Азия ойындары: 24 жылдан бері балуандарға алтын жүлде бұйырмай келеді - Спорт|10 Тамыз 2018, 17:23
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 414.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.44
Астана:

Азия ойындары: 24 жылдан бері балуандарға алтын жүлде бұйырмай келеді

Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтетін жазғы Азия ойындарының қарсаңында әрбір спорт түрлеріне жеке-жеке тоқталуды жөн көрген едік. Осының алдында 1994 жылдан бергі қазақ боксшыларының жүріп өткен жолын ұсынған болатынбыз. Бұл жолы кезек еркін күреске келіп отыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

1994 жыл (Хиросима)

Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері алты рет қатысқан екен. Осы жылдардың ішінде еркін күрес шеберлері арасында тек Мәулен Мамыров ғана тұғырдың ең биік сатысына көтерілген. Ол 1994 жылы Жапонияның Хиросима қаласында 52 келіде чемпион атанды.

«Біз Тәуелсіз ел ретінде алғаш рет 1994 жылы Азия ойындарына қатыстық. Мен осы жарыста еркін күрес балуандары арасында жалғыз өзім ел қоржынына алтын жүлде сыйладым. Сондықтан осы жарыс әлі күнге есімнен кетпейді. Азия ойындарында алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді Мәулен Мамыров dynamo.kz сайтына берген сұхбатында.

Хиросимада еркін күрестен 130 келідегі Игорь Климов пен 82 келіде белдескен Елмәди Жәбірейілов финалға шыққанымен, қарсыластарына есе жіберіп күмісті қанағат тұтты. Сондай-ақ бір қола медаль бар. Оны 90 келідегі Ислам Байрамуков иеленді.

1998 жыл (Бангкок)

Еркін күрес балуандары ең сәтсіз Азия ойындарының бірі болды. Бірде-біреуі финалға шықпады. Таиланд астанасынан әйтеуір бос кетпей, үшеуі қола жүлдеге қол жеткізді: Олар: Мәулен Мамыров – 54 келі, Руслан Велиев – 76 келі және Магомед Куруглиев – 85 келі.

2002 жыл (Пусан)

Төрт жыл бұрын үшінші орынды қанағат тұтқан Магомед Куруглиев осы жолы финалға дейін жетті. 84 келіде ол күміс медаль еншіледі. Басқа ешқайсысы жүлдеге ілікпеді. Бір балуанымыз финалда өнер көрсетті демесек, Пусандағы еркін күрес балуандарының медаль саны Бангоктан да төмен болды.

2006 жыл (Доха)

2006 жылы Катар астанасы Дохадағы жазғы Азия ойындарына мына балуандар барды: Еркебала Тұрғынбаев (55 кг), Бауыржан Оразғалиев (60 кг), Леонид Спиридонов (66 кг), Абдулхаким Шапиев (74 кг), Магомед Куруглиев (84 кг), Таймураз Тигиев (96 кг) және Марид Муталимов (120 кг).

Осы жетеуінің бірде-біреуі финалға жете алмады. Басқа елден аттай қалап әкелген балуандарымыз Леонид Спиридонов пен Марид Муталимов бірден мықты қарсыластарға тап болып, жеребеден жолы болмады. Әйтеуір Абдулхаким Шапиев,Теймураз Тигиев, Магомед Куруглиев үшеуі қола жүлдеге ие болды. Соңғысы, қатарынан үш жазғы Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан түскен емес.

2010 жыл (Гуанчжоу)

Осыдан 8 жыл бұрын Азияның жазғы Олимпиадасы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтті. Еркін күрес балуандары грек-рим шеберлерінен тағы да қалып қойды. Өйткені, бұл жолы да бірде біреуі финалға жете алмады. Еркін күрес құрамасын Қытайға Нұрғали Рахманқұлов бастап барған болатын.

Дохадағы жетістігімізді қайталап, үш қолаға ие болдық. 60 келіде күрескен Дәурен Жұмағазиев жартылай финалда жапон палуанынан ұтылып қалды. Қола медаль үшiн болған белдесуде отандасымыз солтүстiк­кореялық палуаннан айласын асырып, еркiн күрес шеберлерiнiң қоржынына алғашқы қола медальдi салды. Одан кейін Дәуреннің жетістігін 66 келідегі Леонид Спиридонов пен 84 келідегі Ермек Байдуашев қайталады. Осыдан 2 жыл бұрын дәл осы елде өткен Олимпиада ойындарында күміс медаль еншілеген Таймураз Тигиев Азияның алтынынан басты үмiткер саналған. Алайда ол Иран палуаннан жеңiлiп, жүлдесiз қайтты. Сол секілді 120 келi салмақта белдескен Нұржан Қатаев та қола жүлде үшін таласта тағы бір ирандыққа есе жіберді.

2014 жыл (Инчхон)

Еркін күрес балуандары үшін Хиросимадан кейінгі ең нәтижелі Азия ойындары осы Инчхон шығар. Өйткені, чемпион шықпаса да күрестің дәл осы түрін серік еткен балуандарымыз 3 күміс, бір қола еншіледі.

2014 жылы күрес түрлерінен Ташкентте өткен әлем чемпионаты мен Инчхондағы Азия ойындары бір уақытқа келіп қалды. Сондықтан кейбір балуандарымызға тек бір жарысқа қатысуға тура келді. Өзбекстан жерінен бір медаль бұйырмаған соң күрес жанкүйерлерінің көңілі пәстеу еді. Сол себепті бапкерлер мен спортшылар Азия ойындарынан олжалы ораламыз деп сендірді.

