Азия ойындарына баратын боксшылар дайындықтарын пысықтады - Спорт|10 Тамыз 2018, 19:13
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Азия ойындарына баратын боксшылар дайындықтарын пысықтады

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанадағы «Тарлан Аренада» Джакартада өтетін Азия ойындарына қатысатын бокстан ерлер құрамасы ашық жаттығу өткізді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Азия ойындарына бокстан 49 келіде Теміртас Жүсіпов, 52 келіде Азат Махметов, 56 келіде Қайрат Ерәлиев, 60 келіде Саматәлі Төлтаев, 64 келіде Бекдәулет Ибрагимов, 69 келіде Асланбек Шымбергенов және 74 келіде Әбілхан Аманқұл қатысады.

Бүгін Беларусь елінің құрамасымен бірге өткен оқу-жаттығу жиынында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттерінің дайындығына баға берді.

«Оқу-жаттығу жиынымыз 16 тамыз күні бітеді. Сол күні кешкісін Индонезияға жол тартамыз. Ешқайсысын бөліп-жармаймыз, жайдан-жай бара жатқан жоқ. Қайрат Ерәлиев Асыланбек Шынбергенов және Әбілхан Аманқұл секілді тәжірибесі мол боксшыларымыз бар. Жас боксшылар да бар. Ең мықты деген 7 боксшы Азия ойындарына қатысады. Кімнің бағы мен бабы қатар шабады, сол елге алтынмен оралады», - деді бас бапкер.

Оның айтуынша, Қазақстан құрамасына Өзбекстан боксшылары басты қарсылас болып отыр.

«Бокстан барлығы отыздан астам команда қатысады. Басты қарсылас, әрине, Өзбекстан құрамасы. Одан да бөлек Филиппин, Таиланд, Қытай, Монғолия, Иран сияқты көптеген елдер бар. Азияның боксы өте мықты дамыған», - деді ол.

Азия ойындарында 423 спортшы ел намысын қорғайды. Соның ішінде боксшы Әбілхан Аманқұлға Қазақстан туын ұстап шығу міндеті артылып отыр. Сондай-ақ ол Азия ойындарына баратын бокстан ұлттық құрама капитаны болып бекітілді.

«Жыл басынан бері Азия ойындарына дайындық жүргізіп келе жатырмыз. Оқу-жаттығу жиындарынан өттік. Небір жарыстардан өтіп, іріктелдік. Бапкерлер жақсы дайындап жатыр. Дайындығымыз өте жақсы, керемет. Жақсы көңіл-күймен бара жатырмыз. Азия ойындарына ешкім осал дайындалып келмейді. Қазақстан спортының деңгейі де өте жоғары, сондықтан барлық спортшылардан жоғары деңгейдегі нәтиже күтеміз. Өзіміз қазақ елінің туын көтеріп қайтамыз деген ойдамыз», - деді боксшы.

Аманқұл ту ұстап шығуға әлі дайындалмағанын атап өтті.

«Әлі дайыдалмадық. Бүкіл спортшылардың алдында, бүкіл елдің алдында туды көтеріп шығу – өте үлкен жауапкершілік, абырой. Сол жауапкершілікті ақтап келу керек. Қазақи бала болып, ауылда өскен соң бұл міндетті маған тапсырған шығар деген ойдамын», - деді ол.

7 бокшының арасында Қайрат Ерәлиевтің тәжірибесі өте мол. Себебі ол 2014 жылы Инчхонда өткен соңғы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болған еді. Сондай-ақ ол 2017 жылы бокстан Әлем чемпионы атанған болатын.

Қайрат Ерәлиев 56 келі салмақ дәрежесінде.

«Дайындығымыз өте жақсы. Әр төрт жыл сайын болатын Азия ойындарында бар күш-жігерімізді салып, еліміздің намысын қорғап, көк туын желбіретсек деген мақсат бар. Жеңісті қолдан бермейміз деген үміттеміз. Бәріміз елі үшін бара жатқан соң әр боксшының алға қойған мақсаты болады. Олар жақсы нәтиже көрсетуі үшін барлық күш-жігерін салады деген ойдамын. Бір-бірімізге көмектесіп, қолдау беріп ақыл-кеңесімізді айтамыз. Қолдан келетіні сол ғана. Оларды тек қана жігерлендіреміз. Джакартаға Азия ойындарының чемпоны атану үшін ниеттеніп бара жатырмыз. Барлық қарсыласты мықты қарсылас деп есептеу керек», - деді Ерәлиев.

Видео: Нұрас Жақсыбай

Айта кетсек, команда 16 шілде күні Астанадан Джакартаға ұшады. Азия ойындарының рингіне боксшылар 24 тамыздан бастап шығады. Ал финалдық жекпе жектер 1 қыркүйек күні өтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер