BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Бокстан Қазақстан чемпионаты: Сенсациялар, жаңа көшбасшылар Сараптама

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің батыс өңіріндегі Ақтау қаласында бокстан 2018 жылғы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Биылғы біріншілікке еліміздегі мықты боксшылардың барлығы қатысты. Ешқайсына еркіндік берілген жоқ. Чемпионат қорытындысына сәйкес 2019 жылғы құрама қайта жасақталды.

Чемпионаттың алдындағы жаңалық

Осы чемпионаттың алдында 2012 жылы Лондон және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді.

«2018 жылмен менің бокстағы кәсіби жолым тәмәм деуге болады. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастар бар. Солар мен алмаған асуды бағындырсын. Алдағы уақытта өңірде шағын футболды дамыту бойынша жұмыстар атқарғым келеді. Екінші жағынан 15 жыл бойы үнемі оқу-жаттығу жиындары деп үй бетін көрмедік. Үнемі түзде жүрдім. Спортта жетістікке жетумен бірге денсаулық та сыр берді. Үздіксіз жаттығулар салдарынан белімде «грыжа» пайда болған. Бұл Рио Олимпиадасының кезінде қатты қинады. Соған қарамастан жаттығу жасай бердік. Үй іші 2012 жылы боксты қойсаңшы деген. Бірақ мен жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Биыл көктемде бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға барып келдім. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтының қатаң ескертті. Бапкеріммен ақылдаса келе, былғары қолғапты шегеге ілуге тура келді», – дейді боксшы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.

81 келіде 2011 жылдан бері ірі жарыстардың барлығына Әділбек Ниязымбетовтің барып жүргені белгілі. Ол екі Олимпиада ойындарына қатысты. Енді бұл салмақта жастарға орын ашылып отыр.

Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов боксшының бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген.

«Мен және барлық жанкүйер Әділбекке ренжімеуіміз қажет. Оның Қазақстан боксын дамытуға қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз. Ол әлемнің әр бұрышында ел намысын қорғады. Әлем чемпионаты мен Олимпиада финалына санаулы адамдар ғана жетеді. Сонымен қатар, Әділбек Азия ойындарының чемпионы да болды. Мұндай жетістік әркімнің қолынан келе бермейді», – дейді Айтжанов Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ақтауда алғаш рет

Жарысқа еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан жиналған 198 боксшы қатысты. АІВА бокстан Олимпиада жүлдесі сарапқа салынатын салмақ дәрежелерін азайтқаны белгілі. Бұдан былай 4 жылда бір өтетін Олимпиада ойындарында ерлер тек 8 салмақта бақ сынайды. Алайда, Ақтаудағы Қазақстан біріншілігіндегі кездесулер он салмақ бойынша өткізілді.

Чемпионатты Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов келіп ашты.

«Ердің қарымы мен рухын қоса сынға салар шешуші сәтте барлық спортшыға тек сәттік серік болып, жеңістің жалауын желбіретуді ғана тілеймін! Атаулы жарыстың Маңғыстау облысында өтуіне ықпал еткен Қазақстан бокс федерациясына алғысым шексіз! Бұл біздің өңірдің абыройын асқақтата бермек», – деді облыс әкімі ашылу салтанатында.

Маңғыстау облысы бокс федерациясының президенті Марат Ормановтың айтуынша, бұл өңірде бокстан ел чемпионаты алғаш рет өткізіліп отыр екен.

Финалға дейінгі сенсациялар

Финалға дейінгі сенсациялардың бірі ретінде 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ілияс Сүлейменовтің ұтылып қалғанын айтуға болады.

28 жастағы екі дүркін Қазақстан чемпионы ширек финалда өзінен 8 жас кіші Оразбек Асылқұловқа есе жіберді. Сөйтіп, жүлдеге іліге алмай қалды.

«Турнирді ұтып, Қазақстан құрамасына қабылданғым келеді. Сол үшін ширек финалда Ілиясқа қарсы жақсы дайындалдым. Іштей өз-өзімді қайрадым. Оның қалай жұдырықтасатынын жақсы білемін. Жекпе-жектерін көріп шықтым. Бапкерім, шаршы алаңда өзімді қалай ұстауым керектігін айтты. Тапсырманы орындап, жеңіске жеттім», – дейді Оразбек Асылқұлов жекпе-жектен кейін Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айтпақшы, Ақмола облысының жас боксшысы финалға дейін жетті. Сондай-ақ былтыр финалға шыққан 49 келідегі Шымкенттің боксшысы Шалқар Айқынбай да ширек финалда сүрінді. Ол Жамбылдан келген Ермек Мәдиевтің мықтылығын мойындады. Өткен жылы Шымкентте 52 келіде ел чемпионы атанған Олжас Байниязов астаналық боксшы Азат Махметовтен ұтылып, өз атағын қорғай алмады.