Сол жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен Азия чемпионатында тамаша өнер көрсетіп, чемпион атанған 23 жастағы Расул Қалиевтен жанкүйерлер үлкен үміт күткен. Тіпті, Дәулет Тұрлыхановтың өзі ақпарат құралдарының біріне Олимпиада ойындарында Қазақстанның атын шығаруға дайын тұрған бала деп сұхбат берген.

Шығыстың шымыр жігіті алдымен жеребе бойынша Сауд Арабиясынан келген Фахад әли Газваниді 4:0 есебімен жеңді. Одан соң Тәжікстан өкілі Николай Ноевті айналып өтті (7:2). Жартылай финалда жарыс қожайыны Джунсик Юнмен кездесті. Кореялық спортшы Расулға дейін әлем чемпионатының қола жүлдегері ирандық Хассан Рахимиден басым түсті. Бұл белдесуде де жерлесіміз сенімді ақтап, Юнді 9:2 есебімен қапы қалдырды. Ал финалда Солтүстік Кореядан келген Хакджин Ёнмен жолықты. Мұның алдында екеуі бір рет жолығып, Еннің жолы болған. Бұл жолы да қарсыласының бағы жанды. Қайта-қайта сол аяғын беріп қоя берген Расул Қалиев 57 келіде күмісті қанағат тұтты.

«Азия ойындарында кемі финалға шығу керек деп мақсат қойғанмын. Оның үстіне, менің алдымда Елдос Сметов дзюдодан қазақ жастары арасында алғаш рет Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл жетістік маған да қанат бітірді. Сол секілді еркін күрестен Мәулен Мамыров ағамнан кейінгі екінші чемпион болсам ғой деп ойладым. Алтын алсам деп едім, оған болмады. Өкінішке қарай, финалда қарсыласыма есе жібердім. Негізі Солтүстік Корея балуанының қандай әдіс жасайтынын бәрін жақсы білемін. Бірақ соған қарамастан екінші рет оған мүмкіндік беріп қойдым», - деген болатын Расул Қалиев.

Ал қалған екі күміс медаль 86 келідегі жас балуан Есболат Нұржымбаев пен аса ауыр салмақтағы Дәулет Шабанбайға бұйырды. Бұрын еш жерде айтарлықтай жарқырап көрінбеген 21 жастағы спортшының жұлдызы осы Инчхонда жанған болатын. Ол әуелі 2008 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2011 жылғы Азия чемпионы атанған Өзбекстандық Умидьон Исмановты жеңді. Ширек финалда Пәкістанның намысын қорғаған Мұхаммад Инамомнан айласын асырып кетті. Одан соң тәжік Баходур Кадировтің осал тұсын тапты. Ал финалда Иранның мықты балуандарының бірі Мейсам Мостафаджукардан ұтылып, күміс жүлдеге ие болды.

Аса ауыр салмақтағы Дәулет Шабанбай басында Сирия үміт артқан Раджи Аль Крадты айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда жапониялық Нобуёси Аракидте Дәулеттің мықтылығын мойындады. Финалда жерлесіміз ирандық Парвиз Хади Басманжға есе жіберді.

Қола жүлдеге 97 келідегі Мамед Ибрагимов қол жеткізді. Мамед бастапқы белдесулерінде қарсылас шыдатпай келген болатын. Бірақ жартылай финалда Қырғызстанның атынан қатысқан Магомед Мусаевқа есе жіберді. Ал қола жүлде үшін тартыста Үндістаннан келген Сатьварт Кадьянды тізе бүктіріп, үштікке енді.

2018 жыл (Джакарта)

Биылғы Индонезияда өтетін Азия ойындарына еркін күрестен құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев мына балуандарға сенім артатынын айтты: Жандос Исмаилов (57 кг), Саятбек Оқасов (56 кг), Данияр Қайсанов (74 кг), Әділет Дауламбаев (86 кг), Бақдәулет Әлментай (97 кг) және Олег Болтин (125 кг).

Бапкер Джакартадан үш медаль жеңіп алуды көздеп отырғанын отандық ақпарат құралдарының берген сұхбатында айтыпты.

«Бізде үнемі бір мақсат. Яғни барынша жақсы өнер көрсету. Бірақ осынша алтын, осынша күміс пен қола медаль әкелу керек деген қатаң талап жоқ. Алдын-ала жоспар бойынша үш медальға ие болу. Егер осы мақсатымызға жетіп жатсақ, бұл жақсы деп ойлаймын. Мысалы, 2014 жылы Инчхонда 8 салмақ бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Расул Қалиев (57 келі), Есболат Нұржымбаев (86 келі), Дәулет Шабанбай (125 келі) күміс медаль еншілесе, Мамед Ибрагимов (97 келі) қолаға қол жеткізген болатын. Енді, Инонезияда бір алтынға ие боламыз деп ойлаймын. Қазақстанның жалпы тарихында әзірге 1994 жылғы Мәулен Мамыровтың алтынынан басқа ешкім Азия ойындарын ұтқан емес. Сол олқылықтың орнын Джакартада толтырамыз деп ойлаймын», - дейді Әсет Серікбаев «Литер» басылымына берген сұхбатында.

Құрметті оқырман, Сіз биылғы Жазғы Азия ойындарында балуандарымыздан қанша жүлде күтесіз?

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер