гуды 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Шаршы алаңда төрт раунд бойы қарқынды шабуылдаған Валентина қарсыласына қарағанда жылдам болды.

Аса ауыр салмақтағы астаналық Ләззат Күнгейбаева жарысты ширек финалдан бастады. Ләззат алдымен үнді қызын Сима Пунияны оңай жеңді. Жартылай финалда ол Қытайдан келген Ванг Шижинді тізе бүктірді. Финалда америкалық Грин Шадасияны еш қиындықсыз ұтты. Тартысты өткен жекпе-жек барысында төрешілер бір ауыздан оны жеңімпаз деп таныды. Жанкүйерлердің қолдауының арқасында жігерлі қыз өзіне артылған сенімді ақтай алды.

Осылайша, Астанадағы әлем чемпионаты табысты аяқталды. Бұрымды боксшылар арасындағы бәсекеде жарыс қожайыны Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте ешкімге дес берген жоқ. Вадим Присяжнюк шәкірттері 4 алтын 2 қола медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте Қазақстаннан кейінгі екінші орынға Қытай қыздары тұрақтады.

Үндістанда екі жыл бұрын жетістікті қайталай аламыз ба?

Қыздарымыз Астанадағы жеңістің кездейсоқ емес екендігін Үндістандағы әлем чемпионатында дәлелдеулері тиіс. Жарыс осы айдың 13-25 аралығында өтеді.

Жақында осы чемпионатқа қатысатын құрама анықталды. Ел намысын Әйгерім Қасенаева (48 келі), Жайна Шекербекова (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Назым Ищанова (57 келі), Карина Ибрагимова (60 келі), Милан Сафронова (64 келі), Ақерке Бақытжан (69 келі), Аида Ондаш (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі), Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) қорғайды.

«Біз іріктеу өткіздік. Әлем чемпионатына қатысатын құраманы жасақтау кезінде олардың жыл бойғы нәтижелерін және жекелеген спаррингтегі өнерін ескердік. Мысалы, Карина Ибрагимова (60 келі) турнирлерде өзін жақсы жағынан көрсетті. Дариға Шәкімова (75 келі) өкінішке қарай, әлем чемпионатына қатыспайды. Ол жаттығу кезінде Алматыда тізесінен жарақат алып қалды. Оның салмағында Аида Ондаш бақ сынайды. Сондай-ақ 51, 57, 60 келіде Азия ойындарына барған Назым Қызайбай, Сәния Сұлтанқызы, Римма Волосенколардың орнына басқаларды апаратын болдық. Әлем чемпионатына Алматыда дайындалдық (1-21 қазан аралығында). Тауда жалпы физикалық жаттығулар жасадық. Енді 12 қарашаға дейін Астанада соңғы дайындығымызды пысықтаймыз. Сосын Үндістанға ұшып кетеміз», – дейді бас бапкер Вадим Присяжнюк Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Азия ойындарында үш қызымыз да жүлдесіз қалды. Жалпы алғанда, 2018 жылы бұрымды боксшылар сәтті бола қойған жоқ. Енді әлем чемпионатында жанкүйерлерді қуантады деп үміттенеміз. Алда Олимпиада ойындары алыс емес. Қазіргі кезде қыздар боксына ерекше көңіл бөлініп жатыр. 2020 жылы Токиода бес салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады.

«Әрине, шамамыз келгенше көп медаль алуға тырысамыз. Негізінен, қарсыластарымыз Азия елдері, Ресей және АҚШ деп айтуға болады. Басқаларды да есептен шығарып тастауға болмас. Қазір бәсекелестік өте жоғары. Чемпионатта әр боксшы соңына дейін жұдырықтасып, жеңіске жету үшін аянып қалмайтын болады», – дейді Вадим Присяжнюк Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
15 Қараша 2018, 10:17
Теңгеге 25 жыл
Пікірлер