Теміртас Жүсіпов – бес дүркін чемпион

Ақтаудағы Қазақстан чемпионатында бұған дейін топ жарып жүргендердің арасында бірнешеуі тағы да өздерінің мықтылықтарын мойындатты. Ең жеңіл салмақта 30 жастағы Теміртас Жүсіпов осымен алтыншы рет ел чемпионатында финалға шықты. Спорттық карьерасында ел біріншілігінде тек бір рет Біржан Жақыповқа есе жіберген. Бұл жолы ол финалда Жамбыл облысының боксшысы Ермек Мәдиев сенімді түрде ұтты.

Сөйтіп, Теміртас Қазақстан чемпионатында ең көп жеңіске жеткен боксшы ретінде жаңа рекорд орнатты. Бұл жолы 52 келіде жаңа чемпион шықты. Ақтауда 26 жастағы Әнуар Мұзапаровтың бағы жанды. Ол финалда Сәкен Бибосыновтың (Түркістан облысы) осал тұсын тапты.

«52 келідегі Сәкен Бибосынов маған қатты ұнады. Төреші обьективті көзқарас танытпады. Жеңісті Әнуар Мұзапаровқа ұстатып жіберді. Мен қазының шешімімен келіспеймін. Бұл жағдайды федерацияның атқару комитетіндегі отырыста да айтатын боламын. Қазақстан құрамасында Бибосынов бірінші нөмірлі боксшы болу керек», – дейді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.

56 келіде Қайрат Ералиев үздік шықты. Оңтүстіктің оғланы, 2017 жылғы әлем чемпионы осымен үшінші рет Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанып отыр. Алматы облысында дүниеге келген ағайынды Төлтаевтар бүгінгі таңда Маңғыстау облысының намысын қорғап жүр. Екеуі де Қазақстан чемпионатының финалына шыққан. 60 келідегі Саматәлі тәжірибелі Зәкір Сафиуллинге есе жіберді. Дегенмен, екіншісі, яғни, Санатәлі сенсация жасады. Ол 64 келіде алғаш рет ел біріншілігінде топ жарды. Финалда ол екі дүркін Қазақстан чемпионы Бекдәулет Ибрагимовті жеңді.

Шымбергенов пен Жүсіпов кездесті

Елімізде 69 келідегі боксшылардың беделі жоғары. Төрт бірдей Олимпиада ойындарында қазақ жігіттерінің мықтылығын әлем мойындады. Сондықтан бұл салмақтың жүгі де ауыр. Қазір елімізде осы салмақта екі талантты боксшы бар. Біреуі, жастайынан талай жарыстарда топ жарып, көзге түсе бастаған қарағандылық Абылайхан Жүсіпов болса, екіншісі «Астана арландары» арқылы көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген жамбылдық Асланбек Шымбергенов.

Екеуінің өзара жекпе-жегін көпшілік бұрыннан күтіп жүр. Биыл Президент кубогының финалында да жолдары түйісу керек еді. Бірақ ол кезде Абылайхан жарақат алып, финалдан бас тартқан еді.

Ақтауда алғаш рет екеуі шаршы алаңда кездесті. Бірінші раунда Жүсіпов бір соққысы қарсыласын дөп тиіп, рефери нокдаун ретінде есепті ашты. Жалпы, тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер Абылайханның қолын көтерді. Сөйтіп, 21 жастағы боксшы екі дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2016 жылы Павлодарда үздік шыққан.

Жекпе-жектің қорытындысына Шымбергеновтің көңілі толған жоқ. Жамбыл облысы протест бергенімен, нәтиже сол күйінде қалды.

«Екеуі де жақсы боксшылар. Әлеуеттері өте жоғары. Жекпе-жекті тең дәрежеде өтті деп айтуға болады. Бірақ әр раундтың өз ерекшелігі бар. Сол ерекшелікке келетін болсақ, Абылайханның сәл-пәл басымдығы болды. Сондықтан лайықты түрде жеңіске жетті деп санаймын», – дейді бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Бұл кездесу осы финалдағы көрермендер мен мамандарға ұнаған жекпе-жектердің бірі болғаны сөзсіз. Оны Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов та Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып өтті.

«69 келідегі финал қатты ұнады. «Қазақтың салмағы» деп жүрміз. Финалда Асланбек Шымбергенов пен Абылайхан Жүсіпов кездесті. Өте тартысты кездесу. Меніңше, жекпе-жекте Жүсіпов жеңіске жетті», – дейді Ермахан Ыбырайымов.

Өзге салмақтарда Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бек Нұрмағанбет (81 келі), Василий Левит (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кеді) жеңіске жетті. Осылардың арасында Бек Нұрмағанбет ғана алғаш рет ел чемпионы атанып отыр. Қалғаны бұған дейін де бірнеше рет топ жарған.

Бір аптаға созылған жарыста Түркістан облысы жалпы командалық есепте топ жарды. Оңтүстіктен келген құрама 2 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Екінші орын жергілікті Маңғыстау облысына бұйырды (1 алтын, 3 күміс, 4 қола). Үштікте Жамбыл облысы бар (1 алтын, 2 күміс, 3 қола).

Қазақстан чемпионатының қорытындысы:

49 келі
1. Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы)
2. Ермек Мәдиев (Жамбыл облысы)
3.Жомарт Ержан (Түркістан облысы), Жандос Несіпжан (Алматы облысы).

52 келі
1. Әнуар Мұзапаров (Алматы облысы)
2. Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы)
3. Азат Махметов (Астана), Абай Қуандықов (Ақтөбе облысы).

56 келі
1. Қайрат Ералиев (Түркістан облысы)
2. Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы)
3. Жанболат Қыдырбаев (Жамбыл облысы), Нурбол Калжанов (Маңғыстау облысы).

60 келі
1.Зәкір Сафиуллин (Шымкент)
2. Саматәлі Төлтаев (Маңғыстау облысы)
3. Серік Теміржанов (Павлодарская облысы), Багдат Уайдаев (Қызылорда облысы).

64 келі
1.СанатәліТолтаев (Маңғыстау облысы)
2. Бекдаулет Ибрагимов (Түркістан облысы)
3. Сабыржан Бекбергенов (Ақмола облысы), Мирасәлі Сәрсенов (Жамбыл облысы).

69 келі
1.Абылайхан Жүсіпов (Қарағанды облысы)
2. Асланбек Шымбергенов (Жамбыл облысы)
3.Мәулен Өскенбек (Маңғыстау облысы), Қанағат Маралов (Астана).

75 келі
1.Әбілхан Аманқұл (Жамбыл облысы)
2.Ерік Әлжанов (Маңғыстау облысы)
3. Тұрсынбай Құлахмет (Қызылорда облысы), Аман Қазанғапов (Жамбыл облысы).

81 келі
1.Бек Нұрмағанбет (Түркістан облысы)
2. Михаил Коханчик (Қостанай облысы)
3.Тимур Ержанов (ШҚО), Нұрлан Сабыров (Маңғыстау облысы)

91 келі
1. Василий Левит (Астана)
2. Бекзад Нұрдәулетов (Маңғыстау облысы)
3.Алексей Севостьянов (Қарағанды облысы), Абзал Кұттыбеков (Түркістан облысы)

+91 келі
1. Қамшыбек Қоңқабаев (Қызылорда облысы)
2. Нұрлан Сапарбай (Түркістан облысы)
3.Ержан Сейтімбетов (Ақтөбе облысы), Айболды Дәуренұлы (Маңғыстау облысы).

2019 жылғы құрама жасақталды

Ақтаудың чемпионаттың қорытындысына сәйкес, бокстан 2019 жылғы штаттық команда анықталды. Келесі жылы Азия чемпионаты, лицензиялық әлем чемпионаты бар. Құрамаға жартылай финалға шыққан боксшылардың барлығы енді. Сондай-ақ болашағынан үміт күттіретін жастар да бар.

«Жаңа боксшылардан құрамға – Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов қосылды.Әрине, бірнеше салмақта көшбасшылар ауысты. Өздеріңіз білетіндей, 81 келідегі құрама капитаны Әділбек Ниязымбетов карьерасын аяқтады. Ал бірнеше салмақта бұрынғы үздіктер өздерінің мықты екендерін дәледеді. Олар:49, 56, 75, 91 келідегі боксшылар мен аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев. Бұл чемпионатта бірнеше жас боксшылар тәжірибелі қарсыластарынан қаймықпай жұдырықтасты. Ниязымбетовтің орнын лайықты түрде Бек Нұрмағанбет басады деп ойлаймын. Ол өтең еңбекқор боксшы. Халықаралық аренада өзің жақсы қырынан көрсетіп жүр. Шеберлігі өсіп келеді. Левит пен Ералиевке қатысты көп әңгіме айтылуы мүмкін. Уақыттары келгенде екеуі де кетеді. Жастар соларға қарап бой түзейді. Кезінде Ниязымбетовтерге қарап, Бек Нұрмағанбет, Бекзат Нұрдәулетов те өсіп жетілді», – дейді Мырзағали Айтжанов федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Енді, алғашқы оқу-жаттығу жиыны 6-13 желтоқсанда өтеді. Сол жиында жаңа капитан сайланады. Ал қаңтар айынан 2019 жылдың ең басты екі жарысына дайындық басталады. Алдымен Азия чемпионаты өтеді, сосын әлем чемпионаты бар. Бұл додалардың барлығы бұрынғыдай 10 салмақ бойынша өткізіледі. Тек Олимпиада ойындарында ғана салмақ саны қысқарған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер