BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Astana Marathon: 5 мыңға жуық марафоншы елорда көшелерімен жүгіріп өтті

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада жыл сайынғы «AstanaMarathon-2018» халықаралық марафоны өтті. Baq.kz тілшісі 21 мемлекет өкілінің, 5 мыңға жуық желаяқтың басын қосқан спорттық шараның қалай ұйымдастырылғанын көріп қайтқан еді.

«Биылғы AstanaMarathon-ға 21 мемлекеттің өкілі қатысты. Атап өтсек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Беларусь, Грузия, Оңтүстік Корея, БАӘ, АҚШ, Жапония, Малайзия, Аустралия елдері. Сондай-ақ, Еуропаның 10 шақты елі мен Африка елдерінен келген марафоншылар да бар. Барлығы 5 мыңға жуық адам екі дистанция: 10 км және 42 км қашықтықты жүгіріп өтті. Жарысқа 16 мен 70 жастан асқан азаматтар қатысты. 42 шақырымдық марафонға қатысу үшін 8 мың теңге, 10 км қашықтықтағы жарысқа қатысу үшін 4 мың теңге төлеу керек болды. Бұл ақшаға қатысушыға арнайы жиынтық берілді. Онда форма, яғни, футболка мен чиптер орнатылған номерлер бар. Чиптер старт пен мәре уақытын есептеуге арналған», - деді AstanaMarathon баспасөз хатшысы Сәуле Төлепбергенова.

Оның айтуынша, 2009 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан AstanaMarathon-да жиналған қаражат қайырымдылық шараларына жұмсалады. Осы уақыттан бері ұйымдастырушылар марафоннан 36 миллион теңгеден астам қаржы жинаған екен.

«Былтыр жаңа туған сәбилерге арналған медициналық аппарат алынған болатын. Ал қазір нақты қайда бағытталатынын айта алмаймын. Биыл да жиналған қаржы игі істерге жұмсалмақ. Яғни, бұл ақша қайырымдылық қорына жіберіледі, ал қор қаражатты керек-жарағына жұмсайды. Әрине, бұл ақшаның тиісті жерге жұмсалуын журналистер бақылауда ұстауы керек», - деді Сәуле Төлепбергенова.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, марафон жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар пен ақшалай сыйақы табысталды. Мәселен, жеңімпаздар алатын қаржылай сыйақы көлемі 20 мың теңгеден 905 мың теңге аралығында құбылды.

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Біз - спортшымыз. Павлодар қаласынан осы марафонға арнайы командамен келіп, қатысудың сәті түсті. 10 шақырымға да, 42 шақырымға да жүгірдік. Спортшы болғандықтан біз күнделікті дайындаламыз. Күніне 10-15 км жүгіріп отырамыз. Негізі, біз осындай жарыстарға жылда қатысамыз. Өткен жылы да, биыл жазда Астанада өткен марафонға да қатыстық. Кейде командамыз орын алады. Мен осы жолы 10 шақырымдық марафонға онша қатты дайын болмадым. Жарысқа адам көп қатысады. Олар бір жағынан қаланың ішін, әдемі жерлерін көріп шығатыны жақсы», - деді көпсайысшы Рысбек Алдаров.

Ал, марафонға алғаш рет қатысып отырған елордалық Иван Белоусов бұндай сайыста жаңа қатысушыларға жеңіске үміттеніп керек емес дейді. Өйткені, мыңдаған адамның арасында жеңіске жету үшін кәсіби спортшылардай дайындалу керек.

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Бұндай жарыста бастысы жеңіс емес, қатысудың өзі үлкен жетістік. Жексенбі болғанына қарамастан бұндай шараға келгендердің барлығы – жеңімпаздар. Себебі, олар өздерін жеңді», - дейді Иван Белоусов.

Осындай ауқымды шараның қаланың тыныс-тіршілігіне қалай әсер еткенін де көріп қайтуды жөн көрдік. Себебі, бүгін AstanaMarathon-ның ұйымдастырылуына байланысты қаланың бірқатар көшесі жабылған болатын. Нақтыласақ, сағат 7:00-ден 13:00-ге дейін марафонға қатысушылардың жүгіру бағыты бойынша транспорт құралдарының қозғалысы шектелді. 11 автобус бағытындағы қоғамдық көліктің де қозғалысы уақытша тоқтатылды.

10 км қашықтықтағы жарыс қаланың сол жағалауында ғана өтсе, 42 шақырымдық марафон оң жағалауды да қамтыды. Astana Marathon маршруты қаланың барлық негізгі көрікті жерлерін көрсететіндей етіп құрылды. Жарыс жолы Бейбітшілік және келісім сарайы, Әзірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек монументі, Назарбаев университеті, Астана – Арена стадионының бойынан өтті. Жолдар жарыстың соңғы қатысушысы жүгіріп өткеннен кейін ашылып отырды.

Елорда тұрғыны Александр Алексеев қалада өтетін марафондарды ұнатпайтынын айтты.

«Себебі, жолдардың барлығы жабылып, жұмысыңды бітіре алмай қаласың. Мен көшелер жабық болатынын естігендіктен, бүгін қаланың көп жерлеріне әдейі бармадым. Жеке көлігіммен бір пунктке ғана бардым. Дегенмен, қоғамдық көлікпен жүретін таныстарым бүгін таңертең автобус маршруттары өзгеріп, біраз жерді шарлағандарын айтып ренжіді. Әрине, бұл ыңғайсыз, көп уақытыңды алып қояды», - дейді ол.

Көлік тізгіндеген астаналық Мәди Жұмәділов те марафондарды көп ұната бермейтінін жеткізді. Оның айтуынша, осындай үлкен жарыстарды қала сыртындағы тас жолдарда ұйымдастырған дұрыс. Сонда ешкімге кедергі келмейді.

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Бірақ, мен бүгін марафонға қатысуға келген адамдардың көптігін байқап қалып, қызықтым. Мен де жолдағы қолайсыздыққа қарамастан осындай үлкен шараға қатысқым келіп кетті. Бір жағынан бұндай шаралардың қаламызда өтіп тұрғаны да жақсы шығар», - деп бөлісті Мәди Жұмәділов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер