BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Биыл «Болат Тұрлыханов кубогіне» Олимпиада чемпиондары келеді

Фото: автор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Ертең өтетін сайысқа әлемнің 11 елінен 100-ге тарта палуан қатысады және ол олимпиадалық 6 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Бұл туралы Азия күресі кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов бүгін БАҚ өкілдерімен кездесу барысында айтты.

Оның айтуынша, турнир осы жылды қорытындылайтын шаралардың бірі болмақ, өйткені сайыс пен іс-шараның көбі өтіп біткен. Азия ойындары мен Әлем чемпионаты да аяқталды, тек желтоқсан айында Конфедерация кубогі мен Қарағанды қаласында тағы бір халықаралық турнир өтпек.

«Жақында ғана 23 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионаты өтті. Оның алдында Будапешт қаласында күрестен Әлем чемпионаты аяқталды. Ертең өтетін сайыста әлемнің 11 елінен 100-ге тарта палуан қатысады және ол олимпиадалық 6 салмақ дәрежесі бойынша өтеді», - дейді ол.

Сонымен қатар еліміздің көш бастап тұрған палуандары бұл жарыстан босатылғанын, орнына қосалқы спортшылар өнер көрсететінін айтып өтті.

«Румынияның Бухарест қаласында өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатына қатысқан спортшылар бұл жарыстан босатылды. Орнына еліміздің өзге аймақтарынан келген, яғни 4, 5 есепте тұрған балуандар өнер көрсетеді. Олар да халықаралық сайыстарға қатысып, өздерін дамытулары керек. Сонымен қатар бұл кубокта олимпиадалық дәрежедегі 28 төреші қызмет ететін болады, оның ішінде 12 шетелдік төреші бар», - деді Тұрлыханов.

Жиын барысында осымен 24 рет ұйымдастырылып отырған бұл сайысқа шетелден қонақ ретінде 10-ға жуық Олимпиада чемпиондары келгелі жатқаны айтылды.

«Бұл турнир Алматы қаласында осымен екінші рет ұйымдастырылуда. Шетелдік әріптестер логистикалық инфрақұрылымы дамыған Алматы мен Астана қаласында өтсе деген өтініш білдірді, оның үстіне Семей қаласының әуежайына қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұйымдастырушы комитетпен шетелден келетін қатысушыларға да осы қала ыңғайлы болады деген үміттемін», - дейді ол.

Аталған турнир 17-18 қараша күндері өтеді. Бірінші күні бозкілемде барлық салмақтағы балуандар жарысады. Іріктеліп шыққандар келесі күні финалда кездеседі.

«Бұл турнир елімізде грек-рим күресін кеңінен дәріптеуге, сондай-ақ әлемнің өзге құрлығындағы спортшылармен тәжірибе алмасып, жақсы байланыс орнатуға бағытталған», - дейді Дәулет Тұрлыханов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер